Ретро айтыс...

Ретро айтыс...
жеке
блог

    Армысыздар ардақты блогерлер... Бірден бастайын. Айтып-айтпай не керек, Жүрсін Ерман «Ретро айтыс» ұйымдастырды.  Аламан айтысқа ханның тұлпарындай даралар келді.  Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова сынды қос аруы, Қонысбай Әбілов, Есенқұл Жақыпбеков, Абаш Кәкенов, Шорабек Айдаров, Айтақын Бұлғақов, Қуаныш Мақсұтов(Сары тентек), Әбілқайыр Сыздықов, Бекарыс Шойбеков сынды өткен ғасырдағы Жүрсіннің жүйріктері айтысты.

     Алғашқы жұп Әселхан Қалыбекова мен Есенқұл Жақыпбеков болды.  Әселхан апа өз бабында екен. Сөз саптауы әлі де мықты. Дениз сериалын, қыздардың ашық-шашық киінгендеріне сын айтып, апалық ақылын да төкті. Есенқұл әзілқой айтыскер. Әселхан апаға тайқазандай талтайып отырсың деп бір тисті. Сонымен қатар бүгінгі мәселелерді де тілге тиек ете отырып, «Қыздарың жүр екі беті қызармай, Жігіттер жүр үйленсе де қыз алмай» деп залды гууу еткізді.  Айта кетер бір жайт, бұл айтыста қазылар алқасы болмады. Ақындардың аузына ешкім қақпақ болған жоқ.  

    Келесі жұп болып Шорабек Айдаров пен Айтақын Бұлғақов шықты. Сақалды мен сақалсыздың айтысы көрермендерді бір сергітті.  Шорабек шыға сала, Айтақын гитлерден аумай қапсың деп тисті. Айтақын да оңай шағылатын жаңғақ емес. Оооу АҚШың Бенладенді әлі өлтірмепті, ол менің қасымда отыр деп Шөкеңді Бенладенге теңеді. Сонымен қатар Шорабектің тоқал алғанын, екі қатының болса да әлі мен сияқты бір ақын тудыра алмай келесің деп найзалы сөзін лақтырды. Шорабек: Жандарбек сені ұтқан, баласынан ұтылып жүрмесін деп Жаратқан жақтасып отырған шығар деген сөзі қалқан бола білді Айтақынның найзалы сөзіне. Ринат Зайытовтың қайта айтысқа оралуын қалап, Шөкең Жүрсінге біраз сөздер айтты.  Екеуінің айтысы орта деңгейде өтті. Аса қызық ештеңесі жоқ. Мақал, сақал, тоқал. Түсінікті шығар.  Халық қой-қойлап айқайлап та жіберді. Ары қарай кеттік.

Үшінші жұп болып Әбілқайыр Сыздықов пен Қонысбай Әбілов шықты. Енді бір сұмдық айтыс болды. Адамды жалықтырғанда қандай. Шыдай алмай қос ақынды халық сахнадан кетірді. «Тоқтат, тоқтат» деген сөздер шапалақ орынын басты. Біреуі ауырғанын айтса, мен де аурумын деп екіншісі айтады. Бірінің сөзін бірі қайталап адамды шаршатты. Сөйтіп екеуі еш қошеметсіз кетті сахнадан. Өйтіп айтысқанша айтыспағандары жақсы еді. Айтпақшы, залда адам аз болды. Көпшілігі кемпір шалдар. Ары қарай кеттік.

Төртінші жұп болып жас ақындар шықты. Халықтың шаршағанын түсініп Жүрсін бүгінгі жүйріктерін Ретро айтыстың додасына қосты. Олар - Жандарбек Бұлғақов пен Төреғали Төреәлі.  Жандарбек шыға салып, Жүрсін кілең ауа бұзарларды жинап алып сіздерді шаршатып алды-ау деп елді бір гууу еткізді. Төреғали Әкең шығып, сахнаны тепкілеп кетті, айтып қой жаңадан салынған сарайдың сахнасын сындырып алып жүрмесін деді. Бұл сөзіне Жандарбек керемет жауап бере білді. Шетелдің реперлері сан рет секіріп жатқанда, Айтақынның тепкісін көтере алмаса атасының басына ақ сарай боп тұр ма деп. Ел айқайлап, шапалақ ұрып жатты. Айтысу естерінен шығап қалған ақындардың орнын екеуі жуып шайды. Айтпақшы, тағы бір ақпарат. Құдай қаласа бұл айтыс "Астана" арнасынан 10-маусымнан бастап беріле бастайтын көрінеді. Қаншалықты рас екенін Құдай біледі. Өйткені «Қонаевтай ер қайда?» атты айтысты 31 арна түсіріп көрсетпек болған, әлі көрсетпеді.  Белгілі бір себеп бар шығар енді. Өздері білсін... Тағы бір ақпарат. Мұхтар Шаханов та көрермендер арасында отырды. Биыл 70 жылдағы ол кісінің.

     Бесінші жұп Абаш пен Қуаныш айтысты. Сарытентек өз бабында. Шыққаннан даралық танытты. Екеуінің әр сөздері елге майдай жағып отырды. Бізді ауа бұзар деген Жандарбекті шақырыңдар айтысамын деп сөзін бастаған Қуаныш,  Жұмағұловты орнынан алу керек деп шапты. Білімнің таяздап кеткенін тілге тиек етті.  Бюджет ақшасы қалай болса солай шашылып жатқанын да назардан тыс қалдырмады. Абаш та осал емес. Әзілге шебер екен өзі. Екеуінің айтысы  ерекше болды. Ел басқа ақындар тез бітсе екен деп отырған еді, екеуінің айтсы ұнағаны соншалық осы «екеуі ұзақ айтыссын деп» айқай салды. Халық қаласа патша түйесін сояр, біраз айтысты. Шындығы толы әзіл айтыс болды.

Соңғы жұп Нұрлан Есенқұлов пен Аспанбек. Асаке, басына вандамка(түсінікті болсын деп жаздым) киіп шықты. Әрине қазақи. Есенқұл бірден жармасты, сен қатындардай орамал тағып алдың деп. Аспанбек болса, Батыр Баян, Жаужүрек мыңбалада да батыр балдар басына таққанын айтып ақталды. Сосын, орамалы жоқ келіндерге біршетінен үлгімін деп елге бір шапалақ ұрғыздырды. Нұрлан осы сөзінен ұстап, орамалы жоқ келіндерге үлгімін дейсің бе, онда келесіде юбка киіп шық, өйткені юбка кимейтін келіндер де көбейді деп бұрқ еткізді Аспанбекті. Осылайша шаппа-шап айтысқан ақындар керемет өнер көрсетті. Ел шын ықыластарымен шапалақ ұрып жатты. Ааа, айтпақшы Бекарыс пен  Әсияның айтысы да нашар шықты. Ұнамады.  Сөйтіп айтыс өз мәресіне жетті. Жас ақындарға 250 мың, қарттарға 500 мың теңге ақшалай сый ақы берілді. Тағы да айта кетер бір жайт залдың арендасы 3 жарым миллион екен. Айтыскерлерді күту бар, жатқызу бар. Залға адам аз келді. Түсінікті шығар. Жүрсінге оңай емес. Негізі, баяғы айтыскерлерден қарағанда Балғынбек, Айбек, Айнұр, Рүстем, Ринат, Бауыржан, Сара, Біржан, Әсем, Дидар, Мұхтар сынды бүгінгі айтыскерлердің айтысы әлдеқайда қызық екен. Айтар ойларын жауһармен көмкеріп, қызықты қылып жеткізе алады. Заман өзгерген сайын айтыстың стилі де өзгеруі  заңдылық.  Ретро айтыс осылай өтті достар. Барғаныма қуаныштымын. Кішкентай кезімде атамның алдына отырып алып, телеарналардан көретін айтыскерлерді көріп қайттым. Осымен айтыс аяқтылды құрметті өнер сүйер қауым. Аман сау болыңыздар. (Жүрсін айтты деп ойлаңыздар соңғы сөзді;))  Ааа, айтпақшы! Жүрсін шенеуніктермен алысып шаршадым. Бұдан былай айтыс бола ма болмай ма білмейм. Осыны аман-есен өткізіп алайықшы. Шаршадым алыса беріп. Менің де бала шағам бар деп айтқаны көңілге күдік ұялатты. Енді Жүрсін айтыс үшін күреспесе кім күреспек? Болашағы бұлыңғыр болып тұр төл өнеріміздің. Алла айтыстың жабылмауын нәсіп етсін. Айтыс барда қазақ бар, қазақ барда айтыс бар.

АРҒЫН!