СОҢҒЫ ЫСҚЫРЫҚ

...«Стад де Франс» бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Сексен мың адамның қиқуы қойсын ба? Алаң жиегіндегі КриРо әзер шыдап тұр. Бұған салса қақпаның алдына барып көлденең жата салудан да тайынбас. Ережеге томпақ, әйтпесе солай етер еді. Гол кірмесе болды да. Иә, гол жіберіп алмаса болды, бұлар Еуропа Чемпионы атанады. КриРоның доп тебуді бастағалы бергі арманының орындалуы португалдардың гол жібермеуіне ғана қарап қалған бір сәт өтіп жатқан-ды.

Бұл — ЕУРО-2016 футбол додасындағы финалдық ойынның соңғы минуттары болатын.

...Осыдан он үш жыл бұрын КриРо тұңғыш рет ұлттық құрама жейдесін киіп, бақыттан бас айналған. Иә, бәрі кешегідей есінде.

— Алғашқы матчыңды голмен атап өтерсің! — деді құрама бапкері Луиз мұның қолын қысып құттықтап жатып.

— Әлбетте! — деді бұл сенімді үнмен. Жасы он сегізге енді ғана толып, жалындап жүрген шағы-тұғын. Қарсылас құраманың аты әзер есіне түсті. Географиядан хабары аз бала КриРо Қазақстан атты құрама түгіл, ондай елдің барын да жақсы білмейтін. «Гол соғамын, несі бар. «Челси», «Арсеналдардан» күшті емес шығар».

Екінші таймда мұны алаңға шығарды. Басқа-басқа емес, Руй Коштаны алмастырды! Ол да қол алысып жатып бұған сыбырлап үлгерді.

— Гол соқпай қайтпа!

Бұл жәй ғана басын изеді де, тізгіннен босатылған тұлпарша доданың бел ортасына еніп кетті.

Қарсылас бұлар ойлағандай осал болмай шықты. Әупірімдеп есеп ашты. Бірақ сол есепті еселеуге мүмкіндік бермеді. КриРоның қанжығасы майланбады. Ол күні Қазақстан қақпасына гол соға алмады.

КриРо оған мойыған жоқ. Ол кезде расымен де бала екен-ау. Алынбас асудың болмайтынына қапысыз сенімді еді. Жүлде біткеннің бәрін бірінен соң бірін кедергісіз жеңіп ала беретініне еш күмәні болмайтын. Алайда...

Оңай көрінген жеңістер бұған жалын сипатпай-ақ қойды. Келер жылғы Еуропа додасы бұлардың отанында өтті. Күйдіргенде, қайдағы бір Грекия құрамасы бұлардың көзін бақырайтып тұрып чемпиондықты тартып алды. Сонда бұл балаша егіліп жылаған. Барын салса да алтын жүлде бұларға бұйырмады.

Арада екі жыл өткен соң, Әлем Чемпионатында бұлар енді Франциядан ұтылды. Зидан, Анри, Бартез... Ондай жұлдыздардан жеңілгеніне аса өкіне қоймас, бірақ баяғы гректерден ұтылып қалғанына әлі күнге зығырданы қайнайды. Қолдарында тұрған алтынды «мә, ала қойыңдар» деп бере салғандай, тағдырға әлі өкпелі. Содан бері он екі маусым өтті. КриРо әлі құрама сапында чемпион атанған жоқ.

Жылдар өткен сайын Әлемде немесе Еуропада чемпион атансам деген арманы жеткізудің орнына алыстай түскен. Біресе Франция, біресе Испания, енді бірде Германия секілді алпауыттар бұларды тоқтатумен болып, құрама сапында бірдеңе ұтып алуға деген үмітін үзумен болды, үзумен болды. Футбол дегеннің командалық ойын екенін, сен қанша жерден жұрттан асқан мықты боп тусаң да, бүкіл команда болып тас-түйін бірікпесең бәрі бекер екенін әбден ұқты. Бірінен соң бірі жалғасқан сәтсіздіктер көп нәрсеге көзін жеткізді.

...Мана осы стадионға бас сұғар сәтте мұның аяғына оралмақ болған жеті-сегіз жасар бүлдіршін есіне түсті. Сақшылар бұған жақындатпай дереу әрірекке алып әкетті. Соның өзінде бұған ағылшын тілінде: «Аға, чемпион болсаңыз маған футболкаңызды беріп кетіңіз» деп айтып үлгерді. Бұл оның сөзін ерекше қызық көріп, баланы жанына алдыртқан. Футболшының шақырғанына балақайдың қуаныштан жүрегі жарыла жаздады. Бұл екі езуі екі құлағына жеткен одан:

— Ойын біткен соң мен сені қайдан тауып аламын? — деп сұрады. Қағылез бала екен, жауабы дайын боп шықты.

— Аға, өзім сізді тауып аламын, тек маған уәде беріңіз! — деді қуаныштан жанары жарқ-жұрқ етіп. Бұл күлді.

— Жарайды, егер чемпион болсам, футболкам сенікі!

Баланың көзі күлімдеп сала берді. Ол КриРоның фанаты еді. Және де мұның сөзіне қапысыз сенді. Ол баланың түсінігінде, мұндай танымал адамдар өтірік айтпауы тиіс.

— Ооооо, йес! — деді бала қуанышы жұдырықтай жүрегіне сыймай, сыртқа лықсыған үнмен.

Ары қарай тілдесіп тұруға мүмкіндік болмады. Бала шіркін уралап бұдан алыстап, қалың нөпірдің арасына сіңіп жөнеле берді де, бұл стадион қақпасынан ішке беттеген. Ішке беттеп бара жатып әлгі балақайдың бүгінгі ойында мұның ғана емес, бүкіл Португалия құрамасының тілеуін тілейтінін де ойлап өтті.

...«Стад де Франс» бүгін тарихи оқиғаның куәсі болады. КриРо ойнайтын құрама араға 12 жыл салып Еурододаның финалына шықты. Қарсыластары сол француздар. Олардан сескенудің қажеті жоқ екенін бас бапкер сан рет қайталап, бұлардың құлағына мейлінше құйған. Оларда баяғы Зидан жоқ, Анри жоқ. Тіпті бүгінгі мықтылары — Рибери мен Бензема да сапқа ілінбеді. Қалған футболшыларын қақпаға жібермей тізгіндеуге болады.

Матч тартысты басталған. Ә демей-ақ француз футболшысы Димитри Пайетпен допқа таласта бұл оңбай жарақат алды да, жүгіруге шамасы келмей, аяғын ауырсына берген. Дәрігерлер жетіп келіп, ем-домын жасай бастады. Алаңға қайта жіберді. Мынадай халмен ойнауға болмайды әрине. Бірақ КриРо құрама жетістігі үшін барын салуға ниеттеніп, алаңға шығуға өзі сұранды. Ақсаңдап ары-бері жүрді де, тіптен болмаған соң ойыннан біржола кетуге мәжбүр болды. Күллі португал халқының еңсесі түсті сол сәтте.

Бұл — КриРоның соңғы үміті еді. Жылдар бойы шелектеп төгілген тер, есепсіз еңбектер... бәрі-бәрі сұраусыз кеткендей болып, алаңды налыған ауыр көңіл-күймен тастап шықты.

Амал жоқ, матчты алаң жиегінде тамашалайды. Жарақат көрмей жүрген футболшы емес, бірақ мынадай шешуші сәтте айқасуға жарамай қалғаннан артық қасірет бар ма? Серіктері бұл үшін француздардан кек қайтаруға уәде етісті.

 

...Осыдан екі жыл бұрынғы Әлем Чемпионатында Португалия құрамасы топтан да шыға алмай елге қайтты. Сонда жанкүйерлер, бұларға жанашыр мамандар, Португалиядағы бұқаралық ақпарат өкілдері команда мүшелерін, әсіресе Роналдуды аямай сынның астына көмді. «Реал» сапында ғана жарқырайды, құрама үшін дым да бітірмеді» деп мұны жерден алып, жерге салды. Бұл бәрін де естіді, оқыды, амалсыз шыдап жүре берді. Осындай сынға әр ірі дода сайын ұшырайды да жатады. 2012 жылғы Еурода да бұл жақсы атты бола қоймады. Әйтпесе құрама сол жолы жартылай финалға дейін жеткен. Бірақ жанкүйерлерге тек чемпиондық керек.

Чемпиондық кімге керек емес? Бұған да керек. Он үш жылдан бергі арманы да, мақсаты да сол емес пе? Аянып жүрген ештеңесі де жоқ қой. Бірақ жете алмай соры қайнап келе жатқан жоқ па?

ЕУРО-2016 додасы басталар алдында «КриРо үшін соңғы мүмкіндік, сірә. Осы жолы алмаса, құрама сапында ештеңе ұта алмай өтеді» деушілер көп болды. Жасы биыл 31-де. Келесі ірі турнирде 33-ке толады. Кез-келген спортшы отыздан асқан соң ашылудың орнына кері кетіп, шау тартатын заңдылық бар. Демек, мына чемпионат бұл үшін соңғы ұмтылыстардың бірі болуы да мүмкін.

...«Стад де Франс» күңіреніп қоя берді. Күңіренген стадион емес, стадиондағы француз жанкүйерлері екен.

— Гоо-оо-о-о-лл!!

Жүрегі жарылған бұл гол соққан Эдерге қарай жүгіре жөнелді. Командаластары да Эдерді жапа-тармағай бас салды.

Эдерді гол соғады ешкім де ойлаған жоқ. Доп бергі қапталда әрлі-берлі домалап жүрген болатын. Жоау Моутиньо деген ойыншы бар. Өзі жанкешті жігіт. Өзіне келген допты кідіртпей анадай жердегі Эдерге асырды. Эдер қарап тұрмай допты ары қарай жетелей жөнелді. Осы кезде көк жейде киген әлдебір футболшы (кейін білді, Лоран Косельни екен) оның шаужайына жармасты. Эдер айып добын алу үшін құлай салса да болады. Бірақ құламады. Төрешіге сенбеді. Одан гөрі доптан айырылмағаны дұрыс. Допты ортаға қарай әкетіп бара жатқан. Оны тоқтатпақ болған француз допты ала алмасын білді ме, «мен болмасам басқалар тоқтатар» деп серіктеріне сенгендей мұны еркіне қоя берді. Құрсаудан босағандай болып, Эдердің тынысы кеңіп, адымы ашыла кетті. Қақпа бірталай жерде екен. Айып алаңына таяп келді де, «әне, енді сенің баратын жерің анау» дегендей, оң аяғымен допты бүйірінен бір теуіп, жөнетті де жіберді. Мұнысының тарихи соққы екенін дәл сол сәтте Эдер ойламады.

Доп та тіл алғыш екен. Оның дегенін мүлтіксіз орындап, жер бауырлап зулады да, өзіне қарай арыстанша атылған қақпашыға көз қырын да салмастан, торға күмп берді — 1:0. Стадион дүр көтерілді.

— Гоо-оо-оо-лл!!

Португалия футболшылары естерінен тана қуанып, Эдерді құттықтап жатты.

Тым көп қуанып жүріп алған болу керек, төреші бұларға жақын келіп, ойыншыларды сабырға шақырды. «Ойын әлі біткен жоқ, ойын біткесін қуана берерсіңдер» дегендей бұларды алаң ортасына итермеледі.

— Қанша минут қалды? — деді КриРо бапкер Сантушқа. Он минуттай бар екен. Енді сол он минуттың тезірек өтіп кетуін тіледі. Төреші тезірек соңғы ысқырықты шалса деп ойлады.

...Осыдан он жыл бұрын Франция құрамасы Португалияны финалға барар жолда тоқтатты. Пенальтиден соғылған гол бұлардың жолын кесті. Сол бір ауыр матчтан соң Португалияның француздармен ойнап отырғаны осы бүгін. Сол ойынның соңында аңыз футболшы Луиш Фигу жеңілісті өзіне қалай қабылдарын білмей мәңгіріп, көгалға шалқалай жата кеткен. Өйткені, ол чемпионат оның ең соңғы үміті еді. Үміті тағы да алдады. Фигу де құрама сапында алтыннан алқа таға алмай кетті. Фигумен бірге тағы бірқатар футболшы сол кездесуден соң құрамамен қош айтысып, ұлт футболының ендігі тағдырын бұларға табыстаған.

Жалпы, Португалия құрамасы ешқашан әлем немесе құрлық чемпионы атанған емес. Әйгілі Эйсебио, Жозе Торриш, Колуна... шіркін тарихта қандай керемет футболшылар болды десеңші. Бірақ ұлттық құраманың маңдайына чемпиондық жазылмапты.

Бұйырса бүгін жазылады! Тек, он минут шыдаса болды, он минут! Он екі жылдан бергі арманын он минут қана уақыт бөліп тұр. Былай қарасаң аз ғана уақыт. Бірақ сол он минутта бір ғана қателік кетсе... өмір бойы өкініп өтесің. Фигу әлі күнге атам заманғы Шавьердің шешуші сәтте қолмен ойнағанын айтып, өзегі өкініштен өртенеді. Бұл да ешқашан 2004 жылғы «Да Луж» қасіретін ұмытқан емес.

«Стад де Франс» әлі ән салып тұр. Француздардың жанталасқан қимылына қарап жүйкесін әбден тоздырды. Әне-міне гол соғатындай болады да, қақпа аман қалып, стадион ауыр дем алады. Манадан бері минуттарды санаған КриРо енді секундтарды санай бастады. «Төреші тезірек ысқырса, чемпио-о-о-о-онн!!! Соңғы ысқырық, қашан естілесің?» дегендей алаң жиегінде тынышсыздана бастады.

Төрешінің соңғы ысқырығын күтіп отырып КриРоның есіне тағы да манағы бейтаныс періште-балақай түсе кетті. Мына алып стадионның бір нүктесінде делебесі қозып отырған болар. Әрине, Португалияның жеңісін жан-тәнімен тілеп жатқанына еш күмән жоқ. Басына осындай ой сап ете қалды да, бейтаныс балақайға футболшының іші жылып сала берді. Егер ойын осы есеппен бітсе, жетінші нөмірлі жейде сол балақайға тиесілі.

«Айтпақшы, ол бала мені іздеп келетін шығар?» деген ойын төрешінің жан ұшырған ысқырығы бөліп әкетті. Соңғы ысқырық екен! Матч бітті. Португалия — Еуропа чемпионы!

КриРоны әлдебіреу келіп құшақтай алды. Бет-жүзін қуаныштан аққан көз жасы жуып кетті...

Ессіз қуаныштың жетегінде кетіп, арада қанша уақыт өткенін де білмейді. Футболшылар да қызық. Тек ойын барысында ғана уақытпен санасады да, матч біткен соң әрбір секунд пен әрбір минуттың қас-қабағын бағуды ұмытып кетеді.

Алтын кубокті басынан асыра көтеріп, арманына жетті. Париждің төріндегі ғажайып минуттар осылайша білінбей сырғып жатқан. Тек, манағы балақай мұның көзіне мүлдем көрінбеді. Қай секторда отырғанын бұл тіптен білмейді, әйтпесе тауып алар ма еді. Мұның бүгінгі жеңісіне сол балақай себеп болған шығар, бәлкім? Әттең, жолығып қолтаңба мен қоңыр-қызыл жейдесін бере алмағаны өкінішті-ақ.

Балақайды алып стадионнан да, стадионнан шығар үлкен қақпаның маңынан да кездестірмеді. Футболканы сыйға тарта алмағанына өзін ғана кінәлағандай, енді он екі жыл бойы күткен чемпиондықтың да қызығы қашып кеткен секілденді...

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ



Бөлісу: