Роналдудың трансфері жайында бірер сөз.

Сәлем, массагет! Футболдан Әлем Чемпионатының қызып тұрған шағында Криштиану Роналду турнирден шығып қалған жағдайдың өзінде де жұрттың аузында жүрді. Оның себебі португалдық футбол маэстросы өзінің тоғыз жыл өнер көрсеткен клубы "Реал Мадрид" сапынан "Ювентус" сапына ауысты. Осы трансфер жайында, ойыншы мен қос клубтың болашағы жайында сөз қозғасақ.
Ең алдымен Франция ұлттық құрамасын Мундиальдағы жеңісімен құттықтаймын! Бұл тарихтың жаңа беттері деп сенеміз!


Криштиану Роналду соңғы екі жылда "Алтын доп" иегері атанды, УЕФА Чемпиондар Лигасының соңғы үш маусымының бас қаһарманы болды. Мұндай ірі жеңістер көптеген спортшылардың арманы. Ал Роналду болса "Ювентус" сапына ауысу себебінің бірі осы армандарға қол жеткізуінде деп түсіндіреді. Ол бұрын Англия Премьер Лигасында және Ла Лигада ойнады. Екі байрақты бәйгеде де адам сенгісіз жетістіктерге жетіп, талай жанның аузын аштырды. Енді ол жасы отыз үшке келгенде өз өзін сынағысы келгендей болғаны анық. Италия алаңдары ол үшін таңсық болғанымен, өз мансабында ол бірнеше итальяндық клубтарға қарсы өнер көрсетіп, керемет голдар соғып та жүр. 


Анығы Роналду "Ювентуске" ауысу арқылы ақшаны қалаған жоқ. Егер олай болса ол "ПСЖ"-ға кетер еді. Ондағы шейхтер португалдық ойыншыға қаласа жылына €50 млн. беруге дайын отырған еді. Ол өзі өнер көрсетіп көрмеген Италия мен Германияда доп тепкісі келді. Демек, Роналдуда екі нұсқа болған: "Ювентус", "Бавария". Ол өзі біріншісін таңдады. Біріншіден, Италияның А Сериясында клубтардың амбициясы зор, онда интрига бар, ал Германияда "Бавария" үлкен басымдылықпен алда. Мұндай футбол оған керек емес. Ал екіншіден Италия бұл - сәннің отаны. Мұнда Роналду өзінің модельдік табысын екі-үш есеге арттыру мүмкіншілігі бар. Және үшіншіден Роналду өзінің айналасында хайп болғанын ұнатады. Ал Италияда футбол бұл спорт ретінде емес, нағыз бір өмірдің бір саласы болып табылады. Ондағы жанкүйерлер Испания мен Германияға қарағанда қызуқанды әрі ойынға берілген. Мұндай атмосферада оған қолдау да, хейт те көп болады. Оған керегі де осы.


Ал енді келер маусымды болжап бағып көрсек. Туриндік клуб қандай стильде ойнайтын болады? Бұл тактикада Роналдудың орны қалай болмақ?


"Ювентустың" бас бапкері Массимилиано Аллегри 4-2-3-1 схемасын қолданады. Егер Роналдудың келгеніне байланысты бұл сызба өзгеріп жатса еш таң қалмаймыз. Роналду өзімшілдікке салынып Максиді оның өзіне ыңғайлы 4-3-3, 4-4-2(ромб), қос қапталда жартылай қорғаушы бар 4-4-2 схемаларының бірін негізгі етуге көндіруі мүмкін. Майдалап-шүйделеп қарасақ төрт схеманың да артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Дегеменде соңғы 4-4-2 схемасы команда үшін де, Роналду үшін де қолайлы. 
Өздеріңіз білесіздер "Реал" сапында қапталдағы жартылай қорғаушы қызметінде Лукас Васкес пен Марко Асенсио ойнайды. Ал оларды "Ювентус" сапында Хуан Куадрадо мен Дуглас Коста ауыстыра алады. Екеуі де жылдам, ширақ қозғалады. Ал Костаның пастары өткен маусымда "Ювентуске" өте жақсы көмектесті. Сонымен қатар қосалқы құрамда жас Федерико Бернардерскидің де бар екенін ұмытпаған абзал.

Ал Бенземаның рөлінде Гонсало Игуаин ойнауы мүмкін. Бірақ, ол өзінің екінші нөмірлі ойыншы болғанын қаламай, "Челси" сапына кету мүмкіндігі аса жоғары. Мұндай жағдайда екі нұсқа бар: Пауло Дибала мен Марио Манджукич. Жастық пен тәжірибе. Шыны керек, екеуі де бірінен бірі өткен ойыншылар. Дибала артқы шабуылшы рөліне қарағанда, орталық шабуылдаушы жартылай қорғаушы позициясында өзін жақсы көрсетеді. Демек мұндай жағдайда "Ювентус" бәрібір 4-2-3-1 схемасына ауысады. Ал алаңда Манджукич болған жағдайда команда жәймен 4-4-2 сызбасын қолдана бастайды.


Бірақ, Роналдудың "Ювентусте" орталық шабуылшы болатынына да сенімді емеспіз. Ол өзінің ескі позициясы вингер болып кетуі де ғажап емес. Алайда, былтырғы маусымда португалдық центрфорвард ретінде 39 матч өткізіп 39 гол соқты. Демек, бұл позиция оның "родной" позициясына айналып кетті.


Иә, "Ювентус" жайында көп айттық. Енді "Реалда" не болмақ? 

Мадридтік команданың басынан тек қана Роналду ғана емес, оның бас бапкері Зинедин Зидан да кетті. Оның орнына Хулен Лопатеги сайланды. Бұл бапкер Испания құрамасымен 4-3-3 схемасымен ойнайтын. Бірақ, ойын схемасы жағдайға байланысты өзгерері анық. Және командада Асенсио мен Васкес сияқты орындаушылар барда оларды қолданбау зор қате болар еді. Бірақ, бұл жолы мен "Реалдың" ойын стратегиясы жайында емес, командадан кеткен Роналдудың орнын кім басатыны жайында айтқым келіп отыр.


Командада қазіргі таңда өзіне көшбасшы статусын алуға қауқарлы екі ойыншы бар: Гарет Бэйл мен Иско. Екеуі өздерінің бұл қасиеттерін ұлттық құрама сапында дәлелдеп жүр. Алайда, қазіргі құрамда Роналдуды тек қана лидер ретінде ғана емес, орталық шабуылшы ретінде де ауыстыратын ойыншы қажет. Жасы келген Бензема өзіне мұндай ауыртпашылықты ала алмайды. Ал Майоральды бұл жағдайда тіпті еске түсірмей-ақ қояйық. Қысқасы жағдай қиын, форвард керек. Сонымен мүмкін нұсқаларды атап көрсетсем:


1. Харри Кейн. Бұл ойыншы Әлем Чемпионатының "Үздік сұрмергені" атанды. Дегенмен де, оның үшеуі пенальти, екеуі аутсайдерге салынған, қысқасы бұл бәйге Харри үшін керемет өтті дей алмаймыз. Есесіне ол маусымды жақсы өткізді. Бірнеше маусым қатарынан өзінің "Тоттенхэмнің" деңгейінен асқанын дәлелдеуде. Оның "Реалға" ауысуы жайында сыбыстардың көп болғанына қарамастан, оның ауысу мүмкіншілігі өте төмен. Себебі - Харри бірнеше ай бұрын ғана "шпорлармен" өз келісім шартын ұзартты. Бұл келісім оның Мадридке көшуіне еш кедергі болмас еді, бірақ ол келесі маусымда клубта қалатынына сенімді болып, командасының жанкүйерлеріне үміт сыйлап қойды. Егер ол осы үміттерді таптап, командадан кетсе, оны ешкім кешірмес. Ол кем дегенде тағы да бір маусым өткізуі тиіс.


2. Роберт Левандовски. Поляк футболшысы ашық түрде айтқанда Ресейде өзінің ең нашар сапаларын көрсетті. Не форвард, не лидер ретінде де өзін көрсетпеді. Бірақ, Бундеслигада ол жыл сайын "Бавариядан" анағұрлым төмен командаларға жыл сайын жиырма-жиырма бестеп гол соғуға келгенде ол кетәрі емес. Осы көрсеткіштер жыл сайын "Реал" президенті Флорентино Пересті қызықтырады. Және Робертті топ-ойыншы деп есептеп, ол үшін көптеп ақша төлеуге дайын. 
Бірақ, оның жасы 29-да. Ол көп болса үш маусым жоғарғы деңгейде ойнауы мүмкін. Бірақ кейін ол өз формасын жоғалтады. Ал "корольдік" клубқа лидер кезіндегі Роналду секілді тоғыз, он жылға қажет. Ал оның жасы бұған мүмкіндік бермейді.


3. Альваро Мората. Мадридтің түлегі былтырғы маусым басталар тұста, екінші форвард болудан шаршап, "Челси" сапына кеткен еді. Алайда, Англия алаңдары ол үшін сәтсіздік аурасы қоршалған қамалдар іспеттес болды. Иә, бір маусымнан қорытынды шығаруға болмас. Оның үстіне "зейнеткелердің" басына шабуылды ұнатанын Сарри тағайындалды. Мүмкін, бұл жақсы өзгерістер әкелер. 
Десек те, Альваро болып жатқан жағдайдан хабардар, сондықтан да өзінің туған клубымен байланысып та үлгерген болар. Егер де нағыз нұсқа жоқ болса, Перес төл түлегін, өз үйіне қайтарар?..


4. Мауро Икарди. Мауро мен Альваро Әлем Чемпионатына өз ұлттық құрамаларына, яғни - Аргентина мен Испанияға шақырту алмаған еді. Егер Мората сәтсіз маусым өткізсе, Мауро жәй ғана оның командасында Агуэро мен Игуаин болғаны үшін құрамаға іліге алмады. Әйтсе де, ол маусымда "Алтын бутса" үшін бәйгеде алдыңғы фавориттердің қатарынан болып, Италияның А Сериясында керемет нәтижеге ие болған еді. Және басты жетістік - Миландық клубты Икарди көп жыл өткен соң Еуропа Чемпиондар Лигасына қайтарды. 
Ал, енді ойланайық. Мауро командасын осындай үлкен белеске жеткізіп, одан кетер ме екен? Әрине, "Реал" - бұл әлемнің үздік клубы, ондағы амбициялар Икардиді қызықтырар, бірақ "Интер" бұл - оның туындысы деуге болады. Маусым бойы жанталасып, команданың нағыз көшбасшысы болды, осындай көптен күткен жаңа деңгейге жеткенде, оның қатарынан кету ол Мауроның өзіне де, жанкүйерге де ауыр тиер еді.
Қысқасы, Мауро өз жетістігінің құрбанына айналып отыр...

Сонымен қатар, бұл тізімге Эден Азар мен Неймарды қосатындар да бар. Бірақ, "Реал" өзінің ресми сайтында бразилиялық ойыншымен ешқандай келіссөз жұріп жатпағандығын ашып айтты. Ал Азарға келсек, көптеген дереккөздер оның "Реалға" ауысқысы келетінін айтуда. Десе де, қазір Мадридке вингер емес форвард қажет. Сондықтан да оны мұнда қосуды жөн санамадым.


Ал сіз қалай ойлайсыз? Роналду "Ювентусте" жұлдыз атана ма? "Реалдың" сапын қай ойыншы толықтырады? Осы және басқа сұрақтарға жауаптарды пікір алаңына қалдырыңыздар! Рақмет!



Бөлісу: