Туған жердің тынысы
блог
Поездан түскенде шығыстың ып-ыстық лебі бетті шарпып, жасыл шөптің аңқыған иісі танауды қытықтады. Аспан да, жер де аптапқа қақталып, бастапқы өңін жоғалтып, тозған шүберектей оңып кетіпті. Әйтсе де қоңыр салқын күн, туған жердің таныс топырағы анам Толқынның көңілін елжіретіп, көптен бері жүрек түбінде тұнып жатқан сағыныш жасын көзіне үйірді.
Біз мінген «джип» әне-міне дегенше қаланы артқа тастап, терістікке қарай созылған ұзақ жолға түсті. Рульдегі жігіт бұл өңірдің ой-қырын жақсы білетін болса керек, алдыңғы жаққа бей-жай қараған күйі жылдамдықты бірқалыпты ұстайды.Аздан соң алыстан бұлдырап, көкжиекті жотасымен тіреп жатқан Шығыс Алатауының қоңыр сілемдері көрінді. Толқын өзінің ауылын, өскен өлкесін көптен сағынып жүретін-ді. Бірақ ол сағыныш үзіліп-үзіліп, әлі толғағы жетпеген күй секілді кеудесінде ұзақ қонақтай алмаушы еді. Себебі, қаладағы бірыңғай құрмет пен қошаметке бөленіп, үлде мен бүлдеге оранып өмір сүріп келе жатқан сәнді де салтанатты тіршілік қоңырауы қайта-қайта сыңғырлап, ол сағынышты үркітіп жіберетін-ді.Енді міне, Шығыс Алатауы көрінген сәттен бастап-ақ жүрегі өрекпіп, өзін-өзі ұмытып, айналадағы көрініске ынтыға қарап, қанаты болса, құс болып ұша жөнелгісі келеді. Бала күнінен көзге таныс бел-белестер жылыұшырап, маң даланың мейірімі иіп, кең құшағын айқара аша түскен секілді.Әне, анау алдағы биік шоқының үстіне көтерілсе болды, ар жақтан ақ шатырлары күнге шағылысып туған ауылдың төбесі де көрініп қалады.
Біздің келетінімізді күні бұрын біліп, қой сойып, қазан асып, қаз-қатар тізілген ақ самаурындарға шай қойып, бүкіл ауыл абыр-сабыр болып жатқанға ұқсайды. Шығыа Алатауының басынан сүліктей жылтыраған қара «джип» жылт етіп көрінгеннен-ақ бір-бірінен сүйінші сұрағандай шулап, бірінің сөзін бірі естімей гуілдесіп кетті.
Көксаланың кешкі лебі бүгін жып-жылы.Жым-жырт. Есік алдындағы у-шу басылып, келген жұрт өрістен қайтқан малдың алдынан шығуға кеткенде үй ішінде негізінен ауылдың үлкендері ғана қалды.
Олар қызынан қысқа-қысқа сұрақтар қойып, қаладағы жаңалықтарды сұрастырып үлгеріп жатты.
Күндізгі у-шудан кейін құлағы тыншып, бойы жеңілдеп қалған Толқын есік алдындағы тапшанға келіп тізе бүккен-ді.
– Қалайсыңдар, ботам?
Ол анасының тапшанға таяп келіп, бетіне үңіле қарап тұрғанын жаңа ғана байқады.
– Жақсымыз, апа. Өзің қалайсың?
– Е-е, біз… Құдайға шүкір, аман-есенбіз ғой.
Ол бір сәтке анасының кеудесіне басын қойып, ішкі сырын түгел ақтарып тастағысы келіп отырды да: «Бәрі жақсы, апа,» деді ақырын ғана үн қатып.
Қалаға қайтатын уақытта жетті, суыққанды Алматыны да сағынады екенмін ау деп ойламаппыз. Туған-туыспен қоштасып, ұшағымызға жайғасып, үйімізге бет алдық. Бір жақсысы, мынандай зау биікте ұшып келе жатқанда жер бетіндегі қиын сұрақтардың барлығы да төменде қалып, өзіңді құс сияқты самғап кеткендей жеңіл сезінесің.
Кім біледі… мынау жарық жалғандағы өлшеулі мерзімі біткен күні көкке ұша жөнелетін қуыс кеудедегі шыбын жан да тап осындай еркіндікті сезінетін болар-ау!..