Суретші. Өнер саласында өзінің өміршең өрнекті орны бар осы бір ғажайып өнер иелерімен балалық шағымда қолыма тиген «Батырлар жырында» басылған Сидоркиннің ғажайып суреттері арқылы таныстым. Тіпті ол кезде одан басқа да көптеген қылқалам шеберлері бар екенін білмейтін едім.
Бертін де ғой Ә.Қастеевті, Таңсықбаевты, Г. Ысмайлованы тағы басқаларын газет - журналдардағы олар туралы жазылған мақалаларды арагідік жарияланған суреттерін көзім шалған. Соның өзі бала көңіліме өшпестей із салған. Суретшілер туралы өмірге әкелген өлмес өршіл шығармаларын танып білсем деген беймәлім талпыныс санамды билегені тек...
«Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші Баянауыл ауданының Большевик колхозының қойшысының қара сирақ ұлына ондай мүмкіндік қайдан туа қалсын? Бәрі тәтті арман, ұшы- қиырсыз қиял болып қала беретін. Содан да болар Мәскеуге табаным тиген тұста қасымдағылардың қарсылығына қарамастан Бородино Понарамасына ат басын тірегенім. 1812 жыл француздарымен орыстардың соғысы өртенген деревня, қызыл қанға боялып о дүниеге аттанғандар.
Аттан құлап бара жатқан француз офицері осының бәрі суретшілердің қылқаламының құдіретімен дәл сол сәтте көз алдымда өтіп жатқандай әсер еткен. Суретшілердің шеберлігіне, өнер құдіреті мен шексіздігіне таң қалдым.
Сол сәт қасымдағылардың кірпіктеріне ілінген мөлдір тамшылар мені қатты таңқалдырды.Өйткені олар күні кеше пролетариаттың ұлы көсемі Лениннің мавзолейінде болып, оның бальзамданған мүрдесін көргенде, мұншалықты сезімге бой алдырмаған еді...
Павлодарда да ел таныған суретшілер баршылық. Біразымен әртүрлі жиындарда кездесіп, кейде тіпті сапарлас болған кездеріміз де жоқ емес. Солардың арасында менің бейнемді кескіндеген – Бота Мәшірәпов. Жергілікті композитор Назымбек Дүкенбай екеуміздің балаларға арнаған әндерімізге жергілікті қылқалам шеберлері Ә. Игенбаев, Ө. Шұранов, бала санасына қонымды, әдемі де әсерлі суреттер салған.
Бірақ солардың бір де бірі шеберханаларына, қалада өтетін көрмелеріне шақырған емес. Мен де ықылас таныта қоймадым. Тек сол күндердіңде көзден бұл-бұл ұшқаны қашан. Жас ұлғайып, жетпіске иек артқан тұста мұны айқын сезіндім. Әртүрлі жиынға, кездесулерге шақыру сиреді. Бірде ұйымдастырушылар шақыруды ұмытып кетсе, кейде денсаулық, шіркін, сыр берді.
«Патша Құдайға бәрі де оңай» деген осындайдан шықты ма екен? Күндердің күнінде «Ата-баба ізімен» экспедициясын ұйымдастырушы П. В. Белековпен ілескен суретші В.Ф. Поликарпов пәтерімнің есігін қақты. Менімен танысқаннан кейін діттеген шаруаларын жайып салды. Сонымен қатар ол аталған экспедицияның бағдарламасын қолыма ұстатқан. Онда:
Бірнеше Павлодар тұрғындарынан тұратын шығармашылық топ біздің даңқты жерлесіміз ақын Павел Васильевтің отбасының тарихи өмір эпизодтарын жаңғыртуды семья басы Николай Корнилович Васильевтің Сандықтас станциясындағы училищеге директор болып тағайындалған тұсынан бастауды жоспарлаған. Ал олар Сандықтасқа 1913 жылдың жазында көшіп келген болатын. Бұл елді мекен Павлодардан 600 шақырымға таяу.
Бағдарламаның негізгі мақсаты ат-арбалы экипаж жабдықтау, Васильевтер өткен жолмен жүріп өту, шығармашылығын насихаттауға саяды.
-Сіз ақын Павел Васильевтің өлеңдерін аударып, жинаққа енгізген екенсіз. Кітап бар болса, соның бір- екеуін сатып алсақ деген едік. Менің:
- Павел Васильев кімдеріңіз еді?- деген сауалыма жерлесіміз:
- Орыстың ұлы ақыны,- деді, мен оларды іштей қайталап:
- Негізінде орыста ұлы ақын- жазушылар аз емес қой. Ал мынадай іздеушілері, қолдаушылары тұрғанда орыс әдебиетінің ұлы қайнары мәңгі де суалып, сарқылуы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес. Менің ойымды Поликарповтың:
-Ақын шығармашылығына тікелей қандай қатысың бар екеніне келер болсам,- деген сөзі бөлген. -Мен ол кісінің өлеңдері тақырыбына 1986 жылдан бері сурет салумен келемін. Олардың көпшілігі көптеген басылымдарға басылды,- деп Республикалық «Простор» журналының 1991 жылғы №3 - санын ұсынды.
Әлде мен ақын өмірінің соңғы сәтінде алыстағы қазақ даласын Ертіс өзенін оның тайдай тулаған толқынын сол өзеннің жағасында мәңгілік орын теуіп, қазақ - орыс тағы да басқа ұлт өкілдерінің құтты мекені, алтын бесігіне айналған сол тұстағы жұпыны Павлодар қаласын есіне алды ма екен? Кім білсін ?! -деген ойға берілгем.
Ал оны павлодарлық шығармашылық иелерінің ұмытпағаны хақ. Бұдан айғақ көп. Бұл арада оның атымен аталатын мұрағат, ескерткішті өткізіліп жататын әр түрлі шараларды айтып жатпадым. Ойыма ақын Ольга Григорьеваның мына бір өлең шумақтары оралды:
Қиналмай жүзіп өтем өмірдің өршіл өзенін,
Ойлаған болар қияметіне тірлік төземін.
Жолын тосқан қаскөйлерді күтіп сәтті кезеңін,
Қан жоса қылып бейкүнә жұртты сан қырған.
Су астының ағыстарын иірімдерін білсе де,
Сезбеген ол келесі сәтте боларын кім құрбан.
Алыстағы Мәскеуде ұялы қасқыр ұлыған,
Таларын өзін,
Жалт берерін асау тағдыр антұрған.
Осы шумақтарда жазықсыз жапа шегіп, қуғын көрген ақын трагедиясы айқын көрініс тауып тұрған жоқ па?
-Ал Виктор Поликарпов Павел Васильев байтақ даланы шексіз сүйген оны өз жырына арқау еткен оның тұрғындарының талайсыз тағдырына қатты қынжылған. Ал мен болсам байтақ далаға деген шексіз құмарлықты, құштарлықты ақын Павел Васильевтің жырларынан, археолог Ақышевтің: «Құдайдың өзі маған сыйға тартқан сынды көрінетін» өлшеусіз өмір үлгісінен алдым.
-Ғапу етерсіз сонда сіз...
-Сөзіңізді түсіндім тек жай таныс - біліс қана емес, кезінде Ақышев ұйымдастырған «Отырар» экспедициясына қатысу бақытына ие болған едім. Тіпті қол астында жұмыс істедім.
- Мүмкін болса өміріңіздің осы кезеңіне толығырақ тоқталыңызшы.Ол кезде мен Н.В. Гоголь атындағы көркем сурет училищесінің студенті едім. Жазғы демалыста экспедиция жұмысына суретші ретінде атсалыстым.
Ақышев сол кездің өзінде Қазақстанның әйгілі археологы болатын, соған қарамастан менің бір жағы шеберханама, бір жағы жатын тұрағыма айналған шатырыма арнайы келіп: « Менің қазба кезінде табылған заттар бойынша жасаған сызбаларыммен қызыға танысып, сан рет бағалы кеңес бергені есімде қалыпты. Мұндай да ол өзін өте қарапайым ұстайтын.
Сенің пікіріңді жалықпай тыңдауға әзір еді. Міне мына суреттер- сол тарихи кезеңнің олжасы»,- деп қолындағы альбомын ұсына берді. Ал ақын Павел Васильев пен археолог Ақышев санама сіңірген ұшы - қиырсыз далаға деген шексіз махаббат мені мәңгілік Павлодарда тұрақтап қалуыма себеп болды.
Оның қаладағы Багаев атындағы мұражай құруға атсалысушылардың бірі екенін жұрттың бірі білсе, бірі біле де бермес. Тіпті оның ұзақ өмірінде тындырған істерінің бірі ретінде ғана қарауға да болар. Тек оның мына бір пікірі...
-Сіз деді ол маған назарын тіктеп. Багаев тек кедейлерді ғана суретке түсірген дегенге сенесіз бе? Жоқ, бұл тіптен де олай емес. Ол орыс кулактарын, қазақ байларын да суретке түсірген. Олардың арасында осы аймаққа белгілі адамдар да аз болмаса керек. Тек соны кеңестік солақай саясат мәңгілік жойып жіберді,- деді ол.
Сурет өнерінде өзіндік ізі бар «Павел Васильевтің өлеңдері» тақырыбына Павлодар өңірінде тұңғыш қалам тартқан суретші П.Васильевтің өлеңдерін жатқа оқып, облыстық радиодан бірталай тартымды хабарлар ұйымдастырған публистикалық жазбалардың авторы. Ал оның «Баянауыл» тақырыбына салған суреттері менің туған жерге деген балалық, мәңгілік махаббатымды одан әрі арттыра түскендей еді. Онымен ұзақ әңгімелестік.
Мен осы бір өнердің әр саласын шебер меңгерген жұдырықтай жүрегінен П. Васильевке, Ақышевқа, қазақ даласына мәңгілік орын берген солар арқылы қазақтарды құрмет тұтқан В.Ф. Поликарповпен, міне, осылай таныстым.
Сүлеймен Баязитов