ШОЛПАН (Әңгіме)

Күз.

Алматының жүз құбылатын ауа-райы бүгін де мінез көрсетіп тұр. Сіркіреген майда жаңбыр бөлшектері адамдардың көз алдында секунд сайын өсе түскендей, тамшылары іріленіп, кәдімгі ақ нөсерге айнала бастады. Жапырақтары селдіреген жүдеу ағаштардың жаздыкүнгідей мың бұралып, ырғалуға да шамасы келмей қалған. Тағдырдың талқысына ұшырағандай кейбір жапырақтар үзіліп түсіп, тамшымен араласып, ары қарай қалықтап, ағаштан ұзааа-а-ап барып жерге елеусіз ғана етпеттеп қонып жатты.

Күздің мына әдемілігі мен қаталдығын тамашалап тұра беруге уақыт аз. Аялдамада мен секілді басына дейін оранып, қымтанып алған жолаушылар көп. Бәрі де көлік күтіп тұр. Аялдама деген уақытша ғана ықтасын ғой. Көлігің келсе бұл жерде бір сәт те тұрмайсың. Тентек жауынға малшынған кең көшеден өтіп жатқан көліктерге қараумен-ақ мына тентек құбылысты көз тойып тамашалауға мұршаң болмайды.

Бір жеңіл көлік аялдамадан өтіп барып тоқтады. Артынан жедел басып жетіп барып, шопырмен тілдесіп үлгердім.

— Жарайды, 1000 теңге, — деді шопыр сөзге келмей.

Мына дүлей жауында ақымақ адам қана саудаласып, уақытын текке өлтіретін шығар.

— Мақұл.

Көліктің есігін аша бергенімде және бір қыз келіп қалды.

— Ағай, тоқтаңызшы, мен де мінемін. Екі бұрылыстан соң түсем...

Қыз артына отырды. Су-су киіммен тар көліктің ішіне жайғасып алу қандай азап еді. Мейлі, мұнда түнемеймін ғой, оған бола қабақ шытпай-ақ қояйын. Әзер дегенде оңтайлы жайғасып, салонның маңдайына жабысып тұрған жіңішке айна арқылы артта отырған манағы қызға көзім түсе кетті. Бейтаныс қызға тесіле қарау әдепсіздікке жататынын білемін ғой. Тез көзімді тайдырып әкеттім. Бірақ...

Еріксіз айнаға тағы да қарадым. Себебі не екенін әлі ойлап та үлгерген жоқ едім. Таныс бейне сияқтанған-ды, әйтпесе нем бар. Сол көз, сол қабақ, сол келбет. Кім еді, есіме түспей тұрғанын-ай.

— Мына жаңбыр қайтеді-ей? Машинамды бағана ғана мойкаға жуып ем, тағы да быт-шыт болатын болды, — деп өз-өзінен сөйлеп келе жатқан шопырдың сөзіне мән берместен, айнадағы қыздың кім екенін есіме түсіре алмай отырдым.

Екі бұрылыс деген не? Қыз шопырға тиісті ақысын беріп түсу үшін есікке бұрыла бергенде сап ете қалды. Есіме сап ете қалды деймін. Сол ғой, сол! Сол болмаса да соған қатты ұқсайтын бір қыз.

Шопырға мың теңгелік сары құлақты ұстаттым да:

— Мен де түсемін.

— Неге? Сен әлі жеткен жоқсың ғой, — деді шопыр таңғалып.

— Мейлі, осы жерден түсе салам.

Машинадан түскенім сол еді, сырттағы жаңбыр аралас салқын ауа ішке лап ете кірді де, мыңдаған тамшы бетіме бір сәтте жабыса кетіп, көзімді зорға дегенде аштым. Қыз тротуарға түсіп алып кетіп барады екен. Жылдамдата басып соңынан ердім. Қасақана жаңбыр маған қарама-қарсы бүркіп тұрған-ды. Қыздың да хәлі мәз емес, желмен араласа ұйытқыған тамшылар қолшатырын ұшырып әкетердей ары-бері жұлқылаудан тайынбайды.

— Шолпан? — дедім екі-үш қадам қалғанда дауыстап. Өз даусым емес, басқа біреудің даусы секілді. Жасқана сөйлегендей болдым. Ол емес, басқа біреу боп шықса ыңғайсызданам ғой деген ойым да жоқ емес.

Қыз қарай қоймаған соң тағы қайталадым.

— Шолпан?

Қыз тағы үнсіз ғана кетіп барады. Жанына жетіп, қатарластым да:

— Сәлеметсіз бе? — дедім батылдау сөйлеп. Қыз енді ғана маған мән берді.

— Иә, не айтасыз?

— Шолпан? — дедім үшінші рет.

Қыз жүзіме қарады.

— Ааа... Мықтыбек аға??? Мәссаған, Сіз бе??

— Иә, мен ғой...

* * *

Он алты жыл көрмеген жанды бірден тану қиынға соқпай ма деп қалдым. Ауылдан кеткеніне сонша уақыт болыпты. Әлемде ондай жанның бар екенін де ұмытып кетіппін-ау.

...Ауылдағы үйдің бас жағындағы көршіміздің үйінде бөтен қыз пайда болып, біздің мектепте оқи бастағанына біраз болған. Менің қарындасыммен тез достасты да, біздің үйге жиі келіп тұратынды шығарды. Басқа жақта тәрбиеленген қыз. Ата-анасы бірден жол апатына түсіп, қайғыға ұшырады да, бір үйдің жалғызы әрі паналайтын туысы болмаған соң біздің ауылдағы алыс нағашыларының үйіне келіп оқи бастады. Әке-шешесінің туыстары жоқ па, оны сұрауға батпайтынбыз. Өйтсек қыздың жарасын тырнап алатын сияқтанатынбыз.

Ол келіп паналаған үйде бірнеше ұл-қыз бар. Олармен арасы қандай екенін қайдам, қолы босаса біздің үйден табыла кететін. Біздің қыздармен бірге сабақ дайындап, бірге сериал көріп, бірте-бірте біздің үйдің бір адамына айнала бастады. Ата-анам да оны жатсынбайды, кей күндері біздің үйде ұйықтап, мектепке біздің үйден шәй ішіп бара салатын кездері де болған.

Солайша, бір күні біздің үйде сабақ дайындап отырған кезде нағашы жеңгесі кіріп келген. Бізбен шала-шұрпы амандасты да, Шолпанға дүрсе қоя берді.

— Әй, сені мұнда кім жіберді? Ана ыдыстың бәрі жуылмай қалды ғой! Сен тұрғанда мен жуам ба? Жүр, жаныңның барында түс алдыма! — деп ащы даусымен дөрекі сөйлей жөнелгенде бәріміз үрпиістік те қалдық. Бізге бір қарап, долданған нағашы жеңгесіне бір қарап ыңғайсызданған Шолпан үндеместен жайып тастаған кітаптарын жинай бастады.

— Қарай гөр мұны! Тірліктен қашып осында кеткеніңді қашан қоясың? Жеген наныңды ақтасайшы!

Ана әйел қоятын емес. Менің анам сөзге араласты.

— Әй келін. Сонша айғайлағаның не? Ең құрығанда шаңырағымды сыйласайшы.

Ана әйел аздап болса да басылды.

— Жеңеше-ау, мені бір еріккеннен айғайлап жатыр дейсіз бе, мына қыз ғой күйдіріп жатқан. Тірліктен қашып осында кетіп қала береді. Бірдеңеге ұшырап қалса кім жауап береді? Өзі болса біреудің аманаты.

Менің анам:

— Үйіме келсе келеді де. Онда не тұр екен? Балаға олай көптің көзінше жеки берме. Жасып қалады. Өзі көңілі жарым қыз ғой, — деп еді, ана ашушаң әйел біржола басылды.

Шолпанды ертіп үйіне әкетті.

— Байғұс балаға үйіне барған соң тағы да ұрсады-ау. Асырағандарын міндет қыла бермей, көңіліне қараса қайтеді екен? Сол қыз әке-шешесін Құдайға өз қолымен тапсырып па? Басқа салмасын... — деп анам айдаладағы қызды уайымдап қала берді...

Уақыт өткен сайын ана алыс нағашысының Шолпанға деген қысымы, оны шеттетуі басқаларға болмаса да, біздің үйдегілерге біліне бастады. Қашып кеткісі келетінін, бірақ баратын жері жоқтығын біздің қыздарға сан рет айтқан. Бірақ қолымыздан ешқандай жәрдем келмейді.

Уақыт демде жылжып өтіп, Шолпанның тоғызыншы сыныпты бітіретін кезі де келді. Сол 2000-шы жыл болу керек. Тоғызыншыны бітіріп қалаға кетемін деп жүрген. Ол тұрып жатқан үйді «Шолпанның үйі» деп атап кеткенбіз. Бір қызығы әлі күнге солай деп айтамыз. Әйтпесе ол үйден Шолпан кетіп қалғалы не заман...

Сондай күндердің бірінде әкем мені Шолпанның үйіне жұмсады. Бау-бақшаны кесіп өтіп, ағаш қоршаудан аттадым да, төтелетіп бара салдым. Айғайлап ем, ешкім дыбыс бермеді. Ақырындап есігіне жақындадым. Дауыстадым. Тағы ешкім үндеген жоқ. «Ешкім жоқ екен» деп кеткелі тұрғанымда үйдің ішінен еден дүрс-дүрс етіп, біреулердің жүгірген даусы естілді де, бөгеліп қалдым. Үйдің сыртқы есігі оқыс ашылып, алба-жұлбасы шыққан Шолпан жүгіріп шықты. Оның мына түрін көріп шошып кеттім. Артынан сол үйдің он бірінші сынып оқитын ұлы да жүгіріп шығып, мені көріп көзі алақандай болып кілт тоқтады. Ол да ентігіп баса алмай әзер тұр еді.

Шолпан кемсеңдеп жылап жібере салды.

— Шолпан, не болды? Неге жылайсың? — дедім жаным қалмай. Ол сыңсып, қыстығып жылаған күйі жүгіріп келіп мені құшақтай алды.

— Мықтыбек аға, мені үйіңізге алып кетіңізші, — деп еңіреп қоя берді.

Бір сұмдықтың болғанын сезе қойдым. Сыр бермеуге тырыстым да:

— Қой, жылама, үлкен қыз болдың ғой, мұның не? — дедім жұбатпақ боп әрнені бір шатып-бұтып.

Үйдің табалдырығында қақиып қатып қалған әлгі бала есікті тарс жауып ішке кіріп кетті.

Шолпан болса, өксігін баса алмай тұр.

— Сіздердің үйлеріңізге барам! Тұрмаймын мұнда!

«Не болды?» деп сұраудың жөнін таппадым. Оның жауап берерлік халі де жоқ еді. Шолпанды үйге ертіп кеттім.

Ол күні не жағдай болғанын ешкім де білмейді. Шолпан ешқайсымызға айтқан да емес. Кейін ауылда «Шолпанды сол үйдің үлкен баласы зорлапты» деген өсек қаулады. Ол сөз құлағыма тигенде біраз қаным қайнады. Бірақ сенгім келмеді.

Шолпан біздің үйде бір-екі күн ғана тұрды. Бірер күннен соң оны таппай қалдық. Нағашысының да үйіне соқпапты. Ай-шай жоқ, киімдерін жинап кетіп қалыпты. Қайда кеткенін ешкім де білмейді. Ешкімге ештеңе айтпаған, ешкіммен қоштаспаған да. Кейін анам «сол бөлмені жақсылап қараңдаршы, хат қалдырмап па?» деп үйді ақтарыстырып еді, ондай еш нәрсе де табылмады...

Нағашысының үйі зыр қағып іздеді, олар да ешқандай жіптің ұшын ұстай алмай, ешбір дерегін таппады.

Шолпанды біраз уақытқа дейін ұмыта алмай жүрдік. Анам болса, «қайда жүр екен? Аман болса болғаны» деп ауық-ауық уайымдап та жүрді. Кейде «Бір ауыз айтпай кетіп қалғаны несі? Бізден жамандық көрген жоқ сияқты еді ғой» деп сыртынан ұрсып та алады.

Арада екі ай өткен соң Шолпаннан хат келді. Алматыға кетіп қалғанын, сол жақтағы бір мейрамханаға даяшы болып тұрғанын, менің қарындасымнан жолға деп азын-аулақ ақша қарызға алғанын, кейін міндетті түрде әкеп беретінін, бізді сағынғанын, ауылға келсе тек біздің үйге ғана соғатынын тәптіштеп жазыпты. Бірақ өзінің нақты мекен-жайын көрсетпеген.

Алайда сол күйі ауылға келмеді.

* * *

...Сол Шолпанмен ойда жоқта Алматының жаңбырлы кешінде жолығып қалдым. Өмірі қалай өтіп жатқанын айтқысы келмеді.

— Несін айтам... Тұрмысқа шыққаным жоқ. Жалғыздан-жалғыз тұрып жатырмын.

Мұғалім екен. Қайда тұратынын, мекен-жайын айтпады.

— Әлі сол ауылда, сол үйде тұрасыздар ма? — деді бір сөзінде.

— Иә.

— Ауылға іздеп барамын сіздерді.

Баяғы хатында да осылай айтып еді.

Әңгімелесіп жарытпадық. Ашылып сөйлемеді. Телефон номерін де бермеді. Себебін де айтпады. Сол баяғы сөзге сараң Шолпан әлі солай екен.

Ол жерде көп уақыт шығындамай-ақ Шолпанмен қоштасып кетіп қалдым.

Сыртта Алматының жаңбыры әлі төпелеп тұр екен... Сырт киімімді бүркеніп киіп алдым да, артымда қалған бір кездегі ауылдас қызды ойлауға да шамам келмей, жауынның астында бір уыс боп тротуарда кетіп бара жаттым...


Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ



Бөлісу: