Мәрленнің сезім хикаялары: таңдау
блог
ІІ
Жүрек ішінде тулап жатқан, аласұрып есін алған сезім әлде ұнату ма? Әлде бір көрген кездегі өтпелі сезімнің ұшқыны ма? Мәрленді түнімен алаңдатқан осы ойлар. Әлі жас. Көңілі де жас. Ойнақтап тұрған сезімнің отқа тастап жіберетінін сезбегендіктен асығыс шешім жасады.
Күн сәулесі жатақхананың терезесінен жанап түсетіндіктен жартылай көлеңке, жартылай жарық бөлмедегі төрт жігіттің ұйқыдан бірден тұрып кетуі қиын. Бірақ Мәрлен бүгін ерте тұрып, сабаққа кетуге асықты. Бүгін бейсенбі. Ең сүйікті сабағы жұмыс күні. Алайда ол бүгін факультетке барып, біреуді іздей бастады. Әрине Торғынды. Топ ішінен бірден тану үшін алаңқай жерге шығып, әрбір өткен қызға көз сала бастады. Кенет...
Тізесінен сәл ғана асатын қара көйлек киген, үстіне жағалы ақ жейде, жаға сыртынан алтын алқа таққан, сырғасы түймедей ғана кішкене, ешқандай боямасыз сұлулықпен Торғын баспалдақтан көтеріліп келе жатыр. Мәрлен алып-ұшып Торғынны қасына барды. Бойында қаны тасып тұрған жігіт жасқақтықтан гөрі асқақтықты сүйеді. Қалауын орындағанша тыным таппайды.
- Сәлем, Торғын!
- О, сәлем! Қалың қалай?
- Сені көріп керемет болып тұрмын!
- Мені ме?
- Дәл өзі.
- Неге?
- Маған ұнап қалдың?
- Енді?
- Енді... Кешке қолың бос па?
- Жоқ!
- Бос екенін білемін.
- Бос емес. Қыздармен сыртқа шығамын.
- Жақсы. Бөлмеңе бәрбір келесің ғой.
- Жарайды мен сабаққа кірдім.
- Жақсы.
Тым қысқа диалогтан ләззат алып үлгерген Мәрлен кештің тез батқанын күтті.
Торғын туралы азды-кем ақпарат алғанына қуанып, сері жігіт бөлмесінің алдында күтті. Сарыла күткен Торғыны бөлмесіне қарап беттеп келе жатып, Мәрленді көрді.
- Қайырлы кеш!
- Тауып алдың ба?
- Әрине!
- Мен ішке кірейін.
- Бірер минут қана бөлші.
- Не айтасың?
- Жігіт қызды бөлмесінің алдында күтіп тұрса, не айтуы мүмкін?
- Білмеймін. Торғын миығынан күлді. Екеуі де іштей қандай әңгіменің болатынын біліп тұр.
- Балкон жаққа барып сөйлесейік.
- Жақсы!
- Шынымен тартымды екенсің. Маған ұнап қалдың?
- Ұнап қалды екен деп сөйлесе берейін бе?
- Жоқ, олай емес. Мен туралы көп нәрсе білмейсің.
- Иә!
- Бірақ білетінің де бар. Мен шаршадым. Шынымен шаршадым
- Неден?
- Өсектен!
- Оның маған қандай қатысы бар?
- Мені осы алып-қашап сөздерден алып шықшы.
- Қалай?
- Маған мәңгілік тыныштық сыйла!
- Түсінбедім? Бұл сезім бе?
- Сезім! Дәл таптың! Мен бүкпесі жоқ ақиқат айтып тұрмын.
- Тіпті не дерімді білеймін...
- Асығыс шешім жасаудың қажеті жоқ. Ертең кешке дейін ойлан, санас, жауабыңды бер.
- Ертең?
- Иә!
- Асығыссың ғой. Сенікі өтпелі сезім ғана. Мені жауабым жоқ!
- Ертең осылай айтсаң ғана кетемін. Әзірше қайырлы түн!
- Қайырлы түн! Екеуі жаққа бұрылып, бөлмелеріне кетті.
Арқасын кеңеге салып, бір іс тындырғандай Мәрлен төсегінде жатып ойланды. «Бәлкім асығыс шешім жасадым ба екен? Неге бірден қызым болғанын қаладым. Өзіме әлі сенімсізбін. Ертең кешке «жоқ» деп айтса екен. Тағы біраз уақыт өтсін, көрейін. Ал егер «иә» десеші... Не істеу керек?» деп түрлі ойлардың шимайына байланып, басы қатты. Уақытша келген сезімге мастанып, үлкен жауапкершілік арқалап алғанын өзі енді сезінді. Бірақ айтылар сөз айтылып, бояуы сіңіп кетті.
Күн ұясынан қалай шықса, солай батты. Ешқандай өзгеріс жоқ бір күн өте шықты. Кеш батты. Мәрлен ерлік жасау керектігін жақсы біледі. Себебі «өлімнен ұят күшті» дейтін сөзді жақсы көреді. Не де болса Торғынның бөлмесіне барды. Кешегідей емес жадыраңқы әрі көңілі көтеріліп күлімдей шыққан Торғын Мәрленге қайта ұнай бастады. Балконның қасына келіп, екеуі махаббаттың әнін айтуға кірісті.
- Сонымен ойландың ба?
- Иә
- Сен де асығыс секілдісің ғой. Екеуі де күліп жіберді.
- Жоқ!
- Не шештің?
- Иә!
- Түсінбедім?
- Саған тыныш өмірді сыйлаймын! Мәрленде үн жоқ. Тіпті не дерін білмейді. Танысқандарына, сөйлескендеріне аз-ақ уақыт болса да, бұл қыздың жүрегін жаулап алғанына масаттанып қалды. Бірақ бірден «иә» деп жауап беретінін күтпесе керек. Ләм деместен Торғынды құшағына басып, құшақтай алды. Торғын да осы бір сәтті көп күткен адамдай қос қолымен Мәрленнің арқасынан қымсыра құшақтап талғысып бара жатқан рең танытты. Әрі қарай не айту керектігін екеуі де білмей, құшақтасқан қалпы бөлмелеріне қайтты. Торғындың ішінде қандай сезім оянып жатқанын Мәрлен білмейді. Мәрленнің ішінде қандай ой жатқанын Торғын білмейді. Екеуі де қазір ғана көз алдарынан бұлдырап өте шыққан сезімнің сағымына мас болып, ұйқыға кетті. Алда қандай күндер күтіп тұрғаны белгісіз...
Жалғасы бар...
І бөлімді осы жерден оқи аласыз.
(с) Марғұлан Ақан