Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. СИЫРЛАРДЫ СОТТАУ КЕРЕК!

Астанада, үкімет үйіне қарай он мыңдаған сиырлар  ығы–жығы жайылып келеді. Жолай, тал–жапырақтарын шайнап, қандары қайнап... Түстері суық, құйрықтарын олай да, былай да, бұлғаңдатып, бәрі жаппай мөңірегенде, тіпті, пәтерлердегі тарақандар да тым–тырақай қашты. Араларында бұзаулары да бар. Ең басында келе жатқан бұқалардың  мүйіздеріне: «Бізге жайылым керек!», «Үкімет, халықтың жайылымын қайтарыңдар!», «Алпауыттар жайылымды сатып алып, бос жатыр!», «Жер біздікі, сүт сіздікі!», «Жоңышқа қымбат!» –деген плакаттар, ұрандар ілініпті. Мәжілісте депутаттар «Қазақстан жастарының шектеулі  жасы жиырма тоғыз емес, сексен жас болсын!» –деген заң жобасын талқылап жатқан. Өйткені, үкіметте де, сенатта да шал–шауқандар, кемпір–семпірлер ғой.  Депутаттар далаға шыққанда, сұмдық көрініске тап болды! Сиырлар шеруі! Бір депутат:–«Не деген малдар! Сиырларды соттау керек!» –деп айқайлаған еді, арық, желінінде желі де жоқ бір сиыр оны қуалай сүзіп, шалбарын жырта тістеп, шайнап жеп қойды. Масқара! Депутат трусишең қашты! Мойнында галстуг! Сиыр біткен астананың «Біз рахат өмір сүреміз!», «Бар жақсылық ауылға!»–деген билбордтарын сүзіп құлатып, аялдама орындықтарын мүжіп жеп қойды. Бір келіншектің көйлегін шайнап, жыртып тастады. Ол байғұс дүкенге жалаңаш кіріп кетіп,  қорыққанынан бір еркекті құшақтай алып еді, анау оны басқа бөлмеге көтеріп ала жөнелді...

Бір кезде, ой, Алла, сарбаздар, полицейлер шеруге шыққан сиырлардың алдына тұра қалып, қарулардан оқ боратты. Бұқалардың төрт аяғы аспаннан келіп, сеспей қатты. Сонда да, сиырлар бұқа «күйеулерінің» өліміне азалы мөңіреп, полицейлерді сүзіп жатты. «Бізге жайылым беріңдер!» –деп мұңая мөңіресті. Бір кішкентай бұзау көшеден тайраңдап өте берген, тығылып тұрған сарбаз снайпермен атып құлатты. Сиыр байғұс өліп жатқан бұзауын жалады. Көзінен жас парлап, желінінен сүт ақты... Қысқасы, жайылым, демократия  сұраған сиырлар күшпен жаншылып, біразы етке өтіп кетті. Кейбірін депуттатар сойып алды, қуырдақ жеп, тойып алды. Мыңдаған сиыр түрмеге қамалды. Сиырларды да соттайын деп жатыр...



Бөлісу: