"Мен әдебиетке ерте араластым. Бесінші курста кітабым шықты. Атақты болдым. Ерте пьеса жаздым. Сахнадан қойыла бастады. Ерте "Гауһартас" киносы түсірілді...", - дейді Дулат Исабеков.
Әдебиет сахнасына өзіндік қолтаңбасымен келген заңғар жазушы Дулат Исабеков шығармалары бәрімізге мектеп кезден бері таныс. Оқушы сәтімнің ең тәтті сәттері «Әпке», «Сүйекші» сынды туындылармен танысып, Қамажайдай әпке болуға деген арманмен ұштасып жатты. Ал бірінші курс студенті болған алғашқы көктем «Қарғын» романын оқумен басталған еді. Мен секілді студент Бағиланың соншалық таза көңілі іштей «сен зор құрметке лайықсың» деп үн қатуыма себепкер болса, Жасын бейнесі сыр сандықтай жабулы қалды. Бұл туындылармен танысу барысындағы таңданыс, қобалжу, бірде жатырқай, бірде жабырқау, енді бірде жайдары қабылдаған кездерім әлі күнге дейін есімле деп айтса артық айтқандық емес.
Д. Исабеков - Қазақстанның Еңбек ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Тәуелсіз Қазақ ПЕН-клубы мен платиналы «Тарлан» сыйлықтарының, «Достық», «Құрмет» орденiнің иегері. Қазақстанның Құрметті жазушысы.
Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов Дулат Исабеков туралы "Дулат – қаламгер. Дулат – жазушы. Тәңірі сыйлаған таланттың тірлікте не істеу керек екенін "жазушы" деген жалғыз ауыз сөз өзінен-өзі паш етіп тұр. Ендеше, өзін күллі жұрттан, семьядан бөліп тастап, есікті тарс жауып, өз кабинетінде өзін қамаған осы бір тым-тырыс, жым-жырт сәтте өз ойы, өз сезімімен арпалысып отырып, ол енді тап бір тәңірінің өзімен тайталасқандай, кешегі Зейнолла Қабдолов айтатындай, өмірден – өнер жасайды. Өзі жасаған өнердің құдіретімен дүниеде тірлік кешіп жатқан адамдардай, кәдімгідей адамдар туғызады. Олардың да кәдімгі адамдардай әрқайсысының өзіне бұйырмас таланты, тағдыры болады". "Дулаттың драматургияға келгендегі алғашқы туындыларының бірі "Әпкенің" тақырыбы – өлмейтін тақырып.
Күні бүгінге дейін қырық-елу жылға таяу қазақ театрларының сахнасында алма-кезек қойылып келеді және осы пьесаға көрермен көп жиналып, қатты толқып, тебіренеді. Өйткені бұл – жетімдер проблемасы, бауырмалдық, отансүйгіштік проблемасы. Сол үшін де көрерменді қатты қызықтырады. Мысалы, інілерін, жетім қалған балаларды сүйреп, әпкесі өз тағдырын шешпесе де, балалардың тағдырына араласып, солар үшін жанын пида еткен Қамажай сияқты адамдар бүгінде сирек. Бір үйде тұрып ағайынды екеу сиыспайды, ал үлкенді-кішілі бір топ бауырдың басынан өткен оқиғалары адамның жанын тебірентеді. Бұл – драматургияның күші", - деп бағалаған режиссер Есмұхан Обаев.
Дулат Исабековтың драматургтік қырын тану мақсатында тек «Әпке» туындысымен шектеліп қалу – қателік. Дулат Исабеков "Мұрагерлер" пьесасы үшін 1985 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Мұхтар Әуезов атындағы сыйлығын алды, 1992 жылы Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері болды. Одан бөлек қаламгерге марапатты халық беріп келеді. Оның шығармалары жастардың қолынан түспейді, ал пьесалары тек Қазақстанда ғана емес, әлем театрлары сахналарында қойылған.
Оқырман ретінде ең тәтті сезім санада шырмалған сан сұрақтың жауабын тапқан сәтте болса керек. Жүрек түкпірінде жасырынған жұмбақтың кілті сен оқыған шығармада, сыр сандықта жасырулы болса, соңына дейін оқуға асығып, автормен тілсіз үндесесің. Міне, Дулат Исабеков шығармаларын оқу барысында мен жазушымен сұхбаттастым. «Бауырмашылдық деген не?, адамгершіліктің шегі бар ма?, махаббат баянды ма?» деген секілді сұрақтарға жауап алдым. Қазір оқуды тәмамдауға да аз қалдық. Қара шаңырақпен қоштасу көктемім де жазушының тағы бір шығармасын өз аспанына құс етіп ұшыратындай. Құс қанаты ешқашан талмасын.