Нерд

Нерд
жеке
блог

Қорқыт дүниені,

«Өлгендер қайтып келмейды»

  Ол Slashdot.org сайтын ақтарып отырды. Миы бұзылып кетті. Алдындағы старбакс кофесінің иісі оны дем алуға ертті. Көзілдірігін алып сығырайғандарға еркіндік бермекші еді, компьютердің хабарламалық сигналы оны селк еткізді де қайта экран алдына әкелді. Стэнфорд университетіндегі онлайн курстасы Джек Лойдтың ыржиған езуі оның да күлкісін келтірді.  https://goo.gl/b7An7S

Онлайн дос - «Біз шынтуайтында ашкөздік, ашу-ыза, менмендік, жалқаулық, нәпсіқорлық пен ақымақшылық, әдетте, әдептілік, пәктік, төзімділік, әділдік пен ақылгөйліктен гөрі адамдарға көбірек пайда әкелетіндігін көреміз де, осыдан кейін, ең құрығанда, адам болып қалардай таңдау жасауымызға тура келетіндіктен... неге ғана бізге зұлымдыққа аз да болса қарсыласуға тырысып көрмеске- тегі қаһарман атымыз шығып кетуі қауіп болса да.»

Роберт Болт

Ол: Бұл не?

Онлайн досы: Не ойлайсың?

Ол: Негізі ойлану керек жазба ма еді? Кешір, бірақ мені қызықтырмады.

Онлайн досы: Бұл жазбаны маған Техас штатындағы философ танысым жіберді.

Ол: Философия меніңше, түкке тұрмайды.

Онлайн досы: Мен оған екеуміздің дайындап жатқан жобамыз туралы айтқан едім.

Ол: Не дейді?

Онлайн досы: Қолдады да артынан осы жазбаны жіберді. Роберт Болт дегенді білмейтін едім, гуглдің айтуынша алып бара жатқан әулие емес, тіпті ешкім де емес сияқты.

Ол: Қайта бір оқып шықтым, түсінуге қиын мәтін бірақ соңғы сөйлемі ұнады.

Онлайн досы: Біздің осы жазға үлгіретінімізге сенімдісің бе?

Ол: Егер ауа, су, күн туралы ойламасақ!

Онлайн досы: Бізге Питер Норвигпен жақсылып кеңесу керек.

Ол: Қазір саған соңғы аптада дайындаған формула бойынша жасалған жұмысты жіберем. Реакцияны анықтап бірнеше рет қарауға тырыс, видео сапасыздау еді.

Онлайн досы: Жарайды.

Олар ауа райы туралы сөйлеспеді.

   Оған дәретханаға бару керек. Өзін итергендей бөлмеден зорға шықты. Үйдің ішінде қонақ барын енді білді. Адамдар көбейіп кеткен сияқты, көңілді шу оған аса ұнай қоймады, өз- өзіне тығыла түсті. Оның көз алдында кішкентай бөтен балалар жүгіріп жүрді. Есігі ашық тұрған ас бөлмеде отырған бірнеше әйелді көрді. Ішіндегі анасы қайсы, басқасы қайсы жақсы тани қоймасада бәріне бірдей суық амандаса салды. «Ой, біздің Телқоңыр, келе ғой, шай іш» деген жамырай шыққан сөздер оған біртүрлі оғаштау естіліп кетті. Жымиуға икемсіздеу біткен езуін сәл тартуға тырысты да, оң қолын көтерді де зу етіп өте шықты. Оның бар білдірген ишараты осы болды. «Телқоңыр» деген дауыс құлағына қайта жаңғырып келді. Оның бұйралау, тығыз орналасқан шашы мен сарғыштау түріне қаратып туыстары солай атап кеткенін білетін, бірақ «Телқоңыр» деген сөзді ешқашан түсінген емес.

   Өз бөлмесіне кіріп енді ғана еркін дем ала бастады. Бір қабырғаны алып тұрған жұмыс үстеліндегі химиялық сұйықтықтарға толған ыдыстар мен тәжиірбеге арналған физикалық түрлі заттардан шыққан иіс оған тіпті жағымды көрінетін. «Адам ағзасының жаңа қуаты» деген жазуы бар, қабырғада ілулі тұрған үлкен қағазға жақындап келді. «22» әріптен құралған осы төрт сөз оның бүкіл жұмысы мен өмірінің мәніне айналып кеткелі қанша уақыт өткенін есіне түсіре алмады. Онлайн досы екеуі бұл жобаларын осы жазда Силикондағы зерттеу орталығына ұсынуды жоспарлап қойған.      

   Оның жаны терледі. GED/ J D_ _S: + + >: a _ _ C + + (+ + + +) ULU + + P+ L+ + E _ _ _ _ W + I - )

   Жарық сөніп қалды. Ол компьютер алдында отыра берді. Бес минуттай тыныштықта күтті, бірақ енді шыдамы таусыла бастады. Бөлмесінің есігін ақырын ашып көріп еді, үй ішіндегілер шам жағып алып, баяғыдай шуласып жүр. Ол бұл жарықтың өзіне пана болмайтынын біліп, есікті жауып тағы отыра берді.   Бөлменің тас қараңғылығы мен тыныштығы оны қиялға батырды. «Адам ағзасының жаңа қуаты» ол бұл сөйлемді дауыстап қайталай берді. Өзінің іздеген «қуаты» арқылы болашақта адам баласының өлімсіз, аурусыз өмір сүретініне ол қатты сенетін.

ОЛ: Өлімсіз, аурусыз өмір, өлімсіз, аурусыз өмір тағы өлімсіз, аурусыз өмір «жаңа әлемді» тудырады.

  Оның жаны терледі. Құлағына зарлы үн естіле бастады. Тас қараңғылық пен тыныштық оны жеп барады. Бірақ зарлы үн қаттырақ естіле бастады. Бұл дала желінің қамысты қуыстарға сығылып шыққан даусына ұқсайтын еді, ол байқамасада. Үй ішіндегі бөтендерден шыққан әлдебір түсініксіз музыка болар деп есікке жақындап көріп еді, ар жақтан тек шулаған адамдардың бытып- шытқан әңгімелері ғана естілді. Барған сайын зарлы үн оның терісінен ішіне қарай өтіп барады. Ол құлағын басып қуыс-қуысқа тығылып әлектенді, бірақ дауыс оны жұтып бара жатты.  Жарық келуге асықпады. Ол бұл музыканы шексіз жек көріп кетті. Бұл дауыс бөтен емес екенін сезе бастады. Ол бөлменің қысымына шыдай алмады, есікті айқара етіп ашты да далаға қарай жүгірді. Баспалдақтардан аяғы көтеріліп ұшып келе жатқандай көрінеді.  Ол дала ауасына кіріп кетті.

  Қыстың қаңтар айы, бірақ сыртта жаңбыр жауып тұрды. Алматының ауа райы туралы ол ойланып көрмеген еді.      

Оған көшедегі көліктердің дауысы, жаңбырдың дауысы ештеңе естілмеді. Ол құлағында зарлы үннің әлі сызданып тұрғанын байқады, бірақ сырттан емес, өзінің ішінен шығып жатқандай жақын еді. «Өлімнің зары» оны жұтып бара жатты. Оның жаны терледі, жаңбыр астында жүгіре берді.

08.02.2016