Рахмет саған!

         Көңілсізсің бе? Ешнәрсеге зауқың соқпайды ма? Айналадағының бәрі де мазаңды алып жіберді ме? Төзімің таусылып бара ма? Үмітің үзіліп, сағың сынғандай халдемісің? Жаныңның сырын ұғынғандай болып кім жәудірей қараса, соның иығына басыңды қойып, егіліп, жылағың келе ме? Ешнәрсеге үлгертпейтін уақытқа ашулысың ба? Көп нәрсені жоспарлап, бірақ бірі де орындалмай жатқандықтан, бәріне қолды бір сілтеп, бәрінен қашып кеткің келе ме? Әлде біраз уақытқа жер түбіне барып-қайтқың келетін шығар? Сыйламайтын, барды қадір тұтпайтын, сені түсінуге де тырыспайтын, сенің бар-жоғыңа қызықпайтын, іздемейтін, іздеуіңді қаламайтын адамдар шаршатты ма? Сынап-сынап, сынына шыдасаң, кереметтей сыйлық ұсынар тағдырмен тайталасудан жалықтың ба?..

         Әлде жүрекке жол тапқан бақыттан басың айналып жүр ме? Жадырай шыққан күнге күле қарап, желмен бірге тербеліп жүрмісің? Көшеде кездескен әр жанға жымия қарап, өзіңнен өзің мәзсің бе? Жоспарларыңның біразы ғана орындалса да, сабырың сандық түбінде ме? Ренжіткендерге, ренжіткісі келгендерге ашулы емеспісің? Барыңды, бәріңді тартып алған адамдарға да өкпелі емеспісің? Ешкімді де жек көрмеймісің? Барыңды қанағат тұтып, әр күннен тек жақсылық күтемісің? «Үмітсіз – шайтан ғана» екеніне бек сенімді түрде, тек алға қадам аттап келемісің?..

         Жо-жоқ. Сен, сірә, жазда гүлдей жайнап, құстармен бірге сайрап жүрген шығарсың? Ал, күзде жапырақтармен бірге сарғайып, желдің жотасына мініп, қалықтап, күз жаңбырымен қосылып жылап жүрсің, иә? Әлде қателестім бе? Мүмкін қыста аппақ қардай ақ жүрегіңмен күллі әлемге ақ пейіліңмен нұрлы шуақ сыйлайтын шығарсың? Қыстың ұлпа қарымен бірге еріп, ағаштардың тамырына нәр берер тамшы су болып, сосын ағаштың өн бойына сіңіп, көктемде бүршік болып жарыламысың? Осылайша, жаңа өмірге қадам аттап жүр ме екенсің?..

         Тыңдашы, менің саған айтар жаңалығым бар!!! Құлақ асшы айтпағыма? Егер, егер... білесің бе, егер осы аталғандардың бәрі сенің басыңнан өткен болса, өтіп жатса....демек, сен, сен, білесің бе....(!) демек, СЕН ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРСЫҢ! Құттықтаймын! Сен өмір сүріп жатырсың! Сен БАРСЫҢ! Сен ТІРІСІҢ! Сен, сен, иә, иә, сен! Сен мына жалғанда, мына өмірде, жазбамды оқып отырсаң, демек, менің өмірімде де барсың! Білесің бе, сол үшін де КӨП РАХМЕТ, экранның арғы жағында отырған БЕЙТАНЫС ТАНЫСЫМ!



Бөлісу: