Қорғансыздың күні немесе батыл Ғазиза
блог
Неге «Қорғансыздың күні»? Неге «Ғазизаның тағдыры» немесе «Ғазиза туралы оқиға» емес? Мұхтар Әуезов «қорғансыз» сөзімен тек бір ғана қыздың емес, тұтас бір ұлттың, халықтың жағдайын сипаттағандай. Ғазиза-қазақ халқының бейнесі, ал Ақан-халықты қанаушы жоғары тап өкілдерінің сипаты іспеттес. Өзінің билігін және қамқоршысы жоқ қараусыз қыздың жағдайын пайдаланып, қара басының қамын жеп жасаған әрекеті шынымен бүгінгі күнгі кейбір шенділерді бейнелейтіндей.
Шығарма Күшікбай батырдың есімі берілген кезеңді сипаттаудан бастау алады. «Алыстан қарағанда да Арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге аса көңілсіз. Жыл сайын қыс басынан қарлы болып, малға панасы жоқ болғандықтан, бауырын жайлаған ел малын өлтіріп, өзге ел аман отырғанда, шолақ жұттың құрығынан құтылмайтын. Сондықтан бауырын мекен қылған ел көбінесе кедей болатын». Автор осы жолдарда Арқалықтың азынаған желін, бұрқыраған боранын мұңлы кейіпке келтіре отырып, тұрғындардың да өмірі дәл осы елді мекен тәрізді мұң мен қайғыға, ауыртпалыққа толы екенін меңзейді. Елдің жай-күйімен қоса, Күшікбай батыр жайлы аңызды айтуының да өзіндік бір мәнісі бар. Батыр туралы «Шешек ауыр болып, төсекте қозғала алмай көп уақыт жатып қалған. Сол кезде Күшікбай ауырып жатыр дегенді естіп, талайдан өшін ала алмай жүрген Уақтың бір батыры жауының жанын ауыртпақ болып, белдеуде байлаулы тұрған «қызыл бесті» деген атын тал түсте тартып алып кетіпті» дейді. Шығарманың жалғасына көз жіберсек, бұл батырдың халі Ғазизаның тағдырымен тым ұқсас екенін байқай аламыз. Екеуінің де қорғансыз жағдайын арам ниетті арсыздар пайдаланып, керегіне жаратты.
Әдеби шығарма-тек автордың сөздік қорын немесе сөздің майын тамызып сөйлеу ерекшелігін көрсету жолы емес. Ол-белгілі бір мақсатты көздейтін ой тұжырымын түйрейтін тілмен жеткізе білу. Әуезов әңгімесінің басты мақсаты-заман зұлымдығын, адамдар бойындағы қадір-қасиеттің, аяушылықтың, шын түсіністіктің, қайғыға деген ортақтасудың жоғалғанын әшкерелеу. Әркім өзінің жағдайын ойлайтын заманда біреудің қайғысы екіншісінің назарынан тыс. Қиын-қыстау уақытты басынан өткеріп жатқан үш сорлының күйі ешкімді алаңдатпайды. Мұқаң адамдарда бір-біріне деген жанашырлық сезімі қалмай, айуаннан да асып түсетін кездерді сипаттайды.
Қаһарлы қыста қасірет шеккен жасөспірім қыздың жағдайын тілге тиек ете отырып автор шығарманың басты идеясын айқындайды. Тіпті, Ғазизаның әкесі мен бауырының бейітіне барып жан тапсыруының өзіндік мәні бар. Неге Ғазиза әжесі мен анасына барып мұңын шағып, арамның жасаған қиянатын ақтарып салмады? Неге өмірден кетуді, жан тапсыруды ойлады? Мұхтар Әуезов Ғазизаның образын қайсар әрі батыл, намысшыл қыз ретінде бейнелейді. Егер ол өзіне жасалған қиянатты онсыз да бағынан соры артық болған жақындарына жеткізсе, ол қатардағы әлсіз қыздардың бірі болып шығатын еді. Айтуын айтқанмен, бейбақ ана мен әженің әлі кіге жетеді? Қолында билігі бар Ақанның алдында бұл үшеуі дәрменсіз. Міне, сондықтан да Ғазиза ар-намыссыз өмір сүруден қарағанда өлімді артығырақ көрді. Бойында жігері мен бала тазалығын сақтаған күйі бұл өмірмен қош айтысады. Әкесі мен бауырының бейітіне барып, мұңын шағып, өне-бойын ластықтан тазартып, мәңгі ұйқыға кетеді. Менің ойымша, автор әңгіменің осылай бітуімен оқырманға бірнеше ойды айтқысы келген тәрізді. Ең алдымен, кім болмасын, жағдайы жақсы немесе жаман адам болсын, әркімге деген жанашырлық сезімін жоғалтпау. Себебі, гуманисттік пікірлер бойынша адам адамға бауыр. Екіншіден, өміріде қандай жағдай болса да әлсіздік танытпай, батылдықпен шешу. Автор суицидке итермелемейді, тек мысал түрінде нағыз батылдықтың қандай болатындығын көрсетеді.
Психология және әдебиет тығыз байланысқан. Кейіпкерді танып, саралап, психологиясын білмей, әңгімені толық ұғу, түсіну мүмкін емес. Мұхтар дәл осы кейіпкер психологиясын қолдана отырып, толық мәнді шығарманы жаза алған.
Ақан-күнделікті жауыздық пен арамдықтың арасында жүріп, манағыны қанына сіңірген, ашкөздік пен қара басының қамын жеу тәрізді қасиеттерге ие тұлға. Оның қартайған кемпірдің әңгімесін тыңдап отырып, жүрегінің жібімеуі, жетім үшеудің басынан кешкен қиындықтарына немқұрайлы қарауы адам азғындығының айқын көрінісі.
Қалтай-өзгенің шабарманы болып үйренген, жағымпаздылыққа жаны құмар адам. Болысқа жағу жолында өрімдей қыздың өмірін құрбан еткені, өз ойының болмауы, біреудің айтқанымен жүріп-тұруы Қалтайды көз алдына жағымсыз кейіпкер ретінде келтіреді.
Әже-екі құлынынан айрылып, қалған екеуінің болашақ өмірі жайында қам жеген кейуана. Бауыр еті баласы мен қаршадай немересін әкеткен тағдырға налыған кейіппен Ақанға бар сырын жайып салуынан жасы үлкен әйелдің аңқаулығы мен біреуден пана іздегенін байқаймыз. Арқа сүйер азамат таппаған ол болысқа аз да болса үміт артқандай.
Ғазизаның анасы-екі көзі соқыр, жұбайынан қапыда айрылған жесір. Әңгімеде келіншек жайлы аз айтылғанмен, автордың кейбір сөздерінен оның да қайғы мен мұңнан зардап шегіп, қиналғандығын көреміз.
Ғазиза-бар ауыртпалықты өзінің кішкене иықтарына алған жас қыз. Табандылық пен шыдамдылық танытып, әжесі мен анасына қамқор болған Ғазизаның мінезі шынымен көпке үлгі бола алады. Шеккен зардабының үстіне қиянат көрген жасөспірім өжет, батыл қыз ретінде танылады. Еркелеп өскен қыздың жақындарына жылап бармай, қайсарлықпен қараңғы түнде әкесі мен бауырына баруы да бір ерлік дерсің. Оқиғаның бетін жауып, ары қарай өмір сүрудың орнына ол өлімді таңдады. Бұл да бір тәуекелдің көрінісі шығар.
Сіздің ойыңызша автор шығарманы жаза отырып, қандай мақсатты көздеді?