Самолет қанатындағы сағыныш (Әңгіме)
блог
Ескі үйдің ауласындағы бояуы кеткен көк орындыққа бар пәрменімен жүгіріп келіп айғайлап шыққан кішкентай қыздың қуанышында шек жоқ. Танауы делдиіп, тұлымшағы желбіреп аспанға қолын бұлғайды. "Самолет, самолет, мені өзіңмен ала кет!". Екі қолын ербеңдетіп, осылай деп бірнеше мәрте қайталайды. Аспанда түрлі бейне салып сәт сайын құбылатын бұйра бұлттан өзге ештеңе жоқ. Бір сәтте ғана сонау алыстан бір нүкте пайда болып, сағым арасынан жылжығандай көк бауырына із салып жаймен жылыстап ұлғая берді. Аузынан ана сүті кетпеген жас бала бұл ұшақтың келетінін қайдан білгені белгісіз, қара ноқатты көрген бойда одан сайын шаттанып, жіңішке дауысымен шыңғырып, айғай салады. "Самолет, самолет, мені бірге ала кет, самолет, самолет!"...
Ұшақтың бұл ауылдың аспанынан биік ұшатыны соншалықты, дауысы да алыстан талып естіледі. "Дыр-дыр" деген дауысқа ілескен қара ноқаттың бар ұлғайғаны сол: тым алыстан ұшақтың пошымы әрең көрініп, көрінген бойда қайта жоғалып шексіз кеңістікке батып кете барады.
Мерей орындықтан ытқып түсіп, кір жуып отырған шешесінің мойнынан құшақтады. "Мама, самолет бүгін тез ұшып кетті".
Шешесі үшін Мерейдің бұл қылығы үйреншікті. Ауылдың үстімен ұшатын ұшақты көрген бойда қуанатын қызының бұл қылығына мән беріп, саралап көрмепті. "Бала ғой". Бала не істемейді, балалық не істетпейді?
Мерей де не үшін ұшақты жақсы көретінін жіті түсінбейді. Әйтеуір, ұнайды. Ұшақты көрген бойда айғайлағысы келеді. Осынау сұрықсыз, көңілсіз, шаңды ауылдан алып кетіп, сәні мен салтанаты келіскен ертегі әлеміне апаратын құтқарушысы секілді ол. Қиялы жетсе де, қолы жетпейтін кіршіксіз арманы іспетті. Ұшақ бара жатқан жақта бұның түсіне кіретін өзгеше өмір бар сияқты.
Қателесіпті. Балалық шақтың тәтті естелігі арасынан көлбеңдейтін осы көрініс, осы түрлі-түсті сюжет арманының алғашқы баспалдағы болса да, бұл іздеген ертегі әлеміне жетелейтіні ақиқат болмай шықты. Бүгінде Мерей кезінде өзі жақыннан бір көруді армандаған ұшағының тізгінінде отыр. Көкірегіне ұялаған арманы ешқайда бұрылтпай дәл осы тізгінге әкеліп топ еткізді бұны. Мерейдің бақыттан басы айналған. Қуаныштан жүрегі жарылардай болып, төбесі көкке бір елі жетпей қалған.
Бірақ... Сол қуаныш өмірінде ұшақ көрмеген бала Мерейдің аспанда қара нүкте пайда болған сәтте орындық үстіне шығып алып қуанған күйіне жетпейді екен. Сол бір шаңды, сұрықсыз, көңілсіз ауыл – бүгінде бұның жүрегін тілгілеген сары сағынышы. Бұл сағыныш жүрегінің бір бөлмесіне кіріп алып, жаны жүдеген кезде тамшы болып жанарынан үзілер еді. Сол кездегі кір жуып отырған шешесінің әр қимылы, әр сөзі, сол кездегі ауылдың иісі, тұрмыс тауқыметін сезінбей, уайым-қайғысыз балалық шақ кешкен Мерей... Париждің төрінде демалып отырып осы сәттерді жиі есіне алады.
Жақында ауылға барған. Дәл сол аула, дәл сол орындық, дәл сол аспан. Бірақ кір жуып отырған шешесінің орнында самай шашы ағарған әже таяғына сүйеніп бір нүктеге қадалып отыр. Осы аулада жалаң аяқ шаң кешкен бала Мерей бүгінде ана Мерейге айналған. Балалық шағын жанұшыра іздесе де, таппайды. Адамзаттың ең ұлы сағынышы – өткен өмірінің сәулелі сәтін аңсап, зарығуы екен-ау. Бұл ауыл тым бөтен. Бұл ауыл енді бұныкі емес. Өзімен бірге өз әлемін де ала кетіпті. Қалай түсінбеген? Сол топырақты кешіп, сол ауаны жұтса да, басылмайтын бұл неткен сағыныш?!
Жұмыр басты пенде шексіз сағыну үшін жаралды ма екен? Жастық шақта балалықты, қарттық кезеңде жастық өмірді аңсау... Ешқашан, ешқашан, ешқашан қанағат таппайтын кемшін көңіл... Ауылда отырып Парижді, Парижде отырып ауылды аңсау... Бұл не жұмбақ сонда?
Бәлкім төрт құбыласы теңескен саналы пенденің арнасынан асып-тасып төгіліп кетпеуі үшін жаралған болар сағыныш деген? Көңіл толық тыныштық тапқанда бұл өмір мәнсіз қалмауы үшін сағыныш адаммен егіз туған болар? Мәңгілік түгесілмейтін шексіз сағыныш... Көз ұшында бұлдыраған қиялшыл сағым секілді шетсіз сағыныш...
Мерей бір нәрсені түзеткісі келеді. Бала Мерей сол кезде: "уақыт, сәл де болса, дамылдашы" деп айғайласа, періште көңілдің кіршіксіз тілегі бала армандарды орындайтын Құдіреттің құлағына ілінер ме еді, кім білсін? Бәлкім, ілінбес пе еді? Өйткені Мерей секілді қанша бала жердің әр түкпірінде орындыққа шығып алып, арманын әр тілде дауыстап айтып тұр? Сол армандарды сыйғызған Жер-ананың құшағы неткен шексіз?!
Сағыныш сияқты...