Балықтар! Менің достарым да, сыр ашатын жолдастарым да - солар. Мейлі... Сұрағым жауапсыз қалса да үн шығармастан ауыздарын қимылдатады. Мүмкін, мен оларды естімейтін шығармын... Мүмкін, мен бүкіл əлемді естімейтін тас кереңге айналған шығармын.
Кеудемдегі дүрсілдеп соққан əлдене тас секілді қатты, əлде темір ме екен? Өмірлік жолымнан адасып, өзімді жоғалтып алғандаймын. Көзімнен де жас шығар емес. Тек мойныма темір тағып қойғандай тамағымды бір өксік қысады да тұрады. Анау шыны қораптың ішіндегі кебіс, Дастанның кебісі маған Дастан атынан үн қататындай. "Суға кел, сені күтемін!" - деп тұрған сияқты.
Түн қараңғысына қарамай үйден шығып кеттім. Менен Дастанды тартып алған сұмырай судың қасына бардым, көлге! Сонда ғана жағада отырып, он екі жыл бойы ішімде тығылып жатқан шерді тарқатып алғандай болдым. Егіліп жыладым. Көзімнен аққан тамшы жас сол көлге төгіліп жатты.
Арада бір апта өтті. Жексенбі. Қысықкөз мені кездесуге шақырды. Иə, тағы да! Қаламасам да бардым. Себебі, мен жүрексізбін, маған не болса да бəрібір секілді.
Мейрамхана.
- Көріктім, не қалайсың? - деді ол қулана сөйлеп.
- Қаламаймын. Ештеңе керек емес...
- Неге?.. Онда шарап алдырайын...
Үндемедім. Бір нүктеге қадалып отыра бердім. Ойымда ештеңе де жоқ, жəй ғана қуыршақ сияқтымын. Ол даяшыны шақырып, тапсырыс беріп жатты. Мені оның ешқандай байлығы да, қымбат дүниесі де, сəн-салтанаты да қызықтырмайды.
- Неге мұндайсың? - деді қысықкөз. Бұл жолы сөзі əдеттегіден салмақты, өзгеше. Мені аздап түсіне бастаған сияқты ма...Өзіне мүлде ұқсамайды, оның бұлай өзгере қалғанына таң қалып отырмын.
- Мен кетейін... - деп жинала бастадым.
- Тоқта, - деп қолымнан ұстады. Алдыма тізерлеп отырып: - Мен осы сəтті көп күттім. Көріктім, маған тұрмысқа шықшы, - деп қолыма жүзік салғалы жатқанында, қолымды тартып алып, теріс бұрылып, кетіп қалдым.
Аяғымды жылдам басып, өз деміме өзім тұншығып келемін. Бір қалауым - мына күйден... өз-өзімнен қашып құтылу.
Балалық шағымызда Дастан екеуіміз бірге ойнаған əткеншектер жанына жете бергенімде, аспанда əлдене жарқ етті. Отшашу! Ойға батып тұрдым. " - Еһ, Дастан! Сен тірі болғанда ғой... " - деп күрсіндім.
- Көріктім, қайда барасың? - деген əлдекімнің дауысы құлағыма сыбырлады.
- Дастан! - дедім жəй ғана.
- Тағы да Дастан! Ол кім, айтшы, - деді сыбырлаған үн.
- Сен Дастан емессің!
- Мен Дастан емеспін. Мен кіммін? Есімімді əліге дейін білмейсің... Бəрін тез ұмытып қаласың. Ал мен сені сүйемін! Маған тұрмысқа шықсаң, мен сені емдетемін. Өткеніңнің бəрін ұмытасың, Көріктім, - деді дауыс.
- Жоқ. Мен өткенімді ұмытқым келмейді. Мен Дастанды ұмытпаймын! Мен Су перісімін! Мен суға кетемін! Сенімен ешқайда бармаймын... Сен көз алдында анасы əкесінің қолынан өлім құшқан перзентсің. Сен бейбақсың, қорқақсың! Қанша бай болып, ақшаның буына мастансаң да сен қорқасың. Бəрінен қорқасың. Сен қанша мықтымын деп өзіңді алдасаң да, өз алдында өзі дәрменсіз бейшара пендесің... Мені алдама! Мен... мен... мен сенен қорқамын. Сенің əкең анаңды сенің көз алдыңда өз қолымен өлтірген. Сен рухани мүгедексің. Иə, мен өз есімімді де білмеймін. Мен сенен қорқамын... Өзім үшін, болашақ балаларымның ертеңі үшін... Сен оларды басқа жолға салып жіберсең...
- Сен... ол туралы қайдан білесің?
- Білмеймін.
- Білесің, айт...
- Білмеймін, ештеңені де білмеймін... Ештеңе есімде жоқ. Тек Дастан туралы ғана білемін. Сол ғана менің жадымда. Дастан, Дастан! - деп жылай бердім.
- Дастан - менің бауырым, інім, - деді қысықкөз.
- Сенбеймін!
- Есіңе түсірші, біз бəріміз бірге ойнаушы едік қой.
- Жоқ. Ештеңені де қаламаймын, мені жайыма қалдыр, - деп кетіп қалдым.
Осы күннен соң қысықкөзбен қайта жолықпауға тырыстым. Əйтсе де, ол ылғи менің алдымнан шығып қала беретін.
Мені теңіз шақырып жатыр! Күн сайын құлағына "Кел!" - деген дауыстар естіледі. Дастанның дауысына ұқсайды. Асығып жүрмін...
Көп ұзамай, мен Каспий бойына қоныс аудардым. Теңіз жағасына жақын жерде тұрамын. Бір күні жағалауда отырып, Дастанның кебісін теңізге түсіріп алдым. Бірақ сол күйі оның кебісін қолыма қайта алмадым. Таба алмадым!
- Кешір мені, Дастан! - дедім соңғы рет оның есімін аузыма алып.
Содан кейін мен жалғыз қалдым. Мәңгіге! Естеліктермен өмір сүруді тоқтаттым. Дастанды да сағынбаймын, іздемеймін. Жалғыздық! Жүрегіме сол күйі мұз тоңып, қорғасын құйылды. Тек балықтармен өмір сүремін, балықтарға сөйлеймін. Бір күні жағадан біреу мені алып кететін сияқты... Мүмкін, менен су перісін жасайтын шығар! Су перісі өмір бойы жалғыз қалады. Себебі... Білмеймін. Мүмкін, тірі адамдар білетін шығар! (Ал мен робот сияқтымын.)
Соңы!