Пролог
«Бақытым, бағым! Жақұтым, жаным! Барым, Әйгерім!!! Мен сені сүйемін!!!Саған деген сезімім мынау ғаламнан да ғаламат! Күннен де ыстық! Көктен де биік!
Жынданатын шығармын. Ойыммен оңаша қалсам екеуміз бірге болған бал шақтар басымды қайта айналдырады. Сүйріктей саусақтарымен шашымды дудыратып, өн бойыма жылы леп тарата бетімнен өбе жүгіріп өткен ерке жел құлағыма сенің есіміңді сыбырлайды: «Әй-ге-ріім». Қаншалық қашықта болсаң соншалық жақындасың. Жүрегімнің ішінде емессің, сол жүректің өзі сенсің! Арманым өзің, ардағым!
Сеземін, сенің де күйің осындай. Айдын көлде қауышармыз аққудай! Аз-ақ қалды. Сәл шыда. Жаным, күт мені!
Жігер. 19 май, 1989».
«Мен де сені қатты сүйемін! Жалғызым менің! Сені қалай сағынатынымды білсең ғой!.. Түнде дөңбекшіп ұйықтай алмаймын. Әр түні осылай. Тамақ батпай жүр. Күлкі, ойын-қызықты ұмыттым. Бәрі – жатсам- тұрсам сені ойлаудан.
Жалғыздық жанымды азапқа салды! Кейде өзімді қоярға жер таппаймын. Жер-жаһанға симаймын. Жүрегім кеудемде тұрмай тулайды.
Қашан келесің, Жігер? Сарыуайымнан сарғайдым. Басымыз бақыттан шыр айналатын күнді асыға күтем! Сенің айың, күнің, жұлдызың – Әйгерім! (Есіңде ме, кездескен сайын мені солай еркелетуші едің!..)
Әйгерім, 1 маусым»
***
Көзін ашса үсті малмандай су.
Вокзалда жатыр екен. Ақадырдың вокзалы.
***
Жеті жүз қадамдай жаяу жолдың өзі оған жеткізбестей көрініп алшайта адымдап барады. Жүрегі көптен күткен сәттің тым жуырда келетінін сезіп тыпыршуда. Көңілі аса көтеріңкі.
Қайдан келеді? Қайда барады? Өнер мен білімнің ордасы, айшылық алыс Алматыдан «кір қонын жуған жер» Ақадырына араға бір жылға жуық уақыт салып жеткені бағана, ал енді аптығын баспастан ...
Неге сонша асығады? Осынау үлкен кенттегі қарапайым, көп жер үйлердің бірінде оны күтуде. Тездетпесе болмайды! Уағдаласқан уақтан кешікпеуі қажет.
Бұл жігіт бағы жанып айдай Алматыдағы ҚазҰУ-дың филфагына оқуға түскелі міне, екінші жыл. Аллаға шүкір, аттай қалаған саласында ілім-білім үйреніп жүр.
Оқудың екінші жылын тәмамдай саласымен ауылым қайдасың деп алды-артына қарамай тартып отырған. Үйіне алыстан ат арытып, жылына бір келеді. Емтиханды межелесімен, екі өкпесін қолына ұстап жеткенде «баламнан жаным садаға» деген әке-шешесінің мауқын басқызбастан қас қарайысымен үйден шығып кеткен. Себеп жалғыз – сергелдеңге салған сезім. Ішкі әлемін жегідей жеген сағыныш. Ойына тыным бермеген ынтықтық.
Жаздың мақпал түніндегі мызғыған тыныштыққа елтіп тәтті ұйқының бесігінде тербелген әлем. Құлағына анық шалынған жұдырықтай жүрегінің дүрсілі болмаса. Он бес мыңға жуық тұрғыны бар кент көшелеріндегі әрі-бері зулаған көліктерді елемеді бұл.
Көңілінің күйтабағында – әсем әуен. Жүріп бара жатып қолындағы бір тал өзінің сезіміндей алқызыл раушан гүлінің сұлулығына сүйсіне қарады да қаланың қапырық ауасынан мезі болған өкпесін жұмақтың жұпар иісіне қандырды. «Көршім бағбан болғаны мұндай жақсы болмас!» деді жымиып. «Раушаным менің, Әйгерім!...» Ойы өткеннің сылқым сағымын қуып кетті...
... Балалық бал дәурен еді ғой. (Бір жылда есейіп шыға келді ме?!) Жаңа жыл қарсаңында бірінші курста оқитын бозбалалар, бұрынғы сыныптастар өздері оқыған алтын ұя мектептеріндегі «шыршаны» тамашалауға келген.
– Күшті болып жатыр,ә?!
– Айтпа!
Бұған аса кереметі байқалмай, самарқау тұр. Әлден уақытта жүргізушілердің «Шығыс биі. Бәденова Әйгерім» деп жарыса хабарлағанын естіп, сахнаға назар салды. «Мәссаған!» Таңғалысты дауыс «құлаққа шалынды» ішінен. Үріп ауызға салғандай сүп-сүйкімді! Әдемі деген бөлек қой, ал бұл қыз сансыз жанарлады өзіне магниттей тартады. Қалай мың бұралып тамаша билейді десейші!
– Пай-пай!
– Бұрын қалай көрмей жүргенмін?! – деді Жігер толқуын жолдастарынан жасырмай. –Таныспасам.
Концерттен соң өзін қоярға жер таппай астыңғы қабатта арлы-берлі теңселіп жүргенінде, баспалдақпен төмен түсіп келе жатқан бағанағы аруды көзі шалды да қобалжығаннан өне бойы қалшылдап қоя берді. Бойын тез жинап алды бірақ. Аяғын тез-тез басып, оның алдына түсіп кетіп, мектептің сыртқы есігін ашысып жіберді – қолында екі пакеті бар екен.
– Рахмеет!-деді қыз көзі күлімдеп жымиып.
– Оқасы жоқ! Атыңыз кім болады, қарындас! – Оңтайлы сәтті пайдаланып қалғысы келді.
«Сыпайы екен»
– Әйгерім.
– Әдемі есім! Жігер, – деді де қолын ұсынды.
Қыз сәл кідіріп жігіттің қолын алды.
– Би кешіне келесіз ғой?
– Келемін...
– Онда мен сізді міндетті түрде биге шақырамын!
Мектептің алакөлеңке ауласында Жігер Әйгерімнің нарттай қызыл жүзін аңғарды. Аңғарды да қуанышында шек болмады...
Жігер осы мезеттен бастап Әйгерімнің әсем бейнесін жадынан бір сәт те шығарған емес.
«Көзімді ашсам-дағы, жұмсам-дағы,
Басымды тауға-тасқа ұрсам-дағы,
Жанымды мың жұлым ғып жұлсам-дағы,
Көз алдымнан кетпейді нұрлы бейнең!»
деп өлең де шығарған.
Мәңгі сәби жан-рухын өткен шақтың бақытты үзіктері тағы әлдиледі...
... Көктем кеші. Қоңыр салқын. Алып, кәрі ағаштың саясында – қос ғашық, болашаққа бірге басқан қол ұстасып. Жігіттің қолы – қыздың қыпша белінде, арудың нәзік білегі – жан жарының шымыр мойнында.
– Жігеер!- деді қыз наздана. –Сен кетесің, мен қаламын... Өзіңді қаатты сағынамын ғой...Ол жақта әдемі қыздар көп шығар?!..
Сәл үнсіздіктен кейін сөзін жалғады:
– Уәде берші «сені ұмытпаймын» деп.
Жігіт қарқылдап күлді:
– Ойламайтының жоқ-ау, ерке қыз! – Бойжеткеннің сәл күш салса бытырлап сынып кетердей көрінген аппақ саусақтарын кедір-бұдырлы алақанына салып аялап тұрып нық айтты:
– Уәде! Сені жадымнан бір сәт шығармаймын!
... Жүріп келеді. Жеткізер емес.
«Жаным! Өзіңді қалай сүйетінімді білсең ғой! Онда мен жайлы титтей де күдігің болмас еді. Сені кездестіргелі өмірім әдемі мәнге иеленді. Әр тыныс алысымда сен менімен біргесің. Жасаған ізгілігімнің әр екіншісін өзіңмен қосылуға тәуәссул қыламын. «Соның бәрін көзімнен-ақ ұғып жүрсің бе?!..»
... Аз қалды ...Бір үйдің жанынан өтіп бара жатып, көңілді әуенді құлағы шалды. Қараса – көліктер самсап тұр: «Волга», «Жигули», «Москвичтер». Ауласындағы жарық көзді қарықтырады.
«Қуаныш болып жатыр». Жылы жымиды. Жаттың қызығына мәз боп, қайғысына қамығатын жан осындай-ақ болсын! Сөйтсе, жат дегені жат емес, өзінің етжақыны екен. Жан досы.
...Мектеп. Үзіліс соңы. Сыныпқа мұғалима кіріп келді. Оқушылар жанталаса орындарына тұра қап, үстілерін түзеді.
– Сәлеметсіңдер ме, балалар?!
– Сәлеметсіз бе?! – десті жамырай.
– Отырыңдар.
Қорқып барады.
– Түгел келгенсіңдер ме? Жарайсыңдар!Бүгінгі сабақтың тақырыбы... – дей бергенінде мұғалім тақтадағы жалғыз жазу, бұның атына бағытталған «Жадыра апай – ұрысқақ» дегенді көріп, жүріп бара жатып, орнында қақиып қалды.
«Біттім!»
– Мынау не сұмдық? Не бейбастақ іс мынау? Кім бұны жазған? Қане айтыңдар! Мойында, қайсың?
Ашудан өзін-өзі ұстай алмай кетті. Бәрі бұғып қалған.
– Мен! – «Ал, не істейсің?!» дегендей өжет, өр дауыс естілді. Орнынан атып тұрған Сайын. Бұның досы.
Бала Жігер өзінің осыншалық ақымақ қылығына өкінді. «Арасында ұрыспайтын мұғалім болушы ма еді?! Оның өзі, кінәлі болсаң ғана. Әйтпесе, жақсы кісі емес пе?! Неге көптің көзінше жер қылды оны?!»
Айналасы бір секундта зымыраған осы және Сайын жолдасын не күтіп тұрғаны жайындағы ойлар бұның ішін жылатты.
«Жан досым!» Сайынның сол ерлігі есіне оралып емірене елжіреп кетті.
«Бұл не той болды екен?»
– Ассалаумағалейкум! – Сол тұстан өтіп бара жатқан бір ағаны ұстап алды:
– Уағалейкүмсалам! Аман ба, балам?! Қашан келдің?
– Шүкіршілік! Бағана. Өз қалдарыңыз қалай?
– Ептеп.
– Мына ... Ерекеңнің үйінде қандай қуаныш болып жатыр, білмейсіз бе? – деді иегімен нұсқап.
– Ааа!.. Ұлы үйленіп жатыр.
– Ааа... Үлкен ұлы ма?
– Жоқ, екіншісі, кішісі.
«Әй, ұзынтұра, жарайсың!»
– Бірге оқымап па еңдер мектепте?
– Иә...
«Ширақ, шираақ!»
– Жақсы, аман бол, балам!
– Жақсы, аға!
Лездің арасында өн бойын шарпыған ыстық қуаныштан балқыған денесі қас-қағым сәт қимылсыз... Сұрамаппын ғой! «Сүйіншілеуші жаққа» қарай жалт бұрылды:
– Ағатай!
– Әу?
– Сұрамаппын ғой, – деді жымиып. – Келін қай жақтікі?
– Өзіміздің Нұрболаттың қызы ғой! – Әлдеқайда асығудың себебінен жауап төтесінен, келте болды. Ойыңда ештеңе жоқ.
– Кіші қызы ғой?
– Жооқ! Кішісі тіпті жас емес пе?! Сендермен қатарласы ше!
Еркінен тыс күліп жіберіпті.
– Әйгерім бе? – Даусы саңқ етпе, саңырау да еститіндей.
– Иә!
Көзі шарасынан шығып кеткен.
– Шын айтасыз ба? – Ана кісі бұған секеммен қарады.
– Мынауың қызық-ей! Кеттім мен! Асығыспын.
Талып кеткендей... Құлағы шыңылдап, басы дыңылдап... Орнында сіресті де қалды. Қолындағы гүлі жерге түсіп кетті.
«Жоқ, сенбеймін!»
Көңілдері көтеріңкі, би билеп жатқан; қызық көруге мұршасы жоқ, арлы-берлі сапырылысқан екі топтың қойыртпағы – құжынаған құмырсқадай көп адамды танысы бар, танымайтыны бар иығымен қағып-соғып, киіп-жарып той өтіп жатқан палаткаға бір-ақ кіріп барды. Жүрегі пышақ сұғылғандай шым-шым ете қалды.
«Жүздеріңдегі бақыттың белгісін қара!» Ызамен оқталған тапанша көзіне сонадайдан кезігіп қалған қалыңдықтың жарқыраған жақұт жанары кінәсін мойындағандай мүләйімсіп, төмен тайқыды. Ал оның қасындағы екі көзден не сасу, не ұялу аңдалмай ажырая тіреседі.
Ашу мен ақылдың арпалысында Жігер жетіп барып бірін шапалақпен, екіншісін жұдырықпен құттықтады. Сөйткісі келді-ақ! Алайда, ол райынан қайтып, тысқа шыққанша асықты: палатка еңсесін басып, өкпесі ауа жұта алмай тарықты. Көз алды мұнартқан күйі ұзап барады. Құлағына әлдеқайдан бір пыш-пыш жетіп жатыр:
– Әй, мынау Темірдің баласы емес пе?
– Иә, сол.
– Көтек! Кезінде Әйгерім екеуі сөз байласқан еді...
– Тиыш! Ұят болады...
Басы ауған жаққа ... Тәні өзінікі емес... «Ең құрыса неге айтпадыңдар!?» Есіне сап ете қалды – біраз бұрын хат келіп еді ғой Сайыннан. Өкпелі болған соң оқымаған. Екі жылдай хабарласпай кеткен бірімен-бірі. Оқуға түскен жылы бұл оған жолдаған үш хатының ешқайсына жауап болмаған соң өкпелеген. Көңіл хошым болғанда қарармын деп қойын қалтасына салып жүрген конвертін аша бастады...
«Жігер, досым! («Бұрынғы дос» деген болмайды...) Біз Әйгерім екеуіміз үйленгелі жүрміз...
Мені жазғырарың анық. Бірақ түсінші! Мен оны сүйемін! Ол да мені. Бізді бақытты болашақ күтіп тұр. Ал сен екеуің қосылғандарыңда не болар еді?! Ол сені жақсы көремін деп ойлап жүріпті...
Өз-өзіңді алдау, нағыз сорлылық – сол.
Басқа қыз құрып қалды ма дерсің. Жолдасыңның сүйіктісіне көз салғаның не деп сөк мені, кінәла! Сенікі орынды. Мені қарғасаң да артық емес. Тек мынаған жауап берші: жүрекке әмір жүре ме?
Мойыма, жігіт емессің бе! Әлі талай қызды кезіктіресің. Сендей жігіт шертіп жүріп таңдап алуға тиіс, біреуіне қатып қалмай.
Досым! Мен сені қатты сыйлаймын. Жақсы көремін! Өтінемін, оған да өкпелеме. Түсінерсің деп ойлаймын. Қайта алғыс айт – мен сені ғұмыр бойғы бақытсыздықтан құтқардым.
Бала шақта талай бұзықтықты бірге жасаған досың Сайын»
Ішіндегі зілзаладан қашып айдалаға маңып барады. Алысқа-алысқаа...
«Бағана Әйгерімге жіберген інішегімнің қутыңдап, тез-ақ қайтып келген түрі жаман еді. Бармаған ғой. Боқмұрын!...Кейінгі хаттары біртүрлі еді...»
Неге екені белгісіз, бұрында бір отырыста Сайынның бұның арқасынан қағып, елпілдей: «Біздің Жәкең пысық: байдың қызымен жүреді!» деп қарқылдай күлгені кенет есіне оралды.
Тас қараңғы түнде естен айырылған қу басын екі аяғы бұрынғы қос ғашықтың ең оңаша, ең сүйікті кездесу орны болған кент шетіндегі алып кәрі қайыңға жазбай тауып алып келіпті. Мұны ол енді өсіп келе жатқан қарағанға шалынып, кесілген ағаштың жуан түбіріне етпеттей, кеудесімен құлағанда бір-ақ білді.
Тұрмай, болған-болмағаны беймәлім махабаттың куәсі – түбірді құшақтап жата берді.
«Неге бұлай істедің? Негее??? Сен де мені сүйесің ғой! Сүйгенсің... Жоқ әлде сүймедің бе? Тек менің қиялымда ғана солай болды ма? Қиялымдағы махаббат!.. Бақытты едік қой! Әлде сен алдадың ба? Бәрі жалғааан!!!
Сайыын! Бұл қай басынғаныың?! Ыыы!!!...
ЖАРАТҚАН!.. ???!!!»
Тұрды. Үстін қақты. Бар әлемге назалы.
«Мен сендерге көрсетемін қуырдақтың көкесін!!.. Жақсылап тілек айтайын сендердің тойларыңда!..»
Жол бойында ең бірінші кездескен кафеге кірді.Уды умен деп, ішіндегі ащы күйікті ащымен қайтармақ.
Бір уақта бұл отырған үстелдің қасына бейтаныс жігіт келіп отыруға рұқсат сұрады – рұқсат етті. Есін біледі әлі. Танысып, жөн сұрасып жатыр. Оны да күйреткен қайғы бар. Етжақын жандардай еппен сырларын суыра бастады. Тағдыр талай таяқ сындырған екен...
...Қазан қайнатым уақыт өткен. Лепіре сөйлеп: «Махаббат, достық деген жоқ қой бұл өмірде!Адалдық дегенді кім шығарған?!» – деп үстелді жұдырығымен қойып қалды. Өзінің осыншалық күшті екенін білмепті...
... Тағы біршама сағат сырғыды. Екеуі әлі отыр.
– Бір шыршатойда бір бала: «Бұл шын Аяз ата емес!»-деп бар залға айғай сапты ғой.
Ойына қайдан келгені белгісіз, осы сөзді айтып салды. Ананың түсінген-түсінбегенін білмейді, әйтеуір ыржалаң-ыржалаң етеді ол...
...Енді бірде еңіреп жылап отыр екен дейді.
... Есін бір жиғанында көшеде кетіп барады екеуі. Анау бұны қолтықтап алған. Демалу керектігін, вокзалга апаратынын айтады. Масаймағандай ол.
Әлем айналып жатыр. Кебе қоймаған жаңбырдың лайсаң суына жалп етіп құлады. Қасындағы жоқ. Ғайып әлемінен Періште көрініп, бұған алапат аянышпен қарап, «тұр-тұрлайды»...
***
...Көзін ашса, курстас жолдасы төніп тұр. Ақадырдың вокзалы.
«Ол бұнда не істеп жүр?»
Үсті малмандай су. Шылқып кеткен. Қара терге түсіпті.Айналаға асықпай көз тоқтатып қарады. Алматының вокзалы екен!
– Жүр енді! Пойыздан қалып қоямыз. Қатты ұйықтадың ғой. Сөйледің.
Қуанғаны сонша, атып тұрып құшақтады:
– Бауырыым!!!
***
Ақадырдың кең көшелерінің бірінде, жолдың жиегінде, жел мен жаңбырдың өтінде бір тал раушан гүлі жатыр...