Снайпердің «көзі»

Ауған және ауғаны үшін ...


Алысқа көз салды. Мұнартып көрінген тау шыңындағы қармен оның төбесінен ентелей қарап тұрған бұлттарға көз салды. Әйнек сыртын тағы да айналдырып еді, тау жақындай түсті. Бұлттар анық көрініп, шың басында әлдене қараңдағандай болды. Тағыда жақындатып еді қар анық көрінді. Шыңның басында қарға бой бермей, өзінің шоқтығын сақтап тұрған қара тастың сұлбасы байқалды. Басқа ештеңе жоқ. Жер бетіндегі ең тыныш мекен сол шыңның басы сынды. 

Жарас бала күнінде әкесі сыйға тартқан дүрбісін көзінен алып, айналасына шынайы жанарымен бір қарап, сүзіп шықты. Аң-құстың дауысы. Сыңғырлап аққан бұлақ суы. Самала желмен тербеліп, қарағай іші ән салады. Үзеңгісін тебініп, қара күреңді аяңдатты. Жылғалап түсті де, бұлақтан су ішті. Мұздай суға бетін жуып, асығыс дәретін де алды. Тағы да айналасына барлай қарады. Өзінен басқа жан баласы жоқ. Жартастар сәл дыбысқа жаңғырып, сайтан әніне салғандай шыңғырып жоқ болады. Тамылжыған тамыз айы. Шіліңгір шілденің аптап ыстығынан шығып, күздің самала желіне бет ұрған бұл мекеннің арысы өзгенің, берісі өзінің елі. Жалына өрім салған жолдасының қасына келіп, ертоқым астынан, қос бұрым секілді екі жақтан құлаған қоржынынан бір түйір нан алды. Көлеңкелеу жерді көзі шалса керек, жантайуға ыңғай бере беріп, қайтып аттың қасына келді. Сондағысы қоржынның екінші жағында ілініп тұрған снайпері. Иығына асқан қалпы бағанағы көлеңкеге қайта келді. Шалқасынан жатып көкке көз тастады. Көзін көлеңкелеп тұрған теректегі жапырақтар желмен бірге қозалып, күннің сәулесін жүзіне бір түсіріп, бір көлеңкелеп мазасын алды. Бірақ ұзақ жүрістен кейінгі шаршаудан Жарастың оған қарайтын мұршасы болған жоқ. Мызғып кетті...

... Жоталар арасын жортып келеді. Жүгіре басып, жаны алқымына келгенше жүгіріп келеді. Шаршағанды сезбейтін секілді әлде демімен бірге жұтып қойған да болар. Снайперін қолына ұстап ұшып келеді. Өзін қалқалайды-ау деген тастың ығына келіп жайғасты. Снайперін қолына алып, көздейтін әйнегіне жанарын тосты да, бағанағы ғана әлемді ұмытып кетті. Бүкіл он сегіз мың ғалам бір әйнектің ішіне сыйып кеткендей. Әдетте көз салса шеті көрінбейтін дала мен көк аспан, жер, айнала бармақтай ғана әйнектің ішінде секілді. Тағы сәл жақындатып еді қараң-құраң үйлер көрінді. Анық көріне бастады. тағы да жақындатты. Енді ары-бері жүгіріп жүрген балалар көрінді. Жалаңаяқ доп теуіп жүр. Қастарында басына орамал тартқан қыздар мәз-мейрам асыр салады. Сәл шеттеу жерде есек жетектеген, басына сәлде таққан қарт келе жатыр. Дауыл алдындағы тыныштық секілді маңайдың бәрі жым-жылас. Айғай да, шу да жоқ. Тек үй сыртынан жүгіріп келген келіншек балаларды үйге шақырып тұр. Бірақ балалық құмар қансын ба, ойынға беріліп тыңдар емес. Доп қуып жүрген бір топ бала, доптарын тастай салып, қарттың есегіне жүгірді. Үркітіп жібереді-ау деп қарт балаларды қуып әлек. Қыздар да қалыспады. Бәрі үймелей қалды. Осының бәрін снайпердің көзімен қарап тұрған Жарастың өз көзіне балалық шағы елестеді... Езуіне күлкі үйріліп, қарай берді. Көзіне еріксіз жас келіп, снайперден жанарын тайдырып әкетіп, шаң-шаң жеңімен ағып келе жатқан тамшы жасын сүртіп жатыр. Жеңдегі шаңға араласқан тамшы лай болып, бетіне жағыла берді. Иненің көзіндей әйнекке қайтадан көзін тосып, бағанағы жақындықпен снайперін кездей беріп еді, бірер сәт бұрын ғана көз тоймайтын көрініс қап-қара түске бояла кетті. Орамал таққан келіншек қыздарын құшақтап жылап отыр. Үйдің қасында бағана ғана ойнап жүрген балалардың қимылы жоқ. Бәрі келісіп алғандай жерде жатыр. Есегін ерткен қарт та бар. Иесіз қалған есек бір орында мызғымайды. Снайперін оқтап, шүріппеге саусағын салған Жарас ештеңенің мәніне бара алмай, абдырап қалды. Бірер минут өтсе де әлгі жерде жатқан балалар мен қарт қозғалмады. Жанары жасырған жұмбақтың жауабын жалғыз келіншектің жылап отырған бейнесі ғана бере алды. Тісі-тісіне қарысып қалған Жарастың кімді атарын білмей тұрған сәтін сыртынан бақылап тұрған Құдай ғана көрді. Жым-жырт.

... «Селт» етіп оянған Жарастың ең бірінші қолына қапсыра құшақтағаны снайпері. Әскерге алынып, мергендер қатарынан көрінген азаматтың серігі де, сенері де осы. Бұл бірінші рет көріп отырған түсі емес, ұйықтап кетсе, көзі жұмылса болды көз алдына қайта-қайта келетін сұлбалар. Снайперін қоржынға салып, атқа мінді. Қайтадан тау асып, қыраттармен жүріп келеді. Жол бойы келе жатып бағана ғана түсіне кірген қорқынышты естеліктерді қайта бір есіне түсіріп, бәрін осы айдалаға тастап кеткісі келді. Бірақ ойлауға қорқады. Дүрбісін алып, алдындағы жазыққа көз салды. 

Табиғат ананың құшағындағы тыныштықтан басқа ештеңе жоқ. Тек шексіз жазыққа қадалған ағаштар, оған орала қоршалған тор ғана бар. Соның бойын жағалай қозғалып бара жатқан аппақ аңға көзі түсті. Қандай аң болса да атып алармын деп, атымен жақындай келді де снайперін қолына алып әйнегіне жанарын жақындатты. Әлі бұлыңғыр. Бірақ аң сондай суыт жүріспен қозғалып барады. Қасында қос бірдей төлі бар секілді. Әйнек алды тұнықтана бастаған кезде барып, Жарастың көзі шарасынан шыға жаздады...

... Орамал таққан ана қыздарын құшақтап жылаған қалпы отыра берді. Бауырларына жүгіріп барғысы келді ме, бір топ қыздың ішінен қызыл орамалы желбіреген өрімдей қыз, жүгіре басып ұмытыла беріп еді, Жарастың оң жақ құлағының тұсынан өзіне таныс «тарс» еткен дауыс шықты. Дауыстан бұрын ұшқан оқтың желмен жарысып барып, қызыл орамалды қызды қып-қызыл қанға бөктіргенін Жарас әйнек ішіне көріп тұр. Шарасыз. Жылдам қозғалып, снайперінің ұңғысын оң жақ қапталға бұрды да, әйнекке көз салып, тау-тастың арасынан, өзі секілді жасырынып отырған мергенді іздеді. Таба алар емес. Әр тастың бұрышын қарап, тынысы өзіне естіліп, аптығып кетті. Осы жерге жүгіріп келгенге дейін шаршағанын сезбеген, қорқыныш сезбеген Жарастың бойын үрей биледі. Үрей емес-ау, тағы бір бейкүнә сәбидің ажалына себеп болмай тұрып, мергеннің көзін жою керек. Бірақ таба алар емес. Әр қимылды жіті бақылап отырып, ақыры мергенге көзі түсті. Жүрегі тас төбесіне жеткен Жарас, өзіне кезделіп тұрған ұңғының ішімен бойлай өтіп, шүріппеден жауап күтіп отырған оқты жалай, снайпердің әйнегіне үңілді. Ішіндегі жанар, көзқарас қанға толы. Сен немесе сені деген екі-ақ таңдау бар. Екеуінің де шүріппесі бірдей басылды. Жарас өзінің атқан оғын емес, өзіне келе жатқан жаудың оғын анық көрді. Әйнек ішіндегі әлем сондай жылдам оқтың ұшуын ақырын көрсеткенімен, жанарын тайдырса оққа ұшатынын екеуі де сезіп тұр. Сол қараған қалпы әлі жатыр. Қос құрыш бетпе-бет кездесті де, Жарастың оғы жаудың оғын жалай өтіп, бағыт өзгертті. Өзінің оғы ғана нысанаға дәл тиді. Әйнектен көзін әлі алған жоқ...

... Көз алдында қос құлын аналарын құшақтап әлі жылап отыр. Жарас снайперге байланып қалған адамдай әлі тұр. Әйнектен көзі алса не ажал құшады не күнәға батады. Үреймен өткен күндерінің күйігі осы болар. Шайтанның сапалағы келіп түрткен саусағы, шүріппені қалай басқанын білмейді. Тағы да тыныштық. Айдалада ай-күнінен жаңылған Жарастың бұл әрекетін енді астындағы күреңі және Құдай көріп тұр. 

Жанарын тесіп бара жатқан сол жанар. Бұл жолы қанға толған емес, өкініштен, қайғыдан қансырап тұрған жанарды көрді. Көздің өткірлігі сондай снайпердің «көзі» де дәрменсіз қалды. Көз ішіндегі көздің қателігі әлде елін тастап қашқан тағдырдың тақтасына жазылған ажалы...

Ұңғыдан шыққан оқтың кінәсі не..?


(с) Марғұлан Ақан



Бөлісу: