РОМАНТИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ немесе ең алғашқы мақала

РОМАНТИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ немесе ең алғашқы мақала
жеке
блог

...ең алғаш...
---------------------

 

 

Сәниядан эстафета таяқшасын ала-сала, алды-артыма қарамай зыта жөнелейін деп ойладым да, ақыры аталған тақырып төңірегінде басымнан өткен бір уақиғаны жамбастап жатып, асықпай баяндағанды жөн көрдім...

Мақала ең алғашқы болған соң ең алғашқысын жазайын...

 

Менің өмірімдегі «ең алғашқы романтикалық кездесу» - сонау балғын балалық шағымның сырлы күнделігіне алтын сиямен өшпестей етіп жазылған, бала махаббат десек те болатын, дегенмен мен үшін «ең алғашқы махаббатыммен» болған кездесу...

 

Бір мың да тоғыз жүз тоқсан төртінші жылдың күзі еді... Кеудемде үміт-тұлпар бәйгеге ұмтылып, көкірегім қарс айрылып кетердей боп, «Білім ордасына қош келдіңіздер» деген мектептің маңдайшасындағы жазудың астынан тарыдай боп, оң аяқпен ең алғаш киелі табалдырығын аттадым... Ол көрші «Б» сыныбында оқитын... Есімі – Мөлдір. Сәрі, анасы туа сала оның түнгі аспанды нұрланырып, жарқыраған Айдай көркем көзіне қарап, атын солай қойса керек. Расында, оның көздері мөп-мөлдір, өзі бір тәтті қыз еді... Ол менің ең алғашқы махаббатым болатын...

Мектепте ентелеп жүгіріп, достарымен алысып ойнап жүрген бірінші сынып оқушысына - ол қыздың мойын бұрып, сәл ғана қарай қалған сәттегі жанарынан ұшқындаған шоқ сезім, жүрегін түсініксіз бір күйге түсіріп, еріксіз елтетін... Ол бір өзгеше әуен еді...

Ауылда бірен-саран үйде ғана телефон орнатылған заман етін ол кезде... Бір күні ағам (әкемнің інісі) қайдан алғаны белгісіз, сол қыздың үйінің телефон нөмірін тауып алып кеп бірден терді де, мені ең алғаш сөйлеу түгіл тіке қарауға батылым бармайтын «ғашығыммен» тілдестірді. Сүйтіп мен Мөлдірмен телефон арқылы сөйлесетін болдым... Күнде кешке сабақтан қайтқан соң, жаныма ағамды отырғызып қойып, бұлдыр-бұлдыр, шоқ-шоқ әңгіменің буын бұрқыратамыз... Ағам: «былай де, алай айт»,- деп тұратын менің «сүйемелдеушім»... Кейін тіпті «мен сені жақсы көрем, сен ше?»,- дейтін де болдым. Ол кәдімгідей ұялып қалатын... Мектепте сөйлеспейміз бірақ...)

Келе-келе менің «бас демеуші» ағам ол қызды кездезуге шақыру керектігін айтып, мені қынжылтып тастайтынды шығарды... Басында қатты ұялып, телефонда дауысым өзімдікіне ұқсамай жатса да - мен Мөлдірді кездесуге шақырдым...

Бірақ соңғы күндері байқаймын, ағамның менен гөрі сол қызға менің телефон шалуымды қатты күтіп, кездесуге баруымды асықтырып жүр...

Қайдан білейін ???... Сүйтсем әлгі Мөлдірімнің де ар жақта «сүйемелдеуші-дирижер» әпкесі бар боп шықты... Менің де, Мөлдірдің де баяғы бері сырласып, былдырап телефонда сөйлейтін сөздеріміз - толықтай біздің аға-әпкелеріміздің «төл туындысы» боп шықты... Ол екеуі - мектебіміздің жалындаған жастары, ержетіп-бойжеткен 11-ші сынып оқушылары, уылжып піскен қызыл алмұрттың үзілейін деп тұрған шағы еді... Сірә, олардың махаббатарының шынайылығы сонша – екеуі бірін-бірі көрсе тілсіз қалып, іштен тынып, ессіз ұнатып, жүректері аузына тығылған шақта біреуі-інісінің, біреуі-сіңлісінің тілімен сезімін білдіруді жөн санаған екен...

Осылай біз ағасы-інілі, әпкелі-сіңлілі жұптар боп ауылдың мамыражай кешінде кездесуге шығатынбыз... Мен үшін сол бір кездесу қазір ойласам бір романтика... Кездесуге барғанда мен кітап сұрап, кей есептердің шешілу жолдарын сұрап дегендей болмашы сылтаумен Мөлдірдің жанында тұратынмын... Ал ағам....

Кейінгі кездесулерде біз Мөлдір екеуіміз қол ұстасып, біздің «продюсерлеріміз» аға-әпкемізге қарап отыратынбыз... Бар қызық солардыкі...

 

Эстафета таяқшасын Қарлыға Темірғали атты ақын-қызға табыстаймын. Жыр жаухарымен әсемдеп, әсерлі өлеңдерімен өрнектеп жазар деген тілекпен... 

 

Сурет: C:\Documents and Settings\Абзал САРИЕВ\Мои документы\Мои рисунки
(ол жаққа қалай тап болғанын білмедім...)