Өгей қыздың көз жасы

(Әңгіме)

   Сабырлы қалыптан бір сәтке тайқып, өз ойының жемісті кезеңдерін мәңгіге ұмытып, қараңғы түкпірге жасырынған кішкене балаша, бөлме бұрышын да солқ-солқ жылап — он сегіз жасар қыз отыр. Не себепті жылайды, не үшін өмірге наз айтады бәрі-бәрі жұмбақ. Барлығы ішінде сақтаулы, жүрек түкпірінде құлыптаулы. Кейде терең күрсініп нәзік саусақтарының сыртымен көз жасын сүртіп қояды. Тек көз жасын ғана. Ал жүрек жасын, жүрек мұңын сүртуде, сылып тастауда мүмкін емес. Төмен салбыраған басын көтеріп, жасқа малынған жанарын тағы да сүртіп, бір байламға келгендей отырған орынынан тұрды. Төңірегін бір шолып ауыр күрсінді. Аяғын сүйрете басып терезе жақтауына жақындады. Жынданған адамша сәл жымыйып: "Мен неге ол үшін мұңға батамын" — деді. Жымиған күлкісін бірден тоқтатып қалың ой тұңғиығына қайта батты. Қандай ой екені жұмбақ. Жақсы ой ма, жаман ой ма? Бәрі ішінде. Лайым жақсы ой болғай... Терезе алдынан аспандағы қиық айға қарады. Айда қызға қарап "Сенде мендей жалғызсың, менде сендей жалғызбын" деп мұң шағатындай... Мүмкін солай да шығар.

    — Қызық, — деді айға қарап. — Қанша жылдар өтседе сен өлмедің, ал біз жұмыр басты пенде мыңымыз келіп, мыңымыз кеттік. Ішімізде жақсымыз да, жаманымыз да, түн қатып жыр жазғанымыз да, есі ауысып жынданғанымыз да болды. Барлығын сен көріп тұрдың, көре де бересің. Неге? Сонда өмірдің әділеттілігі сол ма? Жансыз. Түн де ғана жер бетіне жарық деген ұғым бар екенін ұмыттырмауың үшін — Жаратушы сені жаратқан ба? Басқа титтей де пайдаң жоқ. Бірақ сен мәңгісің, иә, мәңгіліксің. Менде өлемін. Бәрі өледі. Себебі; біз пендеміз, адамбыз... қуанамыз, қайғырамыз, күлеміз. Кейде ашуға да ерік береміз. Қателіктер жасаймыз, сол үшін кешірім сұраймыз. Ал сенше? Сен не істей аласың? Қаншама күнәні көрсеңде, қайырымсыз адамдарды көрсеңде, қиналғандарды көрсеңде ештеңе жасай алмайсың. Сенің қолыңнан түк келмейді. — Есі ауысқан адамша сықылықтай күліп, — сенде қолда жоқ екен ғой. Иә, сенде қол да жоқ, қол да. Ал менде қол бар, ақыл-сана бар. Өкінішті, сен бұлардың бірін де түсінбейсің. Сен жай ғана бір ғаламшардың серігісің. Бітті...

    Қою қара түнде жарқырап түрған жарық ай үндемеді. Тіпті ашуланған қыздың айтқан сөзіне еш қандай жауап та қайыра алмады. Мүмкін қыздың да айтқаны орынды болар...

* * *

   — Көркем, Көркем, — бөлме ішін жаңғырта шыққан Қадишаның үні еді. Күнделікті қалпымен қызын оятпаққа бөлмесіне кірді. — Ойбай, — деді ерінін сылып еткізіп. — Мына қыз қайда кеткен? Қашып кеткеннен саума, өзі?

     Бөлме ішінде дел-сал күйде не істерін білмей, мең-зең болып Қадиша тұр. "О, тоба. Құдірет. Жомартқа не бетімді айтамын? Бір қызға ие бола алмадың ба? — деп өзімнен көріп жүрмесіне кім кепіл? Жо-жоқ ешқай да қашпаған болар. Мүмкін дала да жүрген болар. Менде қайдағы-жайдағыны ойлап". Күдікті ойын бір сәтке сейілткендей, бір күрсініп дем алды. Ақиқатын да қызының "махаббат" деген азапты дертке шалдыққанын білмейтін еді. Іштен тынып, бітеу біткен жара секілді өзімен-өзі иесіз үйде сырласып отырғанын білуші ме, еді. Ай-қайдам, білмейді ғой. Сонда ана жүрегі перзентінің қаншалықты қиын кезеңді басынан өткеріп жүргенін сезбегені ме? Әлде ана жүрегі тасқа айналып кеткен бе? Бәлкім, өгей шеше болғасын қызының жан жарасын сезінбеген болар. Ол да мүмкін.

     ...Қанша іздесе де қыз табылмады. Көрші-көлемнен, ағайын-туыстан, құрбы-құрдастан, таныстардың барлығынан да қызын сұрап шықты. Барлығының аузынан естейтіні бір-ақ сөз "көрмедім" бітті. Бұдан басқа көңілге медеу берерлік бір сөз айтылса ғой шіркін. Біреу "әне, кетіп бара жатыр еді" десе болғаны сол жаққа бет алар еді. Ол адамның айтқаны шын ба, жалған ба елерлік Қадиша жоқ, бәрінен бұрын қыз табылса болғаны. Қу дүниенің тарылғаны соншалық, ондай сөзді әлі есіткен де жоқ. Үмітін үзбестен іздеп келеді... Балапанын іздеген құстай, басына қиясая тартылған орамалды да ескерер емес... Үстінде алпы-солпы, аш шектей шұбатылған халатын киген, сүріне-қабына Қадиша келе жатыр. Сырт кейпін көрген ауыл әйелерді "жынданғаннан сау ма?" деп беттерін шымшып, таңданыспен, әрі күмәнмен қарауда. Жұрттың ойын елеп, мән беріп "маған айттың ба, ей?" деп бұрыла тұрып ұрыса кететін, ұрыс десе жанын беретін Қадиша жоқ, Кезіккендерден бар сұрары "Менің Көркемімді көрдің бе?" бас артық басқа сөзді айтпайды. Тіліне сол сөз ғана байланғандай. Сұраған сұрауына "жоқ" деп айтарын кісі жүзінен таниды да бұрылып кете барады. Ауылды түгел шарлап шықса да қызды таба алмады. Өзімен өзі күбірлеп.

   — Жаратқан-ау, Жомартқа не айтамын? Бұл қай мазағың еді. Енді не істеймін? Үйге келген бетте "қызым қайда?" деп сұрайды. Сонда не демекпін? Мен оянсам қызың жоқ екен, қашып кеткен секілді, деймін бе? Жо-жоқ олай десем менің өлгенім. Жон арқамнан таспа тіледі, таспа, — деп иығындағы тыртықтың орынын ұстады. — Мені тірідей жерге көмеді, жо-жоқ олай айта алмаймын. Табамын, табамын қызды, табамын.

     Бәйшешектер енді-енді бүр ашып, қозы-лақтың ауызы көкке енді тиген кез. Ашық аспан. Ауыл арасындағы қыстан қалған қар сулары сай-саланы жағалап кеткен. Аспанның қарауылындай болып — алтын Күн тұр. Бәрін бақылап, жіті қадағалау міндетін мойынына алғандай. Тура қаратпайды. Қарай қалғанның өзінде еріксіз көзді тайдырып әкетуге мәжбүр боласың, шақырайған күннің нұры көздің қарашығын ойып жіберердей, жазым етердей шағылысады. Ауыл үйлеріндегі адамдар да кішігірім той, бір-біріне көктемнің келуімен, көкек айының (сәуір) енуімен құттықтап әлек. Тек бір күйде жаназа шығарғандай зарлы жылау, ащы өксіктен қарлыққан дауыс, ыңырсыған, күшене ыңыранған, өткір, құлақ тесер үн. Бұл Жомарттың үйінен шыққан үн еді. Ел-жұрт қуанып жатқан да бұлар нағып күңіренеді дейсіз ғой. Басты себеп — Көркем. Оқиғаны басынан бастайық. Жомарттың үйленгеніне екі жыл толған тұғын. Әйелі марқұм әп-әдемі, нәп-нәзік қыз баланы дүниеге әкелген еді. Жомарттың сонда қуанғаны-ай. Бауырына қызын қысып, көзіне қуаныштан жас алып "Көркем деп қоямын, Көркем болады" деп аурухананы басына көтере айқайлаған. Қуаныш пен қайғының егіз жүретіні қашаннан да белгілі. Қуансаң қайғырасың, қайғырсаң қуанасың. Жомарт қызын қызықтап тұрған кезде дәрігерлердің "не болды?" деген үндері қосарлана шыққан. Не болғанын Жомартта түсінбеді, бір байқағаны керуетте жатқан келіншегінің көзі ақшиып, ал, ауызы болса апанның ауызындай үңірейіп қалыпты. Жарықтық қызын дүниеге әкеліп мына дүниемен мәңгілікке қоштасқан екен. Мәңгілікке. Бір ғажабы қандай дерттен қайтыс болғанын ешбір дәрігер дөп басып, анық айта алмады. Тек айтқандары "қалаға жіберу керек, сол жақта білікті дәрігерлер бар" деген бір сарынды, таптаурын сөздер еді. Келіншегін қимады ма, жоқ, әлде сүйегін салдырлатып қинамайын деді ме, Жомарттың өзі де өлім себебін білуге құлықсыздау болды... Кішкене қызды Жомарттың анасы мәпелеп бақты, өсірді. Қыр гүліндей құлпырып енді-енді өсіп келе жатқан шағында, оқыс кеселден кейуана да мерт болды. Қызымен жалғыз өзі ғана қалды. Анасы барында баланың тағамына, киер киіміне алаң болмаушы еді. Енді барлық міндет бір өзіне артылды. Досының қиналып жүргенін түсінген бір танысы, көрші ауылдағы Қадиша есімді қызды таныстырды. Екеуі үйленді, бас қосты, сөнуге тақаған от қайта тұтанды... Іске пысық, шаруаға епті болғанымен, бір кемшілігі бар болатын, ол балаға келген де қамқорлық атаулыдан жұрдайлығы. Кішкене қыз "апалап" келе қалса, жұдырығымен салып-салып жіберетін. Жай түйгіштесе бір жөн-ау, тілін безеп "қу жетімек, сарнама, көр жұтқыр" деп қарғайтыны тағы бар-тын. Дәл сол әдетімен кішкене қызды жұдырықтап жатқан кезінде Жомарт үстіннен түскен болатын. Көрші қатындардың бір-екі рет пыш-пыштап айтқан өсектерін құлағы шалған да сенбеп еді. Нақ сол сәтте көзімен көргесін қарап тұра алмады. Пеш алдында ұзынан-ұзын сұлап жатқан көсеуді алып, білегін сыбанып, бар күшімен бір неше мәрте соғып-соғып қалған-тын. Бірақ та Жомарттың бір мінезі бар, ашуы басталса тоқтату қиын еді. Көсеумен бір неше ұрғанға айызы қанбады. Жан-жағын қараған да көзге ілінер икемді сайман болмағасын сыртқа шығып кеткен. Сырттан өзімен бірге сүймен күректі алып келді. Үрей басқан Қадиша осыншама жалынды, жалбарынды, ант-су ішті, бірақ Жомарттың ашуы тарқамады. Бар күшімен келіп күрекпен бір ұрды, көзі қараутты ма, әлде сермеген де мүлт кетті ме, тек күректің ұшы ғана иығына тиді. Ұшы болса да, жай тимеді, ойып түсті, қайралған пышақтай кесіп түсті... Арада қаншама уақыт өтті, күрек тиген жер өң бітіп жазылды. Әйтсе де шырам қалды. Сол оқиғадан кейін Қадишаның балаға деген махаббаты ашылды, бұрындары баланы иттің етінен жек көретін Қадиша, бала жанды болып кетті. Кейбір ауыл әйелдері "Қадишаның сол жақ иығында бір шайтан отырады екен, біздің Жомартта жай адам емес қой, сол шайтанды күрекпен қағып түсіріпті. Содан ғой, әйтпесе Қадишаны білеміз ғой, баланы қинаудан басқаны білмейді" деп быж-быж, гүж-гүж етіп өсек тасыды.

     Күбір-күбір сөйлеп үйіне қалай жеткенін байқамай қалды. Жан-жағына қараса қарсы алдын да үйінің қақпасы тұр. Қыз үйге келген болар деген үмітпен есікті ашып үйге кірді. Бағына орай Жомарт әлі келмепті. Көркем де келмегенге ұқсайды. Әлде келген бе? Қадиша үйдегі өзгерісті тез байқап қалды. Аяғына ілген тәпішкесін шешпестен, кілемшелердің үстін басып, қыздың бөлмесіне жетіп барды. Ғажап-ау, қыз ештеңе болмағандай пысылап ұйықтап жатыр. Ал бұл болса ше, ақ тер, көк тер болып текке сабылған ба? Әлде таң ертең дұрыс қарамағаны ма, жоқ Қадиша жаңылмайды. Қадишаның көзі қыранның көзіндей қиядағыны қалт жібермей көреді, қонаққа келе жатқан адамды алыстан танып кім екенін, қандай киім кигенін, бетін де нүктедей меңі болса бірден байқайтын Қадиша емес пе. Сонда бұған да кәрілік жеткен бе, жоқ Қадишаға кәрілік келмейді, мүмкін жанары бұлыңғырланған болар немесе шел баса бастаған шығар. Көзге кәрілік келсе де, Қадиша ға кәрілік келген жоқ.

   Бір күмәнді ой "ұйықтап жатқан қызыңды оят, сұрап біл" дегендей санасын да дыз ете қалды. Күмәнді ойдың жетегіне еріп, қызы жатқан керуетке ұмтылмаққа бекінді, бірақ та өз-өзін сабырға шақырып "осыным дұрыс па, оянғасын өзі айтар, менен сыр жасырмаушы еді" деп іркіліп тоқтады. Ал ұйықтап жатыр деген қыз бәрін сезіп, біліп жатыр еді. Шынымен ұйықтап қалармын деп көзін жұмып еді, көз алдында өткен күннің сарқындылары, тәтті шағына балаған естеліктері оралды. Ол кездер қандай әдемі еді. Ешқандай да уайым жоқ, қайғыру жоқ, алаңдық жоқ. Бар дүние, бар ғалам уысында тұрғандай болатын. Тіпті сол жан басқа біреу үшін, өзін тастап кетерін білді ме, білмек түгілі, пәк көңілді қыздың таза жүрегі сезбеген де болар. Сезбеген. Енді, міне бір-ақ сәтте махаббат оқиғасының көңілсіз кейіпкері болды да қалды. Алдан жаңа күндей жарқырап шығар мүмкіндіктер бар ма, әлде қам көңіл күйде өмірдің салған тәлкегіне, мысқылдап күлгендей мазағына көніп жүре бермек пе? Бәрі қалай басталып еді?

   Ұяла батып бара жатқан күн жүзі, ертең келемін деп қол бұлғайтындай... Ауыл орталығында жастарға арнап салынған саябақ бар еді. Қаланың саябақтарындай; қаулап өскен ағашы, көздің жауын алар әдемілігі болмаса да, бір неше орындығы бар, қаптаған адамы бар. Кеш түссе үлкен-кішісі сол саябақта жүретін. Бір-бірін күнде көрсе де жаңа көргендей қауқылдасып, үй-ішінің амандығын сұрасып шал-кемірлер бөлек отыратын. "Әкім тексеріп кетті ме? А, бізге де келді. Келесі де хабарласып қойыңдар, біліп отырайық" деп ерлер жағы оқшауланып жұмыстың әңгімесін талқылаушы еді. Әйелдер болса күнделікті күйбеңге толы үй тірлігін, жасаған тамақтарын сөз ететін. Жастар жағы болса түнге таман, саябақтағы жиналған адамдар тарқағасын, ақырын-ақырын жиналатын. Сол жастардың бірі Көркем мен Нұржан еді. Мектепті тәмәмдаған жас, албырт, қос жүрек. Бір оқу орынында, екі түрлі мамандық бойынша білім алып, бірге өмір айдынына аттанбаққа бекінген, арман-мақсаттары көмескі болса да, айқын деп есептейтін. Жазғы демалысты пайдаланып ауылдағы саябақта кездесуші еді. Жастықтың іңкәр сезімі, саф алтындай, таза жүрекке ұялағандай, бір-біріне деген ынтықтық, ерекше үйлесімділік сыйлайтын. Айлы түннің астындағы сырласу, үнсіздік атты құдіретке орын беріп, тек көз арқылы, ғашықтықтың қос жанары арқылы, бір-бірін ұғысар еді. Жай ғана ұғысып қоймай, тылсым әлемдерін, ішкі әлемдерін айна-қатесіз түсінер еді...

   Нұржан мен Көркемнің қайтып оралмас сәттерін, махаббат хикаясын айтып не қыламыз, оқырман қауымның құнды уақытын алмауды жөн көрдім.

   ...Мәңгілікке ажырасар күнінде де солай болған. Екеуі оңаша. Нұржанның жүзі сынық болса да, тышқан аңдыған мысықтай сездірмеген. Тек саябақтың сыртын-ала қоршалған; жасыл түсті қақпаға таяу келген кезде ғана "саған бірдеңе айтсам бола ма?" деген, ерге тән үндегі қырылды жоғалтып. Алаңсыз, бейқам ойда келе жатқан қыз "әрине, айта бер" деді, еркелеген нәзік үнмен. Қыздың қолын ұстаған қалпын да "менің саған деген сезімім жоқ" деген еді. Қыз түсінбеді-ау, деймін, түсінбеуі де орынды жігіттің дауысы әйнек ішіндегі масаның ызыңындай ақырын шыққан. Өзі де сезгендей, қайтадан "мен сені ұнатпаймын, саған деген сезім жоқ. Мен басқаны сүйемін, менің адамым басқа" деп айқайлап жіберді. Қыз бірден жігіттің көз жанарына қарады, Құдай-ау, құдды бір өлі мысықтың көзіне қарағандай, ешқандай да нұр жоқ. Көзінен өзіне деген сезім сәулесін іздеген, бір ғана жалт етіп көрінші деп тілеген, үміттенген, қалжың деп жігіттің сөзіне сенбеген. Сенбеуі де қисынға келеді. Бір апта немесе бір неше ай болса бір жөн. Бақандай төрт жыл. Мектеп кезінде бір-бірін ұнатып табысты, серттесті, мәңгі бірге болуға ант етті. Барлық оқиғалар көз алдынан тізбектеліп өтіп шықты. Оныншы сыныптағы, он бірдегі, бірінші курс, екінші курстағы, күні кеше ғана болған оқиғалар. Жо-жоқ, бұлай болуы мүмкін емес. Жігіттің қолынан өз қолын босатып бетін басты, көзден еріксіз мөлдір тамшылар тамды, жер ана перзентінің жылағанын білдірмейін дегендей сіңдіріп жібереді, сіңіріп жібереді. Көз жанары жасқа толып жігіттің көзіне қайта қарады, жоқ, жоқ, ешқандай да нұрлы көз жоқ, тек қап-қара тұңғиыққа жетелейтін, тұғиықтың түбіне бойлататын қара құрдым істпетті, бірдеңе. Үрейлене қорқып, бұрылып тұра жүгірді, алды-артына қарамастан жүрігіп келеді, қайда барады, ол өзіне де белгісіз, бір күш жүгір дейтін секілді, жүгір, жүгір...

    Жүгірген қалпы ауыл шетіне келді. Тым-тырыс, меңіреу тыныштық орын тепкен, оң жағында қалбиып ескі үйі тұр. Әкесі туған анасымен осы үйде қауышып, осы үйде қарапайым өмірлерін кешкесін бе, бұл үйді жеке мұржай секілді сақтаған. Тәтті естеліктерді бұзып алардай қорқып Қадишаны басқа үйге кіргізді. Жомарттың өзі ара-тұра келіп ескі үйдің шаң-тозаңдарын сүртіп, терезелерді ашып, өткен шаққа саяхат жасағандай бір аялдап қалатын. Оның өзінде де ұзақ отыруға жүрегі дауаламайтын, тек бірер минуттарға ғана. Ақырын жақындап есікке үңілді, есікте қара түннің күнәсін ашқандай күміс түстес — құлып ай сәулесіне жарқырап тұр. Қалтасын қарап еді, ештеңе қолға іліне қоймайды, құлаққап пен смартфон ғана бар екен. Ойына кілтті мойынына тағып жүретіні түсіп, мойыннан кілтті алып, есікті ашты. Сырнай тартып есік ашылды. Адымдай басып ішке енді, көптен бері келмегесін бе, жүрегін де бір үрей пайда болғандай болды. Бірақ ол да уақытша екен, ішке еніп, әрі-бері жүргесін ол да тарқады. Жарықты жағып бөлмелерді аралап, уақыт көлігіне бағынбай тоқтап қалған естеліктердің әрбіріне көз жүгіртіп, әр қайсысынан сыр ұғардай зерделі оймен көз салды. Бұның барлығы жараланған жүрегін, тілім-тілім болған кеудесіндегі бір жапырақ етті алдарқатуы еді. Ай-бірақ болмайды, осы үйдегі заттар махаббат оқиғасынан запы көрген жанын үгіп, миын тілгілеп тастағандай қинайды, ойламайын десе тағы болмайды, біреу әдейі көз алдына алып келетін сияқты. Міне тағы да бейнелер көз алдында көлбеңдеп тұр. Бұл дүние де ең сорақы нәрсе болса, ол жақын тұтқан, жүрегіңді сеніп тапсырған адамның, сені сатып, түкке керексіз заттай тастай салуы екен. Одан да сорақы, жаныңды ауыртар тұсы, сол адаммен өміріңді елестеттіп, өзіңді сол адаммен бақытты сезінуің. Болашағыңды, бар ғұмырыңды құнсыз адамға тіркеп қоюың. Амал қанша, болар іс болды, өтті-кетті, ендігі кезекте алдыға жылжу керек. Алдыға жылжу керек деп оп-оңай айта саламыз ғой, бірақ қалай ша? Өткен күндердегі естеліктерді, адам жадында сақталып қалған оқиғаларды қайтпекпіз, о, жағы белгісіз. Бар айтарымыз алдыға жылжу, сонда ол не? Ол да белгісіз.

   — Не деген, ақымақпын? Жігіт деген не теңім? Маған жігіт емес оқу керек қой, оқу. Мен не істедім? Мектеп қабырғасын аяқтамай жатып, жігітке жармастым. Сүйдім, күйдім, өлдім дедім, ақыр аяғы не болды? "Мен сені ұнатпаймын, саған деген сезім жоқ..." деген сөзді естідім, бітті. Алған атағым, шыққан биігім, табан тірген жерім сол болды ма? Иә, сол ғана басқа дым да емес. Неткен сорлы едім, неткен бақытсыз бейшара едім. Мендей сормаңдай жер әлемде жоқ шығар. Бар дегеннің өзі мені көріп күлетін, күлкіден өлетін болар, — деп жерге отыра кетті. Сол отырған қалпы бұрышқа жылжып барды да, тізесін құшақтап, кішкене баладай солқ-солқ жылады, алаңсыз жылады... Аспандағы ай қызды жұбатқысы келгендей нұрын төгіп, мейіріммен терезеден сығалап тұр. Қайдан білсін, сүт пісірім уақыттан кейін өзіне де бұл қыздан сөздер дайын екенін...

 

Бибіт НҰРМҰХАН

 

 

 

 



Бөлісу: