Радионың қоғамдағы рөлі
блог
Радиоға байланысты небір қызықты оқиғалар болған. Тіпті, қаншама уақыт өтсе де әлі есіме алып көңілім бір көтеріліп қалады. Сол күні менің туған күнім болатын. Мектептен құрбыларыммен қайтып бара жатып Айнұр есімді құрбым бізге дәл қазір, яғни сағат 1-де “Шалқар” радиосындағы “Жайдарман” құттықтау- сазды бағдарламасы болып жатқанын айтқан болатын. Оны естіген жанымдағы сыныптас достарымның бәрі ұялы телефондарын алып тікелей желінің нөмірін теріп, бірінен соң бірі мені туған күніммен қоңырау шала құттықтай бастайды. Тіпті сол бағдарламаның жүргізушісі де аң-таң боп қалады. Бағдарламаға келесі тыңдарман хабарласқанда жүргізушінің өзі “сіз де Әйгерім есімді қызды құттықтайын деп хабарластыңыз ба” деп сұрағаны есімде. Дегенмен қазір қаншама қызықты бағдарламалар эфирге жіберілуде. Қазіргі кезде тыңдарман қауымды өзіне елітіп әкететін бағдарламалар бар ма?Осы сұрақтар аясында бірнеше адамнан сауалнама жүргізген болатынмын.
1. Радионы тыңдайсыз ба? Қай толқындасыз?
2.Қазақ радиосына не жетіспейді, сіздің ойыңызша?
3.Университетіміздің әл-Фараби радиосындағы болып жатқан бағдарлама,сұхбаттар сіз үшін қызық па?
4.Аудиторияны қызықтыру үшін қандай сарындағы бағдарламалардың болғанын қалайсыз?
Сыдықова Назым механика -математика факультетінің 2-курс студенті:
- Жиі тыңдамаймын. Дегенмен маған “Europa-plus” және “LOVE” радиосы ұнайды. Музыка әлеміндегі соңғы келіп түскен хит әндерді тыңдарманның сайтта берген дауысы бойынша, рейтинг жасап эфирге шығарады. Яғни, ол көпшіліктің ұнататын әндері. Сонысымен маған ұнайды.
- Білмедім. Дегенмен жастар қызығатын бағдарламалар көбірек болса екен деген ниеттемін.
- Жоқ, қызық емес. Қоңырау кезінде қойып жатады. Не деп әңгімелесіп жатқаны анық естілмейді.
- Әр радиода жұмыс істейтін редактор-жүргізушілердің негізгі алға қойған мақсаты, ол өзінің мақсаттық аудиториясын, яғни өзінің аудиториясын қалыптастыру. Осы тұрғыда менің ойым ойын-сауық бағдарламалар көбірек болса екен деймін.
Саймасай Перизат, филология факультетінің 2-курс студенті:
- Ия, тыңдаймын. Әсіресе, менің мамандығыма пайдасы мол Серік Сейітманның “Айдында жүзген ай сәуле” бағдарламасы. Сонымен қатар, одан өзге де хабарларды тыңдап жүремін.
- Барлығы дұрыс, тек уақыт керек сияқты. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Бірдеңе жетіспейді деп айта алмаймын.
- Сұхбаттар болмайды емес болып жатады. Дегенмен үзіліс кезінде оны тыңдап жататын уақыт болмайды өзімде. Осы аптаның ішінде ғана Маржан Арапбаеваның орындауындағы “Қазақ елі” мен “Көк тудың желбірегені” деген әнді қойғаны әбден дұрыс деп ойлаймын. Сол ән ойнап жатқанда өзім университетіміздің студенттеріне қарап біраз әсер алдым. Маған өте ұнады.
- Әл-Фараби радиосын алсақ, онда менің ойым студентпен байланыс болу керек сияқты. Яғни, радио өз ісін бастаған сәттен-ақ әр студент белгілі бір бағдарламаға қатысу ынтасы болу керек. Ондай бағдарламаларды ойлап табу үшін әрине біраз ойлану керек.
Базарбаева Балауса, биология факультетінің 2-курс студенті:
- Тыңдамаймын.
- Ол сұраққа берер жауабым біреу, мен білмеймін. Себебі, тыңдап жүрген жоқпын.
- Қызық емес сияқты. Сонымен қатар біз жақта онша естілмейді.
- Қызықты бағдарламалар болғаны дұрыс
Беглан Разқұл, физика факультетінің 2-курс студенті:
1.Ия, жиі тыңдаймын. Мен үшін Europa-plus радиосы қызықты. Әр дүйсенбі сайын “Бригада У” бағдарламасын Джем, Илья и Викки деген жүргізушілермен бірге тыңдаймын. Таңертең көңілім сергіп қалады. Өйткені, бұл хабарды тыңдай отыра жағымды эмоция көп аласың. Тіпті, автобуста отырып өз-өзімнен хабарды тыңдай күлген кездерім болды. Себебі, қызық ,тіпті кейде күлкілі әңгімелерді көп айтады және орнымен.
2. Осындай сарындағы бағдарламалар. Ол бағдарлама тек бір ғана тақырыптың аясында болмайды, эфирді жүргізген сәтте түрлі қызықты оқиғалар,Ресейдің түкпір-түкпірінде болып жатқан кептелістен де жүргізушілер хабардар болады. Өйткені, көлік кептелісінде тұрған адамадар хабарласып,сол адамдармен жүргізушілер қызықты әңгімелер жүргізе бастайды.
3.Аса тыңдамаймын. Шыны керек сұхбатты кімнен алып жатқаны да қызықтырмайды.
4.Көңілді көтеретін бағдарламалар болғанын қалаймын. Жастарға қызықты болатын бағдарламалар.
Қазіргі техниканың дамыған заманында радио арқылы көптеген хабарлар мен мәліметтер тез әрі жылдам беріледі. Оның бір артықшылығы қазіргі кезде ұялы телефон арқылы да бағдарламаларды тыңдай аласың. Небір қызықты бағдарламалар өзіңді еріксіз елітіп әкетеді...