Сол бір елес

       Таңертең көзімізді ашқанда  не туралы ойланамыз? Бір кісілер атқан таңға қуанады, екіншілері керісінше оның атқанына немқұрайлы қарап, ары қарай ұйқыға беріліп кетеді. Бірақ әр кезде өмірдің бір рет қана берілетінін еске алып, әрбір тамшы мүмкіндіктердің қайталанбайтынын түсінетін болсақ, қаншама армандар орындалатын еді. Бірақ өмірде жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Ең өкініштісі, адамзат дамуына үлес қосатын қаншама ардақты адамдар қорланып, аяқтары шалынып жатыр... Келесі әңгіміге назар аударайық...

 

       Түн. Немесе үнсіз қараңғылық. Басым ауырып тұрып, сағаттың қанша болғанын көрейін деп қабырғадағы сағатқа қарай тұра бергенімде айнадан өз өзімді көріп, бұл кісінің мен екеніне күмәнданып, шошып кеттім. Алдымда жылағаннан көзі ісіп кеткен, шашы албыр-жалбыр келбетті қолыммен сезініп көргенде, оның мен екенін түсіндім. Сағат түнгі үшті көрсетті. Тамақ ішпей, төсектен тұрмай жатқаныма екі күн болыпты. Телефоныма қарасам, екі-үш қоңырау тұр екен. Басымды ұстай ас бөлмеге су ішуге кеттім. Бір кезде терезенің алдына жақындай бере, дүркіреп төгіліп жатқан жаңбырды көре селкілдеп жылай кеттім. Бұл да бір табиғаттың мен үшін күйінгені ме, менімен жарысып, сол күні екеуміз де жасымыздан аянбадық. Екі күн бұрын ел жақтаған ердің осыншама күйге түсуін табиғатта түсінді-ау шамасы. Басымда өмірге деген тек қана "бәрібір" деген сезімнен басқа ешнәрсе болмады. Сол кезде осы уақытқа дейінгі өмірім бір мезетте ойыма келді... Диплом. Ең абыройлы жұмыс. Үй. Машина. Адал достарым мен сүйікті қызым. Ал сосын... Сүйікті қызымның мені алдап кетуі. Жай кетпей өзіммен бірге менің да жанымды алып кетуі. Сол күннен кейін менің бaрлық армандарым жоғалып кеткендей болды. Жұмысқа бармағаннан мені шығарып жіберді, достарым да біртіндеп азая бастады. Алкоголь қолданып машина айдағаннан машинадан да, барлық ақшамнан да айырылдым. Осыдан кейін, өмірімді қайтадан бастайын деп бірнеше рет алға ұмтылдым. Бірақ кеудемде жансыз адамның ешқандай мақсатсыз және ешқандай армансыз өмір сүргенінен, маған тек қана өлімнен басқа ешқандай ойлар келмеді. Мен сырқаттан немесе көлік апатынан, олай болмаса біреулердің мені өлтіріп кеткенін қаладым. Бірақ қанша тырысқаныммен ешнарсе шықпады. Ең соңында үйден шықпай ұйықтай беру менің жаныма ең жақсы шипа болып көрінді. Ешкімді көргім келмеді, бәрін тастап, таудан секіріп кеткім келді.

   Осы ойлардан кейін далаға жаңбырдың астында көше бойымен жүріп, "мүмкін бүгін ажалыммен кездесетін шығармын"- деп далаға шығып кеттім. Табиғат маған ыза болғандай көрінді. Жаңбырдың жерге тырс-тырс жауғаны менің басымда бейне бір ұрысты бейнелейтін музыка болып сезілді. Көше бойында менен басқа ешкім болмады.

Есі дұрыс адам осындай уақытта далаға шығады ма?! Бір кезде бір сыбырлар, біреудің күлгені естілді. Жан денем түршігіп кетті. Артқа қарауға қорықтым. Қолдарым дірілдеп, аяқтарым да тез басып кеткенде бір мезетте тоқтай қалдым. Алдымнан бір елес көрінді. Тек қана келбеті көрінбеді. Бір ғана ер адамның жымиғаны, устіндегі әдемі костюмі байқалды да жоқ болып тыйылды. Мен бұны келесі күні жай басымнын ауырғаны шығар дедім де мән бермедім. Үйге келіп, су үстіммен сол күйі жатып қалдым. Түн ортасында басымның дызылдап ауырғаны маза бермеді. Тұрып ұйықтататын дәрі ішіп алдым да қайтадан жаттым. Түсімде Маржан екеуміздің бақытты болып жүргенімізді көріп, көзімді аша бергенде, менің қасымда қараңғы бөлмеден басқа ешкім жоқ екенін білдім. Тұра сала үйден тамақ іздей бастадым. Бір уақытта қолыма қандай күштің ызамен бірге келгенін байқамай қалдым.  Қарасам, теледидар мен ыдыстардың сынықтарын, қолымның қанап жатқанын, үстімнің лас болып кеткенін енді байқағандай болдым. Бәрін тастай сала, киімімді ауыстырып досыма барып келуді жөн көрдім.

      Кешегі көшемен келе жатырмын, кешегідей емес машина дауыстары, адамдардың бітпейтін әңгімелері, бақытты кейіптер мен шаршаған бейнелерді көріп ары қарай жүре бердім. Жолдың ары қарай бетіне өте келе автобустан кешегі елесті байқадым. Кешегі әдемі киімі, өмірге риза болып тағы да жымиды. Мен енді аң таң болдым. Жан жағыма қарадым да бір орында тұрып қалдым. Сосын досым туралы есіме түсіп, таксиге міндім де, жаңағы адамның кім болғанын ойладым. Сол мезетте машина бағдаршамның алдына тоқтады. Терезеден кішкентай балалардың жол бойынан өтіп бара жатқанына үңіліп отырғанымда, көзім қарама қарсы тұрған кафеге түсіп кетті. Бағанағы елесті соның ішінен алыстан көзіме шалынысты. Мені мазалап жүрген елеспен кездесіп, "кім екенін" анықтағым келді. Кафенің есігін аша сала, ентігіп оны іздей бастадым. Көзім шарасынан шыға, жүрегім қатты соғып, адамдарға қарай аяқ басып келемін. Бір кезде  елестің ерлердің бөлмесіне бет алғанын байқай ізімен жүре түстім. Оның ішіне кіргенін байқадым да, сыртында біраз күтіп тұрдым. Бірақ ешкім шыға қоймады. Дірілдеген қолдарыммен есікті аша бере жаңағы елес бірден көзіме түсті. Ол айнаның арғы бетінен көрінді. Мен есікті ішінен тарс жаба сала, айнаға беттеп келемін. Бір кезде елес маған қарай бұрылды. Мен алдымда өмірде күтпеген бейнені көріп шошып кеттім де, жерге отыра қалдым. Не айтарымды білмей көзімнен жас аға түсті. Сол айнадан мен бұрынғы бақытты кездерімдегі бейнем мен қазіргі адам қорқатын шынайы бейнемді көрдім де, "Мен қалайша осындай әдемі адамды құбыжыққа айналдырдым, қалайша осындай керемет адамды өлтіргім келді"- деп солқылдап жыладым. Орнымнан тұра келе, алақандарыма қарап тұрып, менің барлық үмітім осында екенін түсіндім.

 

     Содан бері сол елес жоқ болып кетті. Осы болған оқиғаны біреуге айтуға да қимадым. Сол түні тағы да қатты жаңбыр жауды. Бұл жолы аз жауды. Артынан кемпірқосақ шықты. Таңертең оянып, кешегі оқиғаларды ойлап жатқанымда, анамнан хат алдым. Мені туған куніммен құттықтап, ертең келетіндерін айтты. Менің ең бақытты кезім осы болған шығар....



Бөлісу: