РОБИНЗОННЫҢ ПРОТОТИПІ КІМ?
блог
Тынық Мұхитта, Оңтүстік Американың батыс жағалауында созылып жатқан Чили мемлекетінен 674 шақырым қашықтықта Робинзон Крузо аралы орналасқан. Бұл арал 1966 жылға дейін Мас-а-Тьерра деп аталған.
1704-09 жылдары бұл аралда шотланд теңізшісі Александр Селькирк жападан-жалғыз өмір сүрген. Ағылшын қаламгері Даниэль Дефо тап осы теңізшінің аралдағы өмірін өзінің «Робинзон Крузо» романына арқау қылған. Алайда, бұл аралға Селькирктен де өзге көптеген адамдардың табаны тиген, сондай-ақ, Селькриктен де ұзақ уақыт аралда тұрақтап қалғандары да жеткілікті.
1704 жылы кезекті теңіз саяхатында кеме капитанымен кикілжіңге келген Селькиркті кеме билігіндегілер сол аралға тастап кетеді. Баз бір мәліметтерде «ол кемені өз қалауымен тастап кетті» делінген, бұл мәліметтің жаны да бар болуы мүмкін, себебі, Селькирк аралда қалып кеткенде оның қолында балта, күрек, мылтық секілді күн көруге қажетті құралдар болған. Қалай болғанда да, ұлыбританиялық бірбеткей теңізші өмірінің бес жылын сол аралда өткізген. Бұны аралға тастап кеткен «Сэнк Пор» кемесі апатқа ұшырап, ондағы адамдар түгелдей опат болған. Селькирк оны, әрине білген жоқ.
Теңізшілердің оған тастап кеткен азық-түлігі бір тәулікке ғана жеткен. Оның бақытына орай, бұл аралда жабайы ешкілер тіптен көп болады. Оқ-дәрісі жетерлік болғандықтан, ешкілерді атып алып, сойып жеп күнелткен. Алайда, жалғыздыққа бой үйрету тіптен қиынға соғады. Құсадан өлуге шақ қалған байғұс, өзіне талай мәрте қол жұмсамақ та болған екен. Кеудеден жаны шықпаған соң, сүйретіліп төрт жыл да артта қалады. Бір күні аралға бір кеме келіп тоқтайды. «Аралдан кететін болдым» деп қуанғанымен, ол испандар кемесі болып шығады. Ол кезде Испания мен Англия бір-бірімен бітіспес дұшпан болғандықтан, Селькирк «кемедегілер мені өлтіріп кетер» деп, олардан тығылып қалады.
1709 жылы оны ағылшын кемесі аралдан алып кетеді. Кеме капитаны Вудс Роджерс мұны «Аралдың губернаторы» деп атаған екен...
Селькирк өте әңгімешіл кісі болған деседі. Оның аралда өткізген өмірі жайлы хикаялары ауыздан-ауызға тез тарайды. Газет беттерінде жарияланады. Кейін бұл аңыз-теңізші Даниэль Дефоның да құлағына жетеді.
Дефоның кейіпкері Робинзон Крузо 1704-09 жылдары емес, 1659-1687 жылдары аралда ғұмыр кешкен. Селькирктің бастан-кешкендерін қаз-қалпында жарияламай, көркемдеу үшін көп нәрсені ойдан қосқан.
1518 күн ғұмыры өткен Мас-а-Тьерра аралы кейін Селькирктің емес, жазушының ойдан шығарған кейіпкері Робинзон Крузоның атымен аталып кетеді. Неге сол аралды жалғыздықтың азабын бастан кешірген Селькирктің есімімен атамады екен?..