Ылғи тек жылаңқы, "мыжыма" жазбаларыммен мазаларыңызды ала бергенше, үйіме шақырмасам да, бір рет қолыммен пісірілген тәтті туралы, ас бөлмесіндегі бір сәтімнен үзіндіні ортаға салғым келіп отыр...
Шәймен бірге жеуге болатын бұл тәтті түрін кезінде пісіруші едім. Кейіннен қойып кетіп едім. Осы аптада оны тағы пісірдім. Соншама уақыттан кейін. Олай болса, кеттік! Басқа орамал, алжапқышты киіп, керек құрамдас бөліктерді түгендеп... кіріселік! Сонымен, дерек көздеріне сүйеніп тапқаным мынау. Эклер (француз. eclauir) (орыс. эклер, ағылшын eclair) – ортасында кремі (тәтті немесе қышқыл) бар, қайнатпа қамырдан дайындалған және глазурь жағылған торт тілімі. Ал, қанеки, көп "құрамдас бөліктерді" қажет етпейтін, оңай және тез, әрі дәмді болатын тәтті торт тілімін пісіріп көрелік!)
Құрамы:
1 стакан суық су;
100 грамм маргарин;
1 шымшым тұз;
3 жұмыртқа;
бір кесе ұн.
Салмасына ( сіздер қалағандарыңызды пайдалансаңыздар болады, төмендегі менің қолданатыным):
қоюлатылып, қант қосылған сүт (сгущенка)
;
"Қазақстан" шоколады.
Алдымен, отқа қойып, маргаринді жақсылап ерітіп аламыз.
Маргарин әбден еріген соң, үстіне суды және тұзды қосамыз. Сұйықтық қайнаған соң, отты сәл азайтамыз.
Ұнымыз пісіп кетпейтін оттың орташа жылулығында сұйықтығымызға ұнды аздан қосып, араластырып отырамыз. (Ұнымыз кесек болып қалмас үшін, тынымсыз араластырып тұру керек).
Сөйтіп, қоймалжың қоспамыз дайын болады.
Оттан алып, қоспамызды сәл суытамыз (жұмыртқа пісіп кетпес үшін). Жылы күйінде жұмыртқаларды бір-бірден жеке-жеке қосып, араластырамыз.
Нәтижесінде, кілегей іспетті мынандай қоспа шығады.
Пештің табағын майлап, не арнайы қағазын төсеп, арнайы құралмен немесе ас қасықтың көмегімен мынандай "қалыптар" жасаймыз. (Целлофанга салып, бір ұшын тесіп, торттың бетін безендіргендей, сол арқылы осындай "қалыптар" жасауға болады. Мен ас қасықты пайдаланамын).
180 градуста 20-25 минуттай пісіреміз. (Мен эклер көтерілгенде, отты тек үстіне қоямын. Сосын дәл көрсетілген уақыттан не ерте, не кеш піседі... менде сөйтті)) ).
Мінеки! Эклерім дайын! Алақай! )
Эклердің ішіне кәдуілгі укол арқылы қоялатылып, қант қосылған сүтті (сгущенка) "құямын". Сосын мұздатқыштан шыққан "Қазақстан" шоколадын эклерлердің бетіне үккіштен өткізіп, дәмін кіргіземін...) (кейде ерінсем, барлығын тәрелкеге тізіп, тәтті сүтпен бетін арлы-берлі өрнектеп, мұздатқыштан шыққан шоколадты эклерлердің бетіне үккіштен өткізіп, дайын болған тәттімді тоңазытқышқа қоямын).
Ал, астарыңыз, дұрысы шәйларыңыз дәмді болсын!
Жеңгемнің ас үйінде болған (менікі болашақта бола жатар) мен ғо - Мақпал Сембай *)