Ұйқыдағы ару
блог
Аялдамаға жүгіре жеткен ол, әйтеуір автобусқа үлгерді. Жұмыс күні болғандықтан ба, адам көп екен. Артқы жақта орын бар шығар деген үмітпен автобустың артқы бөлігіне әрең дегенде өтіп, терезе тұсындағы елеусіз қалған бос орынға отыра кетті. Аздап демін алған соң жан-жағына барлап қарай бастады. Алдындағы орынға бір бойжеткен жайғасыпты. Кітапханаға баратындай, қолына кітап-қағаз ұстап алған. Жазира бірдеңе деп тіл қатпақ болып оқталды да қоя қойды. Нұрланның таң атпастан үйіне неге шақырғанын ойлады. Телефонмен түсіндіріп жатпады да, «Тезірек кел, дәл қазір» деп тұтқаны қоя салды. Сыныптасының бала кездеріндегі қызық қылықтарын есіне алып, балалық шағын сағынып, тәтті мұңға беріліп те алды. Айналасын көзімен қайта шолып шықты. Алдыда бір-екі аялдама бар болса да орнынан тұрып, түсуге дайындалды. Автобус кілт тоқтағанда, теңселіп кеткен оны алдындағы орында отырған бойжеткен қолынан ұстап демеді.
- Рахмет, - деді Жазира. Кенеттен оның қырағы көзіне қыз қолындағы сурет шалынды.
- Құдайым-ау, мынау Нұрлан ғой, - деді ол қызға сұраулы жүзбен.
- Сіз оны танисыз ба? – деді қыз. Алайда қыздың өңінен ешбір өзгеріс байқалмады.
- Иә, танимын. Ол менің сыныптас досым ғой.
- Мен оны іздеп жүрмін, - деді жабырқаулы үнмен. Қарақаттай көздерімен Жазираға қарап мағынасыз жымиды да кезекті аялдамадан жылдамдата түсіп қалды. «Әй, Нұрлан-ай» деді ішінен, сосын басын шайқап, болмашы ғана езу тартты.
- Не болып қалды? Ең болмаса дұрыстап айтпайсың ба түсіндіріп, адамды уайымға салмай, - деп ол үйге сөйлей кірді.
- Жазира, мен бірнәрсе болмаса жайдан-жай сені мазаламаймын ғой. Өткеннен бері саған айтып жүрген картинамды бітірдім. Түнімен салдым, тіпті ұйықтамадым, - деді Нұрлан ақталғандай дауыспен.
- Түнімен ұйықтамайсың, сосын бізді де таңғы ұйқымыздан тұрғызып, жазалайды екенсің, - деді Жазира сыныптасының бала секілді ісіне күліп.
- Түу, Жазира қойшы сенде. Өзің көрсеңші алдымен, - деп Нұрлан оны төргі бөлмеге ертіп кірді. Қабырғаға іліп те қойыпты. Жазира жақындап келіп, асықпай асқан байыптылықпен назар салды. Қалың ұйқы құшағындағы ару. Шашы иығына төгілген. Ұйықтап жатса да жымиып жатқан тәрізді. Нұрлан расында жан-тәнімен беріле салса керек. Бояулар үндестігінің өзі шебер қолдан шыққандығын айтып тұрғандай.
- «Ұйқыдағы ару» деп атадым. Қалай? Ұнады ма? – деді ол үнсіз тұрып қалған Жазираға күмілжи.
- Ұнады. Өте керемет. Сенің жұлдызды сәтің туған сынды. Шын жүректен құттықтаймын, - деді Жазира картинадан көз алмаған күйі. Қыздың түр-түсі оған таныс сияқты. Жұмбақ жымиысы да. Есіне түсті. Жарты сағат бұрын ғана қолына Нұрланның суретін ұстаған қыз ғой.
- Нұрлан, сен менен ештеңе жасырып жүрген жоқсың ба? Бұрын маған бәрін айтып жүруші едің, – деп Нұрланға бұрылды.
- Не? Нені жасырам, - деді Нұрлан Жазираның оқыстан қойған сұрағына таңдана.
- Мәселен, мына қызды. Жазира иегімен картинаны нұсқады.
- Мына қызды. Ей, сен өзің, - деп Нұрлан бала күнгі әдетімен қарқылдай күліп алды да: ол бар болғаны сурет қой, - деді. Жазира күлмеді.
- Мен ол қызды танимын, - деді ақырын ғана. Нұрланның әлі де күлкі табы кетпеген жүзі лезде өзгеріп сала берді.
- Қалай танисың? Ол өмірде жоқ. Ол менің шарықтаған қиялымның шырқау шыңындағы жемісі. Түсінесің бе, ол менің туындым. Ол сурет, - деп тоқтаусыз сөйлей жөнелді.
- Нұрлан, мен танимын ол қызды, - деп Жазира қатты дауыстап жіберді. Нұрлан мұндайды күтпеген болуы керек, үздіксіз сөйлеуін доғара қойды. Санаулы сәт үнсіз тұрды да:
- Ал қайдан танисың? – деді. Жазира таңертең автобуста орын алған оқиғаны бастан-аяқ баяндап берді. Нұрлан Жазираны тыныш отырып тыңдады, ол әңгімесін тәмамдаған соң ғана:
- Жазира, сен осы фантастиканы көп оқимын деп өзің де қиял әлемінде өмір сүретін болғансың ғой деймін, - деді. Жазира түкті де дәлелдей алмасын ұқты да, үйден шығып жүре берді. Соңынан дауыстап оны тоқтатпақ болған Нұрланның әрекетінен еш нәтиже болмады.
Арада екі ай өтті. Сыныптасы екеуінің арасында түсініспеушілік туғызған «Ұйқыдағы ару » ұмыт болғалы қашан. Ол тағы да Нұрланның үйіне келе жатыр. Кеше Нұрлан тамаша жаңалығымен бөліскен. Үйленбекші екен. Бүгін болашақ жарын Жазирамен таныстырмақ. Есікті ашқан Нұрланның қуанышы қойнына сыймай жүр. Өткенде Жазира келгендегі келеңсіз жайт ешқашан болмағандай.
- Нұрлан-ау өзің бақ құсыңды тауып бақыттан басың айналып жүр ме, - деп сыңғырлай күліп ас үйге беттеді. Ас үйге кірген ол өң мен түстің ортасында қалғандай күй кешті. Жаңа ғана үйіне бір құшақ көңілділік алып келген Жазираның күлкісінің кілт үзілуін түсінбеген Нұрлан:
- Жазира, не болды? Бәрі дұрыс па? – деді алаңдай. Жазира оның сұрағын жауапсыз қалдырды. Үстелге жақындай бере қызға:
- Сәлем! Мені таныдың ба? – деді.
- Сәлеметсіз бе? Кешіріңіз, сізді танымайды екенмін, - деді жылы жымиып. Жазира қыздың жымиысын да таныды. Содан соң:
- Қалай танымайсың? Екеуміз автобуста кездесіп едік қой, екі ай бұрын. Ұмытып қалғансың ба? – деді.
- Мен сізді өмірімде алғаш көріп отырмын, - деді қыз. Оның жүзіне тағы да мағынасыз күлкі үйіріліп қалып еді.
- Жазира сен күнделікті өмірде көптеген адамдармен кездесесің, біреумен шатастырған боларсың, - деп Нұрлан сөзге араласты.
- Жоқ, Нұрлан. «Ұйқыдағы ару» есіңде ме, сен салған картина, - деді Жазира Нұрланнан көмек күткендей.
- Қандай «Ұйқыдағы ару» ? Нұрлан енді оған үрейлене қарады.
- Төргі бөлмеңде, қабырғада ілулі тұрған. Жазира оның жауабын күтпестен төргі бөлмеге бет алды. Жазира өз көзіне өзі сенбеді. Түсініксіз. «Ұйқыдағы ару» жоқ. Оның орнында әлдебір дала көрінісі. Тамаша бейнеленген. Бірақ, «Ұйқыдағы ару» ешбір жерде жоқ.
- Ол мұнда болатын. «Ұйқыдағы ару». Мына дала суретінің орнында.
- Жоқ. Бұл картинаның орнында басқа картина ешқашан болған емес. Сен өткен жолы келгеніңде «Өте керемет. Сенің жұлдызды сәтің туған сынды» демеп пе едің? Бұл сурет саған өте ұнап еді ғой, - деді Жазираға аң-таң кейіппен. Есіктің жақтауына сүйеніп тұрған қыз Жазирадан көзін алар емес. Баяғыдай жымимайды.Түсініксіз көзқарас.
- Мен кетейін, жұмыстарым бар, - деді сәлден соң. Олар бұны тоқтатуға тырыспады. «Қалсаңшы» деп те айтпады.
- Кешір, Нұрлан, бірақ сыныптасың біртүрлі ме, қалай өзі?
- Мән бермей-ақ қой, ол бұрыннан сондай. Негізі жақсы қыз, - деген олардың өзара әңгімесін есік сыртында сәл бөгеліп қалған Жазира естіді. «Мен біртүрлімін бе? Әлде өздері ме?» деп күбірлеген ол далаға шықты. Жаңбыр жауыпты. Салқын. Бойы тоңазып кетті. Тезірек үйіне жетуге асықты. Аялдамаға барып, автобус күткісі келмеді. Такси тоқтатты. Үйіне кіргенде әлдебір жылулықты сезді. Ойына оралған бір әуенді ыңылдап жүріп, жазу үстеліне келді. Көп уақыттан бері беті ашылмаған қалың дәптерін қолына алды. Қашан екені белгісіз «Ұйқыдағы ару» деп түртіп қойыпты. Әндете түсті. Ол көңілді еді. Тақырыбы қойылып, жазылмай қалған туындысына лайықты мазмұн табылғанына іштей қуанышты еді.