- Бекболат аға, «Мир» телеарнасында берген сұхбатыңызда осы төңіректе ой айттыңыз. Елге, жерге, руға бөлінген психологияны қатты сынға алғаныңыз көкейіміздегіні тап басқандай болды…
- Бірер жыл бұрын өрімдей қазақтың жас жігіттері мен қыздары қатысқан КТК (КВН) болды. Нысанасы – Шымкент. Біріншісі бір, екіншісі екі, үшіншісі үш шығып, «шымкентскийлер», «уа шешең» деп жалғастырды. Қалжыңдары анайы, сондай саяз. Басында мән бере қоймадым. Кейін байқасам, бұл кездейсоқ дүние емес екен. Жүйелі түрде елді, қазақты ірітуге бағытталған баяғы отарлық саясаттың сейілмеген салқыны ма деп қалдым. 1986 жылдары «Правда» газетіне «Паутина» («Шырмауық») деген мақала шыққан, артынша Есілбаев дейтін сатқын-мұндар бірдеңелер жазды. Сол кезде Мәскеудің пәрменімен күнгейге теріскейдің, батысқа шығыстың қазағын айдап салған сұмдық жауыз, бөлшектеу саясаты қарқындаған болатын. Жерге, елге, руға бөлу арқылы үстемдігін асырғысы келген зымиян саясаттың арандатуына түсіп қалған кемақыл қандастың бойындағы жексұрын писихологияның жастарға сіңуінен қатты қоқушы едім. Соны КТК-де байқап қалып қатты тарықтым. Сосын «Әй,жігіттер! Не болды сендерге? Атаңның құны қалмақта, қала береді қоқандықта, одан қалса орыста қалып еді ғой. «Шымкент, Шымкент деп не болды?» деп ренішімді білдірдім. Шакерім «1723 жылы қазақтың Қаратауда болғаны анық» деген. Сол Қаратаудың ең бел ортасы Шымкенттің Созағында. «Елім-айдағы» қазақтың көші сол Қаратауда тербелген, бүкіл қастерлің жерленген Түркістан Шымкентте. Бүкіл жәдігерің, қожа-молдаң табан тіреген жер – сол Шымкент. Отырардың сонда, тұрарың сонда, жатарыңда сонда. Мекке мен Мәдинені сүймегеннің Мұхаммедті (с.ғ.с) сүйдім дегені өтірік демекші, Шәуілдерді құрметтемей, Шәмшіні сүйдім дегеніңе сенбеймін, қазақты ұнатпаған, Созақты ұнатпайды. Созақ ұнамаса, Сүгір мен Төлегенді қадірлегенің өтірік. Бекзат пен Мұхтарханның қазаққа сыйлаған медалі жақсы да, туған жері жаман болып па?
Тіл-дегенде жүрегі тілім-тілім болған Мұхтардай арыс Арыстан еді. Арысты сүймегенің намысты сүймегенің. Шымкентті келемеждеймін деп бүкіл қазақтың тарихын күстаналап жатқандарыңды білесіңдер ме? Шымкентті өз жерім демесе, батырлардың батыры Қажымұқан атамыз туған топырағы Ақмолаға қайтпай, Бөгенде мәңгілікке бөгелер ме еді? Ұлт үшін мәнсабын құрбандыққа шалған Жұмабек Ташенов сынды ағамыз туған жері Ақмолаға оралмай, Шымкент жаман болса, мәңгілікке сонда қалар ма еді?
Әселхан ақынның:
«Қазақтың Шымкентте бестен бірі,
Шығарма ешқашанда естен мұны.
Әрқашан бізге қарап өлшенеді,
Қазақтың қаншалықты өскендігі»-дегені бар болатын. «Шымкентщина, қазақбайство» деген ұғымның астарында өз ұлтыңа деген жиркеніш сезімін тудыратын психологияны қалыптастыру үрдісі жатыр. «Әкем жарықтық баукеспе ұры еді, анам байқұс сыпсықай ұятсыз еді»-деген шындығың үшін сен ешкімге құрметті болмайсың. Өйткені ұрыдан қары, ұятсыздан арсыз туады. Түсінген жанға ақымақтық, өзін-өзі масқаралау деген осы! Бұл-«жаманды жаман десе бөркі қазандай болады» деген тексіздік. Тақырыпқа зәру боп дым таппай жатсаң, ана жемқор шенеунікті мазақта. Мықты болсың түйені түгімен жұтқан жебірді, өз үйін өзі емес өзбекке салдырған олақты, қырғызға малын бақтырған салақты мазақта. Өз мемлекетіңдегі тығыз жерден кең жерге, күнкөріс қамымен келген қандасыңды сонша масқаралап не көрдің? Астананы ағылшыннан, Оралды орыстан, Ақтөбені қытайлардан қызғанбай, Қаратау мен Қазығұрттан келген қандасыңнан Астана мен Алматыны қызғанып, ащы мазақ, улы әжуамен қайта-қайта тап беретін неткен тексіздік бұл ,ә?! Айтшы, қарындасым, енді өзің, құдайшылығын айтшы?!