Ауылдан арсалаңдап, қалаға келейін. Қалаға қыдырып келген жоқпын, оны–мұны, майда–шүйде керек болып, артынып–тартынып келе жатқанмын ғой. Құдайдың бере салған қуығы қыштап, дәретхана іздейін. Бұрын кеңес заманында аттаған сайын дәретхана болатын, қазір мұның бірі де жоқ, тек мекеме, кафелердің ішінде болмаса... Олар да «асылып өлейін деп» жатсаң да кіргізбейді. «Қуық үшін асылып керегі не?» деп ышқырымды көтеріп қойып, суық тиген бе өзі күрк–күрк жөтеліп қойып, бір жерлерге келгенде, маңдайшасына: «Қалалық туалетхана» деп жазып қойған екі қабатты дәретхананы көріп, көзім шығып кете жаздады. «Туалетханасы» несі? «Дәретхана» деп жазса қайтеді? Осы қалалық әкімшілікте отырған мамандардың дені сауатсыз, қиялилар–ау деймін? Қалалық туелетхана? Ойым он, қиялым қырыққа бөлініп, дәретханаға кіре бергенімде, алдымнан автомат асынған күзетші шыға келді.
–Қайдан келдіңіз?–деп сұрады ол.
–Ауылдан.
–Ауылдан болсаңыз, ауыңызды көтеріп, облыстық туалетке барыңыз!
–Кешір інім, кіре салайын...
–Болмайды! Бұл қалалық туалетхана.
–Әшейін айтамын, мен де қалалық туалетпін. Ой, кешір інім, қалалықпын.. –дедім мен. Өтірік айтып.
–Қаладан болсаңыз, ЦОН–нан мекен–жайыңыз туралы анықтама әкеліңіз.
–Ойбай–ау, оны әкелемін дегенше, қуығым қызып кетеді ғой?
–Қайнап кетсе де, тәртіп солай.
–Жаңа келген әкімнің тәртібі қызық екен. Үстіңгі қабатта не бар?
–Қыз-келіншектерге арналған туалетхана...
Қуығым «қайғырып» бара жатқан соң, ол сілтеген көшеге зымырай жөнелдім. Шыдап келемін. Жүрісімнің, жүгірісімнің өзі қызық болып кетті... Көрер едім, сіздерді де қыштап бара жатса... Содан сонадайдан маңдайшасына: «Облыстық туалет» деген жазуы бар мекемеге, ой, кешіріңіздер, дәретханаға да жеттім-ау, Жете бере, алдымнан қолына гранат ұстаған күзетшіні құшақтай алдым. Сүйенбесем, дауыл тұрып, аспанннан жауын сіркіреп кететіндей.
–Ары тұрыңыз! Террорист болсаңыз, гранатпен жарып өлтіремін! –деді ол.
–Ойбай-ау, қайдағы жанкешті? Сәл... «кішт– кішт» етіп алайын...
–Қалалық туалетке барыңыз!
–Сол қалалық туалеттен жіберді.
–Резюмеңіз бар ма?
–Құдайым–ау, резюмесі несі? Мен жұмысқа тұрайын деп келген жоқпын, нетейін деп...
–Немене, нетейін деп? Қалада тіркелгенсіз бе?
–Жіберші шырағым! Өліп барамын!
–Сіз өзі қазаққа ұқсамайсыз?
–Е?
–Сириядағы оппозиционер емессіз бе? Олай болса, халықаралық туалетке барыңыз!
–А?
–Халықаралық туалетке деймін...
–Енді керегі жоқ... Нелерге шыдамаған қазақ? Ауылға дейін шыдаймын! Шыда, қазақ!!!
Мен суық күнде бүрсеңдеп, ауылдағы қайран кең даламды, ен даламды көзге елестетіп кете бардым! Қайран қазағым-ай, не дейін, үйге барып, не жейін?