Рейтинг... Жеті апта бойы жегеніңді желкеңнен шығарады. Бұл сөздің ызғары студенттердің оқу үрдісін қыздырады. Бейқам жүрген басың, беймаза күйге қалай ауысқаныңды өзің де сезбей қаласың. Түн ұйқыңды төртке бөліп қана қоймайсың, тіптен, тәрк етесің. Жәй күндері төсегінен көтерілуді азап көргендер, бұл күндері тыпыр-тыпыр етіп бөлменің ішінде бірімен-бірі сеңдей соғылысады.
Негізі, рейтинг кезі күйзеліске толы болғанымен, уақыт өте көп ісіңе күлкің келеді. Мұны мен өз басымнан білемін: экономика пәні мен үшін түсініксіз болып көрінетін. Дұрысы түсінуге тырыспайтынмын. Тапсырманы сөзбе-сөз жаттап алсам да, мұғалімнің қосымша сұрақтарына жауап беру мен үшін қиямет болатын. Әйтеуір, жетінші аптаға әупіремдеп әрең жеттім. Мұғалім коллоквиум сұрақтарын беріп, бағаға әсері мол болатындығын ескертті. Жүрегімде жоғары алармын деген үміт пайда болды. Бас-аяғы үш күнде 175 сұраққа «өлтіріп тұрып» дайындалдым. Үшінші түні мүлде ұйықтамадым. Кешігіп қалармын деген оймен таңғы сағат жетіде «курткамды» киіп алып, қағазымды құшақтап отырдым. Бөлмемдегі қыздар ұйқыдан тұрған бойда маған таңдана қарап, «бәрі дұрыс па?» деп үрейлене сұрайды. Мен оларға мән бермеймін де. Қыздар сегіздегі сабақтарына асығып бірінен кейін бірі шығып кетті. Мен де қалыспай, такси ұстап корпусқа 07:45-те жетіп алдым. Бардым да бос кабинеттердің біріне кіріп отырдым.
Сағат сегізді көрсетті, бірақ группаластарымның ешқайсысы келмеді. Қоңырау соғып сұрайын десем, телефонымды бөлмеде қалдырып кетіппін. «Не де болса күтейін» деп отыра бердім. Алайда, сол отырғанымнан мол отырдым. Үзіліске қоңырау соққан сайын, басқа топтар келіп мені кабинеттен шығарып жібереді. Кетіп қалуға қорықтым. Түскі бірге дейін тапсырмаларды қайталап отыра бердім. Ақыры шыдамымның жеткен шегі сол екен – солқылдап жылаймын, группаластарыма сырттай ұрсып қоямын. «Өлмесең ішің кепсін дегендей» еш өзгеріссіз тыныштық тынысымды тарылтты. Сол күнгі төзімділігіме өзім де қайранмын. Бір уақытты есіме мұғалімнің «Армангүл группаңа айтарсың, бейсенбі күні (ол күні бізге «военка») сағат төртте кездесеміз» деген сөздері, аудиторияға барып сол сәлемді группама өз аузыммен жеткізгенім есіме түсті. Өксіп жылаудан басқаны ештеңені ойламадым. Тек, группаласым Мадина мен отырған кабинеттің есігін ашып: Армангүл не болды? Қашан келдің? дегенде ғана өз қылығыма қатты күлдім. Бұл оқиға маған үлкен сабақ болды. Жаның мұрныңның ұшына келіп қалғанда ғана емес, мұғалім «сабақ айт» деп мүмкіндік беріп тұрғанда пайдаланып қалуға тырысу керек екен.