Нейрон
блог
«Перуайым, менің жазған хаттарымды оқып жүрсің бе? Қарашаның қары жаумай, мазамды алды. Бала күнім есіме түсіп, түні бойы тар төсекте дөңбекши беремін. Көрші әйелдің ыңырсыған дауысынан ұйқым шайдай ашылып, түнекке сінген қара қабырғаларға үңіле беремін. Қараңғылықтан да болмашы дүниені көруге болады екен, ал түнек космостағы шегі жоқ ғалам секілді, қорқынышты, суық, денеңді өзіңе тартып, жаныңды суырып алғысы кеп тұрады. Екі көзінің желкеме түйіле қарап, бақылап тұрғанын сезіп тұрмын. Бірақ, тәнімде талғажау етер не қалды дейсің? Бүлкілдеп соққан жүректе жан мекендесе, қане?! Жанашырым! Жазбен қоштаса алмай жүрмін... Терезе алдынан ұшқан жапырақ көбелектей діріл қағып, көз алдымнан ғайып боп барады. Бұл тарамыс теректің де көрер күні таусылғаны...»
Тық – тық еткен аяқ киім дыбысын ести сала Кәрима көрпесін қымтап жамылып алды. Жазып отырған бір парақ қағазың қолына мыжғылай ұстап, демін ішіне тарта, үнсіз қалды. Көрпе астындағы ыстық демі бар ауаны жұтып, өкпесіне шұғыл оттегі қажеттігін білдіріп жатыр. Сонда да үнсіз. Сырттан жас дәрігер жігіттің дауысы естілді. Қоңыр үнінің жанға жайлысын-ай деп тамсана ойлап қойды ішінен.
- 13 – нөмірге таңертен тыныштандыратын дәрі беріп едік, әлі басын көтермеді?
- МРТ не дейді?
- Ми бөліктерінде айтарлықтай өзгеріс жоқ, тек самай бөлігінде ауытқушылықтар бар секілді...
Күнде естіп жүрген түсініксіз сөздерден Кәриманың құлағы солқылдап ауыра бастады. Көрпесін жұлқына лақтырып, екі құлағын баса сыртқа жүгіріп шықты. Тастай еден табанына ызғар жіберіп, тоңазытқанына да қарамады. Алдынан бір жарық пайда болып, соған ұмтыла түсті. «Тоқта! Тоқта!» деген дәрігерлердің дауысы еміс-еміс естіледі. Тек, бұдыр еденге сүрініп кеткені есінде. Әрі қарай тұман.
«Перуайым! Келемін деп уәде беріп едің ғой! Менің саған айтар әңгімем көп... Біз өткен шақта өмір сүреді екенбіз. Қоршаған орта мәліметі нервтер арқылы миға жету үшін мыңнан бір секунд уақыт керек екен. Сенің өмірлік қалауын, таңертең оянып жұмысқа баруын, ол жақта адамдармен сөйлесуден жиреніп,жалғызсырап қалуын, түскі аста көрші кафеде отырып, өткен-кеткенді айтысып, кешкісін жарқ-жұрқ еткен шам арасынан бір бейнені көріп қалып, таяй келе басқа біреу екенін біліп,жабырқаулы күйге түсуін, барлығы, барлығы да ми ішіндегі жұқа тамырлардың жұмысы екен. Ол сенің ерікті таңдауын емес, төбеңде отырған нейрондар саған солай істе деп бұйырады. Сен бар болғаны робот секілді сонын айтқандарын орындайсың. Бұл әлем жай ғана иллюзия. Сенің миыңның бір бөлігіне зақым келсе, түстерді ажыратпай, не иіс сезбей, жанарын көрмей қалуы мүмкін. Қорқып кеттің бе? Ештеңе де емес. Әйтсе де, дәл осы шақта сені көргісі кеп отырған қай тамыр екен?... Өзім емес, мен емеспін деп жұбатайыншы өздігімді. Дәрігерлердің түсініксіз сөзі миыма атом бомбасындай әсер қалдырып, құлағымды қаната береді. Ешкім де маған қарап тіл қатпаса екен деймін. Тек сенің қабағынды бақылап отыра бергім келеді.
Менің сүйкімді қолтырауыным! Былжырақ ванильді айтпай-ақ, атом бомбасы, не Арктиканың ақ аюлары мен Солтүстік Кореяның саясатын сылтау етіп, сөйлесіп көрерміз, ә? Тек, келсең болғаны... »
- Ей, Сары түс, андағы қағазыңды берші бері!
- Әрімен қарап отыр, мен саған ешқандай да Сары емеспін. Менің атым Кәрима!
- Сенің атынды жаттау үшін қанша қиналғанымды білесің бе? Түспен байланыстыра алмасам, ештеңені де есіме сақтай алмаймын.
- Сонда қалай?
- Былай. Егер маған бір деген санды айтсаң ол маған қызыл түс боп көрінеді, ал екі жасыл, үш көгілдір, төрт сұр, бес күлгін, алты сары, жеті қызғылт...
- Стоп... – Кәриманың құлағы тағы шыңылдап, ауыра бастады, Құлағынан аққан қан теңіздей толқып, көз алдында буырқанып жатыр.
Қайда барамын?!
Қабырға бұрышына тығыла түсті. Жан дауысымен айқайлап көрмекші еді, бүкіл әлем дыбыссыз қалып, шексіз вакуумге кіріп кеткендей.
Көзінің асты көгілдірленіп, жағы сола түсіпті. Бұнда түскелі желкесінен шорт кесілген шашы да сирей бастапты. Сүйегі адырайған саусағымен шашын сипай беріп еді уысына бірнеше тал сусып түсті. Дәрігер жақындағанын ести сала қол айнасын дереу жасыра қойды.
- Он үшіншінің аксондарының қабылдауында ағаттық кеткен секілді сол себепті түйсіну,сезінуінде біз білмес жай бар. Оның неден пайда болғаны әзірге белгісіз...
- Нейроглияларын қарап көру керек!
- Қалайша? Миың қопарып, орнына қою мүмкін емес!
- Мүмкін емес нәрсе болмайды!
- Кхм! Жақсы, көрелік...
«Перуайым! Мен енді керемет болжаулар мен құр сөзге сенбеймін. Сірә, Оруэллдің антиутопиясы қатты әсер еткен болар... Міндеттелген коллективті жұмыс, бір-біріне деген тәуелділік, жекенің пікірін елемеу, тобырды қолдау, өзіндік ойды жоққа шығару және сол іспетті қоғамның, бұрынғы тоталитарлық биліктің "сасық сарқыншақтары" даралығымызға кедергі болып жатыр. Қайда барсаң да біреудің сөзін біреу қайталау, жалықтым! Біз оқып жүрген еңбектердің өзі биліктің қамшылауымен жазылған, идеологияның құрсауындағы ереже мен "құндылықтар" жиынтығы. Адастырудың ең бір сорақы құралы болған шығармалар мен кітаптар! Әйелдерді екінші сортты зат қылып, сөзің сөз демеу, тұтынуға тұрарлық құрал ретінде пайдалану, соның кесірінен интеллектіге түкірген "қуыршақтардың" пайда болуы. Әйелге ақыл не керек?!»
Әкелінген таңғы асқа қарай алмай біраз жатты. Қаңқылдаған қарғаның да дауысы естілмейді, тіршіліктің тілі байланғандай.
«Перуайым! Бүгін ештеңе де мазаламаса екен. Жанымдағы балтыры жылтыраған орыс әйелдің жүзіндегі әжімдердің шегі жоқ секілді.Осыған қарап, «Уақыт-ай, ә?»дерсің, бәлкім. Ал уақыт деген не? Кеңістік шетінде үлкен сағаттың басқаруымен жүзеге асып жатқан құбылыс па? Імм, солай сияқты... Бірақ...Уақыттың да өзінің жұмбақтары бар ғой. Егер мені бірнеше жылға ғарышқа ұшырып , ал сені осында қалдырса, мен үшін бұл уақыт қас-қағымдай зулап өтіп кетер, ал сен мені күтуден жалығып, басқа біреумен қол ұстасар едің. Менің бұны білмей, түнек басқан ғарышта қалғаным жөн шығар...Бәлкім...
Сонда уақыт дегеніміз екеуміз үшін түрлі қуатты параллель сымдар болғаны ма?»
- Сары дегенім сағыныш, қара дегенім қуаныш, қызғылт – қайғы,
жасыл - күрсіну, сұр – таңғалу, қоңыр – жеккөру, ақ...
- Он екінші, бірер секундқа үніңді шығармай тұра тұршы...
- Мына қызды бүгін алып келді. Өзі біртүрлі. Ата – анасы оның ашулана бергенін көріп, маңдай бөліктегі тамырларын алғызып тастаған. Енді ол байғұстан асқан мейірімді жан жоқ, тек түк сезбейтіні болмаса! Ха-ха! Тас боп қатқан мүсіндей қыз! Күлкілі емес пе? Хмм, есімін сұрап алу керек еді... Ха-ха!...
Бойжеткеннің тірі екендігін тек кірпік қағысынан ғана көруге болар еді. Шыбықтай білегімен тізесін қаусыра құшақтап, мына екеуіне қадалып қалыпты.
- Байғұс-ай десейші...
- Шаруам жоқ, Тастай қыз! Тас, тас... Көгілдір!
Қабырғаға теріс қарап жатып қалды. Ойына сапырылыса келген сауалдар мен жауаптар маза берер емес.
«Перуайым! Түнгі аспандағы жұлдыздардың айналасында біздің Жер секілді ғаламшарлар бар екенің білесің бе? Сол жақта мен секілді мұңлық басқа бір тірлікті аңсап, шексіз аспанға үңіліп отырған шығар. Жарық жылдамдығына жетем деген пендауи қалаулар талайын отқа салды емес пе? Мына жердің тымырсық ауасынан зымырандағы тар кеңістіктің өзі артық?! Шеке тамырымның шыңылдап тұрғаны-ай!...»
- ...11, 12, 13, 14... Мына нөмірдегілерді дереу тексерістен өтсің деген бұйрық келді. Ми қалыбына түгел тінту жүргізіңдер!
Темір камералардан шыққан науқастар бірінен соң бірі тізіліп бара жатты. Соңғы үшеуінің жоқ екенін көрген кезекші дәрігер, палата есігін аша бергенде көзі шарасынан шыға шошып, көмекке шақыра бастады. Тізесі дір-дір еткен 14-нөмірдің тапаншаны қайдан алғаны белгісіз еді.