Радиожурналист күнделіктері...

- Сенің жұмысың оп-оңай шығар иә? 3 мин жаңалықтарды оқисың да отыра бересің.
- Қара жұмыс істемейтінім рас. Бірақ жаңалықтар бөлімінде жұмыс істеу "оңай" жұмыстар қатарындағы статусқа ие емес. 

2013 жыл, 6 қараша. Татарстан, әуе апаты. Бір сәтте 50 жолаушы қара жердің қойнауына кетті, оның ішінде ел президентінің ұлы мен өзге де лауазымды тұлғалар бар. Таңертеңгілік эфирде арнайы топтама шығарылды. Түнгі эфирді аяқтағанша жантүршігерлік апаттың соңғы жаңалықтарын берумен болдық. Әр сағат сайын суыт хабарлар келіп түсіп жатты. Еріксіз жанарым сулана береді... Жатақхананың бөлмесіне оралғанда, осыған дейінгі бар проблемаларым екі шкафы киім-кешекке толы ерке қыздың «таңертең не киемін» деп уайымдағанындай әсер қалдырды. 

Украина. Киев. Майдан. Еуроодақпен жеке ерегесім жоқ. Тек мұндай «Ұлы төңкерісті» елімнің басына бермесін. Аз ғана уақыттың ішінде шаңырағы шайқалған елдің құрдымға кетіп бара жатқанына куә боласың.Саясаттың былығына араласып, «кім кінәлі?» деген сұрақтың ара-жігін ажыратудан бұрын, Жаңаөзендегі қырғын көз алдымда көлбеңдей берді.... 
Жаңалықтар жеткізуде жағымды ақпардан гөрі, сенсцияға толы суыт хабардың ролі басымдырақ деген жазылмаған заң бар. Әр минут сайын негативті хабарлардың тасқынында қалмай, сұрыптап, олардың ең «негативтісін» қайта өңдеп жазып, осының бәріне қарамастан қоғамға деген позитивтілігіңді сақтап қалу үшін темірдей мықты төзім керек екен. Опра Уинфридің өзін бір кездері аса сезімталдығы үшін жаңалықтар бөліміне алмай қойған. Жер сілкінісінің өзін көзіне жас ала отырып оқиды екен. Осындайда КТК-ның журналистері үшін «браво» деп тост көтергің келеді. Тіл сындырар терминдерді шекарасынан аспай адами лексиконға айналдыра білу тағы бар.
2014 жыл.Сочи Олимпиада. Қола медаль. Қазақтың қанжығасы майланды деп бір қуансақ, ертеңіне ақжолтай хабарды жұртшылыққа тарату мәртебесіне ие болғаныма тағы да риза болдым. Түні бойы қуаныштан толқыған көңіл, таңертеңгілік эфирге барып, сүйінші жаңалықты жалпақ жұртшылыққа жеткізетініне мәз болды. Іштей ақпараттың мәтіні мен әрбір сөзге қойылар интонацияға дейін дайындап жаттым. 
Бір құпия айтайын. Ақпараттық порталдарды ашып, лентаны ақтарып отырғанда әлемді уысымда ұстап отырғандай сезінемін. Иә, дүниенің түкпір-түкпірінде «не хабар?» деген сұраққа, сен әп-сәтте жауап таба аласың. Алақандай монитор арқылы жалпақ әлемге көз саласың. Көз көрген нәрсені жүрекпен сезіне білу қажет. Осы тұрғыда «журналист бірінші адам болуы керек» деген қағиданың орынды екендігіне көз жеткізесің.
- Қара жұмыс істемейтінім рас. Бірақ 15 сағаттық негативтен көңіл сарайы кірленіп келгенде, мәйітханаға барған студент тәрізді сезінемін. Алғашында қорқынышты, артынан етің өліп кетеді. Қиыны да осы...
20 ақпан, эфирге 1 сағат 13 минут бұрын



Бөлісу: