Роршах күнделігінен

Осы күндері ұтымды сөз бен әдемі өрілген сөз тіркестерге көп мән беретін болып жүрмін. Өзім ондай дарыныммен мақтана алмайтын болғасын ба, әйтеуір мен үшін бәрі де қызық. Бірақ қызығырағы Роршахтың күнделігі болды. Күнделігінен бұрын атын әрең айтатын кейіпкеріміз туралы мәлімет берейін.

Роршах – ойдан шығарылған кейіпкер. Шын аты Уолтер Ковач. Америка жұртшылығының комикстер мен фильмдерге сенетіні, тіпті табынатыны соншалықты сценаристің жазған дүниесін бүге-шегесіне дейін жаттап, оны қиялында өрбітеді. Сол қиялдың арқасында Роршах есімі бізге жетіп отыр. Ал әйтпесе бұл жәй ғана кейіпкер, 1940 жылы туған (президентімізбен түйдей құрдас). Әкесі айтылмайды. Шешесі жезөкше. Шешесінің «кәсібімен айналысып» жатқанын талай мәрте көрген оның бала кезінен-ақ психикалық ауытқушылықтары болады. Уолтер балалармен ойнап жүріп біреуін абайсызда соқыр етеді. Содан балалар колониясына түсіп, ол жақтан 1956 жылы шығады. Дін мен әдебиетке, гимнастика мен боксқа әуес бала киім сататын дүкенге сатушы боп қызметке тұрады. Сосын сол жақтан алған матадан бетіне маска киеді. Оны Доктор Манхэттен қысымға шыдайтын және жылуды сақтап тұратындай етіп жасайды.

Әділдік үшін күрес жолына түсуге Грис есімді жауыздың кішкентай қызды ұрып-соғып, өлтіргені себеп болады. Залымды өлтіріп тынған Роршах нағыз суперқаһарманға айналады. Оның әрбір қиын сәтте қалай дұрыс шешім қабылдап, оны күнделігіне соншалықты керемет талқылап жазуы оқырманға әсер етпей қоймайды. Ол туралы «Хранители» фильмін бұрын көрмеген екенмін. Постері мен басқа да бір жарнамаларын көзім шалып қалғанда америкалық әдеткі комикстер деп ойлайтынмын да қоятынмын.

 

Ескерту: біздің айтып отырған кейіпкеріміз немістің Герман Роршах есімді психологына қатысы жоқ емес. Мұнда Роршах маскасындағы таңба «Роршах таңбасынан» алынғаны мәлім.

Тағы бір байланысы – «Роршах» деген есімдерінде.

Сонымен, енді Роршах күнделігіне кезек берейік:

Роршах күнделігі. 12 қазан. 1985.

Бұл қала менен қорқады. Мен оның шынайы бейнесін көргенмін: көше бойындағы арықтар, сол арықтарда қан ағып барады. Қанға толған кезінде бұл қала түгелдей батады. Лас нәпсі мен өлім олардың беліне жеткенде барлық жезөкшелер мен саясатшылдар өздерінің батып бара жатқанын аңғарады да: «Құтқаршы бізді!» деп айғайлайды. Ал мен сыбырмен ғана «ЖОҚ!» дейтін боламын.

***

Қылмыскерлерді құрықтайды, ал құтырған итті өлтіреді.

***

Абсолютті бостандық – хаостан жақсы деп кім айтты?

***

Өзіңе дұшпан іздесең өзгеріс жасап көр.

***

Кейбір құстар торда өмір сүруі үшін жаралған жоқ. Олардың қауырсыны тым жарқын. Олар ұшып кеткен кезде оларды қамауда ұстамағаның үшін қуанасың. Десе де, ұшып кеткен кезде сенің үйің жалғызсырап қалады. Мүмкін, мен досымды сағынған шығармын.

Таңғаламын. Адам өзінің жетер белесіне жете алатынына сенсе, қаншалықты жетістікке жетер еді!

***

Жеңілгің келген кезде мұның бәрін не үшін бастағаныңды есіңе ал.

***

Адамдар жетеріне жетпей сағы сынған кезде өздерінің мәреге соншалықты жақын қалғандығын сезбейді де.

***

Шешім қабылдауда әрекет ету ең дұрыс шешім. Ал әрекетсіздік – ең нашар таңдау.

***

Еш келісімге келмеймін. Тіпті Армагеддонға қарсы келсем де!

***

Тірі қалам ба, әлде өлем бе... өмір мұнымен тоқтамайды, осы күнделік сіздердің қолдарыңызға тиер деп ойлаймын. Мен өз өмірімді еш келісімге келусіз-ақ өткіздім. Және сол үшін өкініп, қайғырмаймын да!

***

Өмірді мына кепке түсірген біз, құдай емес.

Мен өмірдің шынайы, табиғи түрін жақсы көремін. Ол әрқашан қозғалыста. Оның әсем жарасымдылығы мен сұмдық қарама-қайшылықтарын жақсы көремін!

***

Әр адам өзін қаншалықты бағаласа, соншалықты құны болады.

***

Бірақ біздің пікірімізден артық бізді алдайтын нәсте болмайды.

***

Өмір туралы қалай ойласақ, біздің өміріміз сондай.

***

Табытта ғана жол табылмайды... Бірақ мұнда да әйтеуір бір жолы табылып қалуы кәдік.

Мен бір анегдот естідім. Ер кісі дәрігерге келеді де, депрессияға ұшырағанын айтады, өмірдің әділетсіз, зұлым екенін айтады. Бұл қауіпті өмірде өзін жалғыз сезінетінін айтады. Дәрігер оған оңай жол ұсынады – "Ұлы сайқымазақ Пальячи бүгін қалада, соған барыңыз, көңіліңізді көтерсе сол көтереді". Сонда ер кісі өкси жылай жөнеледі. «Бірақ, дәрігер, - дейді ол, - мен сол Пальячидің өзімін ғой». Керемет әзіл. Бәріміз күлеміз. Барабанның даңғыры. Шымылдық...

***

Мен сіздерге сәттіліктің формуласын бере алмаймын, бірақ сәтсіздіктің формуласын берейін – бәріне бірдей ұнауға тырысыңыз.

***

Қайда қарап тұрсаң да әйтеуір біреуге артыңмен қарап тұрасың. Сол үшін қайда бұрылсаң да көңілі толмайтындар табылады.

***

Бір кездері мен адамдарға өкіпеледім. Адамдар табиғатынан жыртқыш қой. Онысын қанша жасырғысы келсе де, ненің не екенін мен білемін ғой.

***

Бүгін ғана мына өмірімнің еш мәні жоғын білдім. Бұл қатігез өмір менің жақсы көргенімнің бәрін де жансыздандырып тастады. Бірақ мен өзгелердің өлмеуі үшін өмір сүремін.

***

Ойлар келеді, кетеді... ал біз қаламыз.



Бөлісу: