Бір машина алаңға су шашып өтіп бара жатыр...
Таныс көрініс. Таныс иіс. Таңертең «Су шашатын машина!» деген қуанышты дауысты естігенде ұйықтап жатсам да, көшеге жүгіріп шығамын. Әлгі машина анадай жерден тұрақты табынушысын көреді де, себезгіге шомылдырып өтіп кетеді... Қазіргідей емес, аямай, молынан, жаңбырлатып тұрып сеуіп өтеді! Көміліп қаламын. Бұл бір рақат сезім! Одан кейін шаңы басылған жерден құдіретті иіс тарайды. Аспаннан естілген ұшақтың дауысы да зоооор шаттыққа бөлейді. Үйленіп жатқан жастар біздің үйдің алдындағы аллеяны дабылдатып айналып өтеді... «Келіншек!!!» деп тағы жүгіремін... Мұндай сәтті жіберіп алу орны толмас өкініштей... Су шашылған асфальтпен жай ғана жүрудің өзі керемет. Машинасы өте аз ауыл көшесінің ортасымен жүре алмайды екем, тек жиегімен ғана, маңдайыма түскен шашымды да қайыруға ұялатынмын...
Жуырда ауылдың бұл асфальтімен, орталық көшесімен жалғыз өзім жүру үшін әлі күнге дейін асқақ сезім жетпейтінін түсіндім.