Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың қабылдауында болған зиялы қауым өкілдері бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Мысалы, «Абай мектебі» мен жазушылар қауымы арқа сүйейтін тірек болатын орда ашылуы керек. Сондай-ақ сансыз бабтар мекені Сайрамның тың құпияларын ашып, тылсым тарихын зерттеу ұсынылды. Түркістанды уақыт талабы қажет ететін ұлттық кодтан ауытқымай отырып дамыту еске салынды.
Өңірдің жай-күйі, мәдениет, руханият, білім, туризм салалары, өнер мен тілдің ахуалы әңгіме арқауына айналып, келелі кеңеске ұласқан басқосу барысында зиялылар өз ұсыныс-тілектері мен ойларын бүкпесіз ортаға салды. Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев Саурандағы көнеден қалған кәріз жолдары жайлы сөз етті. Әлі күнге дейін сақталған аумақты қайта жандандырып, әдемі дүниеге айналдыруды ұсынды. Бұл кәрізді Үндістаннан әкелінген құлдар немесе ирандықтар жасаған, деген болжам бар. «Ыстық өлкелерде қашан да кәріз құдықтары пайдаланылған. Кәрізден шыққанда Алаңбұлақ деген бұлақ бар. Алаңбұлақтан Түркістанға дейін оншақты құдықтың ізі жатыр. Су Алаңбұлаққа дейін келіп Түркістанға жерасты жолдарымен жеткен. «Түркістан жаугершілік заманда қалай қорғанды» десек, осы судың арқасында қорғанып отырған. Ауылдың Кәріз атанып кеткені де содан болған. Жер асты суларын бір орынға жинап, оны жер бетіне шығарып, шаруашылыққа пайдалану үшін көлбей қазылған қуыс арна – кәрізге жауапты адамдар да болған. Міне бұл да бір Түркістанның ерекше құпияларының бірі, деді Жамбыл Омарұлы.
Сәкен Қалқаманов кездесуде айтылған барлық ұсыныстарды назарға алды. Зиялы қауым өкілдеріне құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Сондай-ақ «Алатау медиа-орталығын» аралап, Түркістан төрінде орнатылған хакім Абайдың жаңа ескерткішіне барған зиялылар ұлы ақын мүсінінің ерекшелігіне жоғары бағасын берді.