Су перісі#1
блог
Міне, бүгін жасым жиырмаға жетсе де ойым ол деңгейді бағындыра алмаған сияқты. Əлі де сол бала қалпымдамын... Сол кездегідей қиялдаймын, армандаймын...
Күн сайын көңілім бір жаққа ауады да тұрады. Алысқа, суға... Суға! Суда жүзгенді жаным сүйеді. Ол маған ауадан таппаған кеңшілікті сыйға тартатын сияқты.
- Көріктім! Не ойлап отырсың? - деді екі ай бұрын танысқан қысық көзді жігіт. Түріне қарасаң, айнымаған кəріс. Бірақ қысық көзділердің бəрі кəріс емес қой!
- Жəй... - дедім оны елемегендей боп.
- Тілегіңді айтшы, орындауға əзірмін.
- Орындай алмайсың...
- Неге?
- Ешқашан!
- Не? - Оның сансыз сұрағына жыным келіп:
- Үндемеші, - деп дауыс көтеріп жбергенімді өзім де байқамай қалдым.
- Жə, сабыр ет, - ол мені иығымнан құшақтап, - Көріктім, қандай сұлусың!
- Тарт қолыңды, - деп қолын қағып жібердім.
- Өзің пері емессің бе осы? Перідей көркемсің! - деп шаштарымнан ұстады.
- Иə... Мен пері болғым келеді! Су перісі болғым келеді! Сен менен су перісін жасай аласың ба? - деп оған қарадым.
- Немене? - деп ол қарқылдап күлді. Оның күлкісінің өзі сондай жиіркенішті еді. Түріне бір қарап, тыжырайдым да, жүзімді теріс бұрып əкеттім. - Көріктім-ау, əлі де бала сияқтысың. Сен сол ертегіге сенесің бе?
- Сенемін! Сенбесем айтпас едім, - деп бұрқылдадым да, сонымен ол да үнсіз қалды.
Көркем, сұлу, тек суда өмір сүретін су перісі болу - менің бала кезден келе жатқан арманым. Үлкен кісілер өскенде кім боласың десе, су перісі боламын деуші едім. Олар: "Баламысың деген, қиялың ұшқыр екен" - деп күлетін де қоятын. Мейлі, құр қиял, құрғақ арман болса да мен су перісі болғым келеді. Күлесіңдер! Күліңдер...
Бала кезімде құлын-тайдай тебісіп өскен Дастаным, бала махаббатым суға тұншығып, ажал құшқанда пайда болған арман еді бұл. Бірінші сынып оқып жүргенде қыста сабақтан соң екеуіміз үйге қол ұстасып қайтатынбыз. " - Кел, қолыңды бер, əйтпесе, мұздан құлап қаласың," - дейтін ол. Ол үйіне жеткенде мен " - Сау бол!" - десем, " - Тоқта, мен сені үйіңе дейін жеткізіп саламын," - деп қолымды жібермейтін. Сол Дастанға деген қимастық сезім бе, білмеймін, бүйрегім суға бұрып тұрады. Бала кезімде "Су перісі болсам, Дастанға жақындаймын, мүмкін, оны су астынан тауып алармын," - деп ойлайтынмын. Əлі де соған сенемін. Ол əліге дейін түсіме енеді, маза бермейді. Мен оны сағынамын, ол туралы ойласам жабығамын...
Сегіз жасымда менің егізім, бала махаббатым, жүрегім су астында қазынадай қалып қойған. Соны барып қайта тауып алғым келеді. Жүрексіз өмір сүрудің қиындығын білмейсіңдер ғой. Дастанның өліміне əлі өзімді кінəлі санаймын. Мен ғой оған "Суға барайық" деп қоймаған. Сол күні, осыдан он екі жыл бұрын ол маған деген бар қамқор көңілімен, таза сезімімен ағын суға қарсы тұра алмай, ағып кетті. Оның сондағы бір кебісі қолымда қалып кеткен, əліге дейін сақтаулы.
Жүрегімдегі аяқсыз қалған бала сезім əлі шешімін таппай келеді.
- Көріктім! - деді қысықкөз тағы да мені түртіп.
Қиялға шомып отырғанымда, ояна алмай:
- Дастан, - дедім.
- Дастан? Қайдағы Дастан, көріктім?
- А, ештеңе, - дедім селк етіп.
- Мен бəрін ойластырып қойдым. Келесі аптада сен армандаған теңізге барамыз, Түркияға. Ойлашы, екеуіміз ғана, сүйіктім!
- Бармаймын!
- Не...? Неге?
- Мен онда бармаймын. Барғым келмейді.
- Мейлің...
- Мен үйге қайтамын.
- Жүр, жеткізіп салайын.
- Жоқ, өзім таксимен жетермін. Мені бүгін мазалама!
- Жақсы.
Мен өмірге еш құлшынысы жоқ робот сияқтымын. Ешкімді сағынбаймын, іздемеймін, Дастаннан басқасын. Сезім қандай күшті! Ол əлі күнге дейін менің жадымнан бір сəтке де шыққан емес.
Үйге келдім. Аквариумдегі балықтарға қарадым. Жайбарақат күн кешіп жүрген бұл төртеу мына менен бақыттырақ еді. Ұзақ қарап отырдым. Өзімше оларға сөйлеп, сырымды ақтарамын.
- Сендер бақыттысыңдар ғой! Балықтарым! Алтын балық қайда? Патшаларың қайда? Ол тілекті орындайтыны рас па?... Балықтарым! Мен су перісі болғым келеді! Не істесем екен, кеңес айтыңдаршы.