Ірі ғалым, тамаша ұстаз - профессор Сұлтан Төлеуханұлы 70 жаста

Ірі ғалым, тамаша ұстаз - профессор Сұлтан Төлеуханұлы 70 жаста
жеке
блог

Саналы ғұмырын жоғары білікті биолог-мамандарды даярлау ісіне арнап, осы бағытта зор еңбек сіңірген ұстаз, ғалым, педагог Сұлтан Төлеуханұлы 70 жасқа толып отыр.

Еліміздегі үздік жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ университетінің ұжымында жемісті еңбек ете жүріп, Сұлтан Төлеуханұлы өзін ірі ғалым, тамаша ұстаз, білім және ғылым саласында талантты ұйымдастырушы ретінде танытты. Сұлтан Төлеуханұлының биофизика, физиология, биомедицина, хронобиология және хрономедицина саласындағы еңбектері ғылыми қоғамдастықта кеңінен танымал. Республикамыздағы жаңа ғылыми бағыт пен отандық хронобиология ғылыми мектебінің негізін қалады, биожүйелерді уақытқа тәуелді ұйымдасуының ерекшеліктерін зерттеумен және тірі организмдердің әртүрлі функционалды жағдайларында биологиялық ырғақтарының хроноструктуралық параметрлерін ашу бағытында аянбай еңбек етті. Университет басшылығының тапсырмасымен 1993 жылы алғаш рет биология факультетінің базасында Биология және биотехнология мәселелерін ғылыми-зерттеу институтын ұйымдастырып, ұзақ жылдар бойы оны басқарды. Өмірлік соқпағы Сұлтан Төлеуханұлын биология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары (1989-1991 жж.), Қазақ ұлттық университетінің студенттік мәселелер жөніндегі проректоры (1991-1993 жж.), Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры (1993-2000 жж.), Қазақстан Республикасы ЖОО оқытушыларының біліктілігін арттыру институтының директоры (2002-2010 жж.), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің биофизика және биомедицина кафедрасының меңгерушісі (1999-2020 жж.) және басқа да аса жауапты қызметтік лауазымдарға алып келді. Соның бәрінен де сенім үдесінен шығып, кемел білімі мен бай тәжірибесін еліміздің білім және ғылым саласын көркейту ісіне арнай білді. Сұлтан Төлеуханұлының басшылығымен және бастамасымен 1995 жылы Қазақстан Республикасында алғаш рет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің биофизика және биомедицина кафедрасының базасында "Медико-биологиялық іс – 040840" жаңа мамандығы ашылды, Осы мамандық бойынша 16 жыл бойы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі үшін биофизика, микробиология, биохимия, физиология саласында мамандар даярланды, ал 2019 жылы "Биофизика – 6В05103" және "Биомедицина – 040840" жаңа мамандықтары ашылды. 6В05102". Профессор С.Төлеухановтың ғылыми жетекшілігімен 12 ғылым кандидаты, 7 философия докторы PhD және 60-тан астам магистрлер өз диссертацияларын сәтті қорғады. Алғаш рет профессор Сұлтан Төлеуханұлының бастамасымен "Хронобиология", "Биожүйелердің уақытқа тәуелді ұйымдасуы", "Биологиялық процестердің термодинамикасы", "Теориялық биология", "Хрономедицина", "Медициналық биофизика" атты авторлық курстарын әзірленіп, биология факультетінің студенттеріне оқыла басталды. Ғалымның ұшқыр қаламынан 700-ден астам ғылыми еңбек, соның ішінде 9 монография, 39 оқулық пен оқу құралдары жарыққа шықты, 29 патент пен авторлық куәлік және импакт-факторы бар халықаралық рейтингтік журналдарда 40-қа жуық мақаласы басылып шықты. Сонымен қатар Сұлтан Төлеуханұлы "әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Биология сериясы", "Ашық жүйелер эволюциясы проблемаларының журналы", "ІЗДЕНІС/ПОИСК", "Биология және салауаттық негізі" және т.с.с. ғылыми журналдардың редакция алқасына мүше. Қазақстандық ғылымды дамытуға және жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлауға қосқан үлесіңіз үшін профессор С. Төлеуханов ҚР БҒМ "А. Байтұрсынов" төсбелгісімен және Мемлекет алдында сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды, сондай-ақ екі рет "ҚР БҒМ Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" атағына ие болды (2008, 2014 жж.), сонымен қатар бес мәрте "ҚР ғылымы мен техникасының дамуына зор үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия" (2007-2008 жж.; 2009-2010 жж.; 2011-2012жж.; 2014 ж., 2020 ж.) иегері атанды. Жоғарыда айтылғандар ғалымның белсенді және өте жемісті ғылыми, педагогикалық, ұйымдастырушылық және әлеуметтік қызметтерінің айқын дәлелі, азаматтық келбетіні айрықша айқындап, мерейін өсіретін игі жетістіктер екендігі сөзсіз.

Осы орайда мерейтой иесіне өзінің ұзақ жылдар басқарған биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының ұжымы атынан зор денсаулық, отбасына амандық, осы еңбектерінің жемісін, шәкірттері мен әріптестерінің құрметін ұзағынан көріп, балалары мен немерелерінің мейір-шапағатына бөлене беруін тілейміз!

 

Қайрат Б.Қ.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының оқытушысы