Мылқау

Мылқау
жеке
блог

Өзінің  он жетінші көктемінде ол бала кезіндегідей жасқаншақ, адамдар қолына түскен қоян көжегіндей қорқақ емес , кемпірқосақтың сыңғырындай мың құбылып , тек жарқын  түстерге боялған көбелек қанатындай нәзік те жайдары.Мүмкін оның өмірі ме, тағдыры ма, әйтеуір өзі өзгерте алмаған біреуі оны жасынан жылап,налып,мұңайып,шағым айтудан жалықтырып жіберген болар.Әлде оның әлгі көбелектей нәзік көңілі ешқашан шытынамас шыдамдылықтың мөлдір сауытын киіп алды ма ,кім білсін, бірақ  оның  бақытты жүзіне ,сөзіне , өмір сүру дағдысына қарап бақытты болғың кеп кетеді. Оны бұл ауылда бәрі жақсы таниды. Көршілері де,достары да, барлығы  оны аяп , әлде шынында қыздың жайдары мінезі баурап па тек жақсы көзқараспен  қарап ,жақсы қарым-қатынаста болатын. Оның жанарының шырағы мәңгі өшкені шет елдік дәрігердің қабылдауында белгілі болған сәтте бәріміз бұл қыздың алдағы өмір артқа тастаған 17 жылындай ішкі азап пен қайғыға толатынын ойлап, қалың ойға батсақ , ол бұл хабарды естігенде үнсіз ғана жымиыпты. Неге күлгенін сұраған қайғылы жандарға дауысынан бірде-бір қобалжу мен дірілдің сызаты да байқалмаған сол бір салмақты қалпында жүзіндегі жымиыспен: «Кеудемде қалған үпіліктей үмітімнің керегін не керек емесін білмей басым қатып жүруші ем.Бүгін оның да өмірдің үрлеген демімен ұшып кетіп қолымда құр сабағы қаларын білгеніме қуанып отырмын.Енді алдағы күндерімнің бейнесін алыстан емес жақыннан танитын болдым»- депті.Ауылға ораламын дегенше көздері жастан құрғамаған жақындарына : «Міне мен сендерді шетелге, әлемнің ең керемет қалаларының біріне әкелдім. Жылай бергенше, неге тамашалап қалмайсыңдар?»-деп өзі мүлде жыламаған көрінеді. Бәріміз де сыртқа білдірмесе де ішінен қатты күйзелді-ау деп топшылап жүрдік. Мектепті бітіріп, сыныптастармен болашаққа үміт артқан қалыпта,бірге көңілді уақыт өткізіп жүрген жаздың бір күндерінде Жанар таңғы бестердің шамасында маған келген болатын. Ұйқымды аша алмай ,әрі таң атпастан неге келгенін түсінбей үнсіз мен тұрмын.Түні бойы жарқырап , бізге тегін жарық сыйлаған жұлдыздар біртіндеп азая бастаған екен. Көкжиектен үркер көрінеді.Аспанда ай да,күн де болмаса да дала жап-жарық. Таңғы салқын да таза ауамен тыныстап ұйқымды ашып алып , осы көріністі тамашалауға мүмкіндік сыйлап мені ерте оятып алған Жанарға қарадым. Жүзінде мұң сызаты байқалады . Бірақ білдіргісі келмей , кең тыныстап жымиып тұр.Байқай сала не себепті сонша ерте келгенін,неге мұңайып тұрғанын сұрағым келді,бірақ үнсіз ғана  оны қолынан жетектеп бала кезіміздің естелігі болып тұрған әкемнің қолынан шыққан көне , ақ бояумен сырланған әткеншекке отырғыздым да жанына отырдым.Асықпай жай тербеліп отырған бірнеше минуттық үнсіздіктен кейін , менің  өзім бастап сұрағалы жатқанымды сезгендей әңгімесін бастап кетті.Үнемі көңілді жүрсе де артық сөз айтпайтын Жанар әр нәрсенің басын бір шалып,сәл үнсіздіктен кейін жылап жіберді.  Өзінің махаббат хикаясын айтып үнсіз қалды. Думан,қысқаша айтқанда, оның қамқоршысы. Біз әр жыл сайын сыныптастар болып жаңа жылды қарсы алып бөлек жүргенде, ол ғана  Жанарға сыйлықтарымен келіп, сыртта серуендеп жүруші еді. Бұл жағдайлар әр мереке сайын қайталанып отыратын. Арамызда бала кезінен Жанардың қасынан шықпайтын Думан ғана оның сүйікті тамағы , кітабы, әнші-актёрларын , жыл мезгілін , ең керемет естеліктерін білетін.Мұны біз сырттарынан махаббатқа баласақ та, біз ғана емес,Жанар да солай ойласа да  Думан ғана нағыз достыққа негіздейді екен. Кеше  бәріміз Думан мен Жанарды сөз қылғанда оның өзі бізге сондай жауап айтқан еді. Алайда ол бұл жағдайды Жанарға айтып, Жанардың ,ешқашан қиындықтарға мойымайтын Жанардың  іштей қиналып, осылай менің алдымда жылап отыратыны ойыма да кірмепті. Сол күні ол маған көп нәрсе айтса да оның соңғы сөзі көкейімде жатталып қалып еді.Жанарынан жас тамып: «Менің көзім ғана соқыр деуші едім.Адам жанары ешқашан алдамайды ғой.Солай емес пе? Мен секілділер ғана болмаса бұл көздегі шынайылықты бәрі оқи алады.Ол маған сонша ұзақ қарап тұрғанында менің жанарымнан түк те оқи алмағаны қалай? Менің жанарым соқыр ғана емес , мылқау да екен ғой.Сен де үңілші , осы бір менің есіміме айналған дүние не дейді? »-деді.Оның осыншалықты қайсар болып көрінсе , іштей де соншалықты шытынап бара жатқанын сездім. Үнсіз жылай бердім . Оған көп нәрсе айтқым келді.