Розадай әншіміз көп пе еді?

Розадай әншіміз көп пе еді?
жеке
блог

Бір байқағаным, соңғы кезде қазаққа ештеме де ұнамайтын болыпты. Оның тағы бір себебі жақында ғана қазнетті «жарған» ән – «Беш» болып отыр. Халық әртісі Роза Рымбаева, Нұрлан Абдуллин, Big Som, Гурген Басенцян, Әли Оқапов, Александр Шумский, Давид Орбелиани, Ольга Кузнецова, Ерлан Мейірбеков сияқты әнші-орындаушылар түскен бұл видеоклип алғашқы кезде фейсбукте, кейін сыңаржақ пікірді айтатын, журналист бола тұра өз пікірін ақпаратқа қосып жіберетін басылымдарда үлкен шу болды. «Ұлттық тағамымызды келемеждеді», «Розаны еш мойындамаймын», «Роза Рымбаева тек баласы Әлиді қолдау үшін осы қадамға барып отыр» деген сарындағы айыптауларға барды біздікілер.

Осы бір клиптің дауға айналғанын білген авторлар: Роза Рымбаева мен Нұрлан Абдуллин халыққа мәлімдеме де жасады бүгін. Роза Қуанышқызы «Мұнда тұрған еш өрескелдік жоқ. Керісінше, режиссерлер ұлттық тағамды насихаттайтын клипке түсуге шақырған соң келістім» десе, Нұрлан ағамыз да «Бәрі насихат қой, ұлттық тағамды насихаттау керек. Қай түрін насихаттайсың – ол өз еркің, бұл жастарға өтке керек зат» деген пікір айтыпты. Сұрады – айтты. Сөйтсе тағы бір телеарна бұл туралы Саят Медеуовтен (!) пікір сұрайды ғой. Тіпті клип түсірмейтін Саят Медеуовтен неге пікір сұраған? Саят ағамыз да сонда «Мұндай үлкен кісілердің мұндай клип түсіретін реті жоқ қой» деп бірақ кесіпті. Әркім өзін ойласа қайтыпты деген ой ғой мендегі...

Сонымен әрмен қарай... басқа-басқа емес, қазақ журналистері ақпаратқа өздерінің ойын, пікірін қосып Розадай әншімізді халыққа жаманатты қылып көрсетуіне не жол болсын? «...Роза ханымның алабөтен қылықтары...», «Қазақтың етін кезінде отарлаушылар беш деп айтқанын қазір көп ел білмейді де» деген сияқты сөздерді қалай түсінеміз?

Бірінші сөзде журналистің сыңаржақ ойлап тұрғаны бесенеден белгілі, құдай-ау, түкті де түсінбей, білмей отырған көрерменге ақпаратты бермей жатып, өз пікірін айту үшін қандай деңгейдегі журналист болу керек?!

 

Ал екінші сөзді де қарап көрелік. «Қазақтың етін кезінде отарлаушылар беш деп айтқанын қазір көп ел білмейді де». Мұны кім, қашан айтқан? Байыбына баратын болсақ бұл әсілі ұлтаралық қақтығысты қоздыру емей не? Бір түсінбейтінім, журналистер көшедегі таксистің әңгімесін эфирде неге айтады? Парасат-пайым бар ма өзі бізде? Әлде «Әлияны» жырлап, кезінде кеңесті таңырқатқан Розадай әншіміз көп пе еді? Түсінбейтінім осы!