«Крыша»
- Сіздің «шатырыңыз» бар ма?
- Түсінбедіңіз бе, Крышаңызды айтам, Крышаңызды?
- Бар дейсіз бе?Ке-ре-е-еме-е-ет. Болды онда, сізді шайпау дауыл да, нөсер жауын да, бұрқасын боран да ала алмайды. Жауын жауса да су болмайсыз. Рахат. Себебі сіздің «Крышаңыз» бар. Қысқарту келсе де қысқармайсыз. «Крышаңыздың» «бір звоногы» сізді, суға батырмайды, отқа күйдірмейді. «Крыша» басқаша айтсақ сіздің ақ қанатты періштеңіз, қанаттыға қақтырмайды, тұмсықтыға шоқытпайды. Жұмыста да «Крышаңыздың» бар екенін бәрі біледі. Себебі ол сіздің төбеңізде тұр ғой. Уайымдамаңыз, күнделікті «шатырыңызды» арқалап жүрмегеніңізбен, «Крышаңыз» екінші фонда үнемі сіздің артыңызда тұрады. Ол сіздің өзіңізге де байқалмауы мүмкін. Жұмыста да ақшасы төленбейтін, тегін қоғамдық жұмыстарды сізге жүктемейді, бастық та «ананы істе, мынаны істе» деп мазаңызды алмайды. Анда – санда төбеңізді көрсетіп қойсаңыз болғаны. Әріптестеріңіз сізді «Крышасы мықты» деп сыйлайды. Бастығыңыз көрген кезде жылы шырай танытып, басыңыздан сипап, арқаңыздан қағады, кемшілігіңізді көрмейді. Анда-санда мүлт кетіп жатсаңыз: «Ондай-ондай ханның қызында да болады, ештеңе етпейді» деп қоя салады. Өйткені артыңызда тұр ғой «К». Бастығыңыз «К» жайлы білмейді деп уайымдамаңыз, біледі, біледі. Ол бастық боларда бәрін анықтаған. Кімнің «Крышасы» бар, кімдікі «жоқ», терең зерттеген. Сіздерге бастық етіп қоярда, бастығыңызға өз «Крышасы» ескерткен. «Крышасы» барларға тиіспе, «бәлелі жерге бармағыңды сұқпа»дейді. Уайымдамаңыз, сіздің бастығыңыз жұмысты кімдер істейтінін анықтап алу үшін кімнің «Крышасы» бар, кімдікі жоқ соны жіті зерттеген. Сосын ол «крышалардың» арасында кімдікі мықты, кімдікі әлсіздеу оны да мұқият сараптаған. Себебі олардың ішінде тыңдайтыны бар, тыңдамайтыны бар дегендей... Сіз қамықпаңыз! Сіздің «Крышаңызға» ешкімнің тісі батпайды. Көрдіңізбе, «Крыша» деген киеңіздің құдіретін. Айтпақшы, сіз оның биіктей түсуін тілеңіз. Ол биіктеген сайын сіз де «Өсе» бересіз. Сіз де біреулерге «Крыша» болып қалуыңыз мүмкін. Міне, солай... Бұл ғана емес «Крышаның» қолы ұзын. Балаңызды ағылшын тілін үйрететін жақсы балабақшаға бергіңіз келсе - «бір қоңырау». Жақсы мектепке оқытқыңыз келсе-«бір қоңырау», оқуға түсіру-«бір қоңырау». Жиеніңізді жұмысқа орналастыру-«бір қоңырау»..... Айтпақшы, абайлаңыз, қоңыраулата берсеңіз «крышаңыз» қисайып, қыңырайып қалуы мүмкін. Жо-жо-жоқ, қисайта көрмеңіз. Крышаңыз қисайып қалса, күніңіз не болады. Сондықтан «Крыша» деген «құдіретіңіздің» қоңыраулатып мазасын жиі алмаңыз. Қастерлеңіз. «Крыша» екінің бірінде бола бермейді.... Байқаңыз ... «Қоңыраулатқан» «Крышалар» қоғамында қапыда қалып қоймаңыз....
Мәрия Қожбанбетқызы