Халиса таң алагеуімде тұрып, үстіне ілгіштегі күпәйкіні желегей жамылып, шелегін ала сыртқа шықты. Алғашқы көктемнің бойға қан жүгіртіп сергітер таңғы салқыны шөп бетіне таңғы шық туғызған. Маржандай тізілген шық – Халисаның көңіліндей мөп-мөлдір, нәп-нәзік. Қораға аяңдаған ол аспандағы түнерген бұлтты көріп «жаңбыр жауа қалар ма екен?» – деп ойлады іштей. Қораға кірісімен көздері моншақтай болған сиырларына:
– Е-ей, айналайындарым-ай, күйеуім кеткен соң асыраушым сендер болдыңдар ғой, – деп еркелете жүріп, Жаратушысына шүкірлігін айтып, сиырларын сауып алды.
Халисаның күндегі тірлігі осылай басталатын. Жұбайының дүниеден озғанына биыл алты жылдың жүзі болды. Содан бері күйбең тіршіліктің күйкі тірлігі бір Халисаның мойнына артылды. Айналдырған бес-алты сиырын әрі азық, әрі кәсіп қылып жан бағып отыр. Өткен жылы жұбайының көзі тірісінде серігі болған тракторын сатып, ұлын оқуға түсірген еді. Ұлы қанша жерден «әкеміздің көзі ғой» десе де, «бұны айдайтын адам жоқ, тот басып тұрғанша, сенің кәдеңе жарасын да» – деп іштей қимаса да, баласының жолына сол темірді садақа қылды. Бүгінде оқудағы ұлына сүт сатып тапқан ақшасының жарты бөлігін, құрт-май, аузынан жырып ет салып жібереді.
Сиырын сауып болған Халиса үйге кіріп, қызын оятты. Бұлар тұратын ауылда күндіз ауыз су болмайтын. Тек түн қараңғысынан таң атқанға дейін су ағатындықтан түні бойы қызы екеуі тіртінектеп үйіндегі ыдыстарын суға толтырып алатын. Шәугімге шай қояйын деп құбырды ашып еді, бүгін суды әдеттегіден ертерек тоқтатыпты. Құбырдан аққан тамшы бос шәугім түбіне тырс-тырс етіп тама берді. Тырс-тырс...
... Тырс-тырс. Динараны оятқан осы дыбыс болды. Жүйкесіне тиген бұл «тырс-тырс» не болды деп басын көтеріп еді, үйдің төбесінен су тамшылап тұр. Динара бірден түсіне қойды. Үстіндегі көршілерінің «суға батырып» жатқандары бірінші емес. Артынша телефон шырылдады. Тұтқаны көтере сала көршілері:
– Ренжімеңізші, сіздің үйіңізге су тамшылап тұр ма? Өткен жолы кір мәшинеміз бұзылып еді ғой, осы жолы құбырымыз жарылыпты. Қазір сантехник шақырып қойдық, келіп жөндеп кетеді. Айып етпеңізші...
Көршісінің шыр-пыр болып, шәңкілдеп шыққан даусы Динараның жүйкесіне тиді, білем:
– Әйтеуір қиындықтарың таусылмайды екен. Мен, не енді, құбырың жарылды екен деп төбемнен тескендеріңе шыдап отырайын ба? – деп жекіп тастады да, тұтқаны қойып қойды. Ашуланып, көршілерін қарғап жүріп су тамшылап тұрған жерге шылапшынды тастай салды.
Динара тәртіптілікті сүйетін, жинақылықты жақсы көретін. Айналасынан да соны талап ететін. Талабы орындалмаса қаталданып, долданатын. Сол себепті достары аз, қызметтестер, көрші-қолаң «бәлесінен аулақ» деп кездескенде өтірік жымияса қоятын. Осы мінезі үшін алты жыл бұрын күйеуімен де ажырасқан еді. «Еркектердің барлығы бірдей жатып-ішер» – деп мансап қуып, атақтың артынан кетті. Алайда сол мансабы кеше Динараның көңілін қалдырды. Қанша күн, қанша түн жарғақ құлағы жастыққа тимей, кейде тамақтануды да ұмытып, жұмысының маңызды есеп-қисабын жүргізіп еді. Ұйықтамай шаршағандықтан болар, әйтеуір, сол есебінің бір жерінен кілтипан шығып, кілтипан болғанда өте үлкен ағаттық кетіп, кеше сөгіс алып қайтқан Динара көңілі құлазып, үйге келісімен нәр татпай жатып қалған. Бір жағы кешегінің ашуын бүгін көршілерінен алып алды...
... – Бүгін су ерте тоқтап қапты ғой. Малика құманның суымен жуын, – деп Халиса дастархан жайып жатты. Оразасын ашқан соң, қызының шашын өріп, сабағына шығарып салды. Артынша өзі де жиналып, бөтелкелерге құйылған айран-сүтін алып, қалаға қарай тартты. Жалғыз ілікті әйел болған соң, бір жағы қолы ашық, жүзі жылы жан болғандығы үшін көршілері үнемі Халисаға көмектесіп тұратын. Күнде орталықта жұмыс жасайтын көршісінің мәшинесімен қалаға жетіп алатын. Халисаның күнделікті сауда жасайтын орны – көп қабатты үйлердің айналасында жайқала өскен ағаштардың саясы. Тауары таусылғанша сауда жасап, үйге азық-түлік, керек-жарағын алып қайтатын Халиса бүгін де үйреншікті орнына кеп жайғасып, заттарын алдына жая бастады...
... Қанша күннен бері жарытып дәм сызбаған Динараның асқазаны «белгі» берейін деді. Тамақ әзірлеу үшін оны-мұны алып қайтпақ болып сыртқа шықты. Күнде пәтерінің алдында сүт сатып отыратын әйелге барды. Халиса алғашқы сатып алушысын өте жайдары қарсы алды.
– Сүт өзіңіздің сиырларыңыздікі ме?
– Иә-иә, өзімдікі, айналайын. Сол Жасаған бергірлер ғой асырап отырған.
Динара Халисаның соншалықты өбектей сөйлегенін жақтырмады. «Әр адам орнын, жөнін білу керек қой. Мен бір жағдайын сұрағандай соның» – деп ойлады. Сол мезетте жаңбыр себелеп жауа бастады.
– Түу, көршілерімнің төбемнен жауып жатқаны аздай, енді мына жаңбырды қарашы, – беті тыжырынып, қолын басына бүркемелеген Динара көңіліндегі ойын ірке алмай, қалай дауыстап айтып жібергенін білмей қалды.
– О не дегеніңіз! Жаңбыр деген нұр ғой. Алланың нұры. Білесіз бе, жаңбырдың әр тамшысын бір періште жерге алып түседі екен-дағы, әр тамшы жерге нәр-қуат боп бітеді екен, – деп Халиса тұнық көздері одан сайын нұрланып, шын пейілімен жауап қатты.
Қапелінде Динара не айтарын білмей, алған затының ақшасын төлеп, пәтеріне кіріп кетті.
Сүт сатушы әйелдің өзі де, сөзі де Динараның ойынан кетпей қойды. Осы уақытқа дейін жаңбырға үстіңді малмандай су қылатын, айналаны лай-батпақ қылатын нәрсе деп қана қараған оған әлгі әйелдің жаңбырдың әр тамшысын қасиетті қылғаны да, далада сүт сатып, бүрсеңдеп, азын-аулақ тиын-тебенге қарап отырған сатушының, аты дардай компанияда жұмыс жасап, дәрежесі жоғары өзінен әлдеқайда бақытты көрінетіндігі таң қалдырды. Ой жетегімен отырғанда Динараның өткен өмірі үй төбесінен тамған тамшыдай тырс-тырс етіп, бірінен соң бірі көз алдынан өте берді. Бұрынғы күйеуінің құрылыс салып тапқан жалақысының мардымсыз екендігін, жалғыз өзінің асырап отырғандығын айтып үйде талай шу шығарушы еді. Ұрыс-керістен шаршаған күйеуі үйіне қонбаса, оны да дау қылатын...
... Екінтінің кезінде Халиса саудасын аяқтап, күндегі әдетін қайталап, үйіне қайтты.
– А-а, Маликаш, тамағыңды әзірлеп қойғансың ба? – үйге кірген апасына Малика басын изеп, қолындағы жүктерін алысты.
– Анау суды көрші, әлі ақпап па екен? Болмаса астына шелек қойып қой. Су аққанын біліп отырайық.
Малика апасының бұйрығын орындады. Су әлі ақпаған екен. Тек шелек түбіне тамған тырс-тырс тамшылар.
– Айтқандай, апа, күндіз пошташы кеп, бір пошта беріп жіберді. Асан ағамнан келіпті, – деді бір кезде қызы конверт жатқан сөреге жақындап.
– А? Не екен ол? Жайшылық па?
– Білмеймін. Ашпадым, – деп «Асан Ниязовтан» деп жазылған конвертті анасына ұсынды. Ашып қараса ішінде біраз ақша, жанында бір парақ хат. Хатта асырап-өсіргендігі үшін, жыраққа кетсе де, аузынан жырып бар жиған-тергенін беріп, ештеңесін аямағаны үшін, ана жүрегінің мейірімділігі үшін ұлының алғысы жазылған екен:
«Ұлыңыз биыл 2-курста. Өзімнің мамандығыма жақын жұмыс таптым. Жалақысы да әжептәуір. Енді сіз балаңызға емес, балаңыз сізге ақша салып отыратын дәрежеге жетті. Апатай, бұдан былай аз-маз тиын үшін далада бүрсеңдеуіңізге жол бермеймін. Сіздерді мен асыраймын. Ендігі сүйеуіңіз – менмін, анашым. Өзіңізді күтіңіз. Қарындасымды менің атымнан сүйіп қойыңыз. Сәлеммен, ұлыңыз Асан».
Ана жүрек толқып кетті. Ұлының ержеткендігін, ендігі тіреуі Асантайы екенін ұғынған Халиса қуаныштан көз жасына ерік берді. Сырттағы жауын да ана мейірімділігіне тәнті болып, ризашылығын білдіргендей одан сайын төпеп қоя берді...
... Тұрмыста жүргенінде Динара «Баланы қайтеміз, өзіміз әрең күн көріп жүргенде. Аяғымызға босқа оралғы болады. Оның үстіне шенім көтерілгелі тұрғанда декретке шығар жайым жоқ» – деп бұл мәселені үнемі кейін шегеретін. Ал қазір сол ісіне қатты өкініп отыр. Қиналғанда иығына басын сүйер жары болмаса да, көңілін аулар, мынау баянсыз, байлаусыз дүниеден ойын бөліп, алдарқатар бір перзенті болса, дәл қазіргідей өзін соншалықты жалғыз, бейшара сезінбес те ме еді?! Төзгісіз мінезінен достары да сырт берді. Осы мүсәпір күйін ойлап Динараның көзінен жас парлап қоя берді. Даладағы нөсерге қарап аспан да мені аяп, жылап жатыр ма деген ой келді. Кенеттен біртүрлі тыныш бола қалды. Сөйтсе көршілерінің «тырс-тырсы» аяқталған екен. Мүлгіген тыныштық Динараның көңілін құлазытып жіберді...
... «Тырс-тырс» бітіп, сарылдаған судың даусы естілді.
– Малика, су ақты. Ыдыстарды толтырып алайық, – деді Халиса ұлының жазған хатын құшағынан босатып...
Постскриптум
Әр адамның «тырс-тырс» еткен тамшысы бар. Ол тамшы иесінің болмысына қарай әртүрлі. Халисаныкіндей Шүкіршілік пен Сабыр тамшысы болса, соңы мөлдір-таза суға айналмақ. Динараның тамшысындай Дүниеқоңыз, Қанағатсыз болса, тамшы тескен тастай морт сынып кетерсіз. Сіздің болмысыңыздың тамшысы қандай, құрметті оқырман?