Нұрдәулет Ақышпен онлайн кездесу
блог
Өз дәуірінде Мұхтар Әуезов “Біз базарға барып, сол базардан тұлға болып, қайтып келе жатқан адамдармыз” депті. Мен кіммін? Неге икемдімін? Ата- анамның үмітін қалай ақтаймын? деген толассыз сұрақтардың жауабын, өз керегім мен қажетімді толықтыруда әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің алатын орны ерекше.
Филология және әлем тілдері факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының студенттер үшін жасап жатқан еңбегі зор.Сондай іс-шаралардың бірі наурыздың он алтыншы жұлдызында ZOOM платформасында өтті.
«Жігер» фестивалінің, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі конкурсының жүлдегері, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері. Бірнеше бәйгелердің жүлдегері, Филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақышпен “Әдебиеттегі дәстүр мен сабақтастық ” тақырыбы аясында онлайн кездесу өтті. Жүздесуді ф.ғ.к., аға оқытушы Райхан Имаханбет пен Қазақ филологиясы мамандығының 1-курс магистранттары ұйымдастырды.
Онлайн жүздесудің мақсаты – магистранттарды Нұрдәулет Ақыштың шығармашылығымен таныстырып,әдебиеттегі дәстүр мен сабақтастық тақырыбында ой өрбіту, кіші буын жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу.
Кездесу барысында “Көркем әдебиетпен айналысудың орнына көбіне күйкі тіршілікпен немесе жазу шығармашылығының өзім қаламаған түрлерімен айналысуға тура келді” деген жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша мәлімет берілді. Нұрдәулет Ақыш 1950 жылы 15 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Маңырақ ауылында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген (1973). Республикалық «Мектеп», «Жалын», «Балауса» баспаларында, «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Қазақстан мұғалімі», «Халық кеңесі», «Заң газеті», «Дат» газет- журнал редакцияларында, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясында қызмет атқарған. Қазір М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі. Республикалық баспасөзде алғаш рет 1972 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде «Қиянда» атты әңгімесімен көрінген. Оннан астам көркем әдебиет кітаптарының авторы. Балаларға арналған туындылары да бар: «Әбдіреден шыққан қылыш», «Киелі көлдің қарақшылары», «Бейуақта жанған от», т.б .
Нұрдәулет Ақыш тек жазушы ғана емес, ғалым ретінде де бүгінгі әдебиеттегі мәселелер жайында сөз етті. Соның ішінде “жазушы шығармаларының рецепті”, “шығарманың көркемдік деңгейі”, “шығарманың айтар ойы”, “сөздің бейнелі болуы”, “қарапайым тіл”, т.б. тақырыптары қамтылды.
Сценариймен емес, еркін форматта өткізілген әдеби жүздесу алдына қойған мақсатына жетті деп ойлаймын. Қазіргі елдегі қиын жағдайға қарамастан әдеби жүздесудің қонағы болған Нұрдәулет Ақыш мырзаға, бүгінгінің зиялысымен пікір алмасуға мүмкіндік берген дәріскер Райхан апайға алғысымыз шексіз! Әдеби жүздесу қатысушылардың жүрегінде ұзақ уақыт ұмытылмастай әсер қалдырды. Келесі кездесу қарашаңырақ қабырғасында өтсе деген тілек білдірдік.
Абдулхамитова Ақерке
Қазақ филологиясы
1- курс магистранты