Қиялға беріл, кейіпкер!
блог
Айналама қарасам, көшедегі адамдардың бәрі кешігіп жатқан кейіппен бір жаққа асығып барады. Осындайда мен өзімді бір нәрседен құр қалып қойғандай сезінемін. Олардың өмірі қызу жүріп жатқанда менің асықпаған қалпым өзіме осындай ой салдырады. Осыған ұқсас ойларға беріле саябаққа кіріп келіп, орындықтардың біріне жайғастым. Орындықтың бір шетіне "қиялға беріл"деп жазылып тұр екен. Жазуға қолым тиіп қалған еді, жазу күлгін түске боялып, жарқырады. Таңғалғаннан аузым ашылып үлгермей, жазудың кенеттен пайда болған жарқылы бір сәтте өшті де қалды. Айналама көз салсам бәрі қаз-қалпында, адамдар да ештеңе болмағандай серуендеп жүр. Кішкентай кезімнен ұшқыр қиялыммен ерекшеленетінімдіктен, жәй көзіме көрінген шығар деп, отыра бердім. Ерігіп отыру адамның уайымына қайта оралтатындықтан, соңғы уақыттағы шабыттың жоқтығы, сынға шыдарлық дүние жаза алмай жүргендігімді есіме түсірді. Шіркін, жақсы шығарма жазу үшін оған негіз болатын дені дұрыс оқиға ойлап тапсам ғой деп армандап қойдым. Кенет, оң құлағыма қатты ызылдаған дауыс естілді. Оң жақ иығымнан жылжып бетімнің дәл алдынан алақанымның үлкендігіндей болатын, терісі күлгін түсті, шашы барлық жаққа тікшиіп тұрған, тамыр басып кеткен, дөп-дөңгелек көзді Жаратылыс иесі алдыма ұшып тоқтап:
-Жазушы болсаң, демек, саған қиялға берілу керек емес пе, солай ма?-деп асығыс, жағымсыз жіңішке даусымен күтпеген жерден сөйлей бастады.
-Ақылды екенсің, дәл солай-дедім өзімнің шошынғанымды көрсетпеуге тырысып. Жаратылыс иесі ойланғандай болып, көздерінің қарашықтарын біресе үстіге, біресе астыға көтеріп түсіріп, аузын төрт бұрышты қылып -Хэ, хэ, ондай болса...-деп, саусақтарын бір-біріне шертіп, кішкентай күлгін бұлтқа айналып жоқ болды. Бір секундтан кейін ол қара костюм шалбар киіп алып, бастықтар құсап үстелін алдына қойып, орындыққа жайғасып алыпты. Ең қызығы бұның бәрі ауада қалқып тұр.
-Мен мұнда өзімнің идеяларымды жазып әкелдім деп, үстеліндегі бір бума қағазын көрсетті. -Қым, Қым-деп даусын қалыпқа келтіріп, -Басты кейіпкері қыз бала, шығарма жазушылықпен байланысты... Оның оқығаны сондай тез, әрі даусының жағымсыздығы дұрыстап тыңдауға мұрсат бермеді. Осы ойымды Жаратылыс иесіне айттым. Айтқаныма түрін тыржитып, -Жәрайды... деді ұнатпаған дауыспен. -Ондай болса, қағаздағыны өзің оқы-деп сөзін аяқтады.
-Бұл қағаз мен үшін тым кішкентай ғой.
-Қап, шынымен де, ендеше-деп саусақтарын бір-біріне шерткен еді, қағаз үлкейіп, менің қолыма бір-ақ түсті. Жаратылыс иесінің жазған жазуын көрсем, түк түсінсем бұйырмасын, әріптердің орнына бір бірімен жалғасып кеткен горизонтальді сызықтар. Бұл ойымды да айттым. Айтқанда, әрине маған бұл бейшара көмектесуге тырысып бағып жатқандықтан, барынша сыпайырақ ойымды жеткізуге тырыстым.
-Мен сенің не ойлап жатқаныңның барлығын білемін, өтіріктен көлгірсімей-ақ қой деді.
-Кешіріңіз.
-Ендеше, басқаша істейміз-деп кәсіпқой кейіппен айтып салып, саусақтарын бір-біріне тағы шертті. Содан кейін біз отырған жер өзгеріп, жер ақ көрпені жамылып, адамдардың барлығы жоғалып, қар жапалақтап жауып тұр екен. Жаратылыс иесінің маған енді идеясын көрініспен көрсеткісі келген болар, сиқырдың арқасында қыс болса да мен жұқа киіммен тоңбай тұрмын. Кенет еріксіз жылай бастадым.
-Эй, мені неге жылатып жатырсың?
-Солай болу керек! деген даусы естілді, көзге көрінбесе де. Қарасам, жанымда бір кішкентай бала отыра қалыпты.
-Мынау бала кіп-кішкентай болып көп өмір көргендей сөйлейді ғой, бұл болмайды-дедім мен көрінбей тұрған Жаратылыс иесіне. Осы айтқанымды естіген бала -Не? дегендей сұраулы кейіппен маған қарады.
-Ештеңе, ештеңе
Жаратылыс иесі:
-Саған осы ештеңе жақпайды екен!-деп бақырып жіберді.
-Мен іске келгенде тым талапшылмын.
-Сабыр, сабыр... деген ақырын айтылған сөздер естілді.
Мұны Жаратылыс иесі өзіне-өзі айтып жатқан сияқты. Мен еріксіз күліп жібердім. Менің оған күлгенімді көрген болар, Жаратылыс иесі баяндалып жатқандай мені қайта жылатқызып, енді қыстың қақаған аязын сездіріп, тоңдырып қойды. Недеген қатыгездік деп ойлап қойдым ішімнен.
-Кейіпкердің көрген күні осы. Қалай екен кейіпкер болған?
-Сен не айтып тұрсың? Идеямды көрсетем дегенің қайда?
-Жоспар өзгерді. Менің сенің алдыңда ақталуым шарт емес. Алайда, ішімдегі буымды сыртқа шығаруым абзал. Бұл цирктің бәрі менің жұмысым. Себебі, мен кейіпкермен, қуыршақ құсап айтқан нәрсенің бәрін орындауға мәжбүрмін. Сен секілді жазушысымақ адамдарға көмектесуге тура келеді. Өлердей жек көремін бұл істі. Негізі мен пері кіндік шешемін, бірақ көмектесуден бас тартып, шағымдана бергендіктен, мені енді осындай оқиғаларды жазатын адамдарға көмектесуге мәжбүр қылды. Және саған тағы бір жаңалық, сен де мен сияқты кейіпкерсің енді.
-Не? Бұл қалай болғаны.
-Айттым ғой, мен сенің алдыңда ақталмаймын деп. Бәрі күлгін бұлтқа айнала бастады. Біз бұлттан пайда болған күлгін торнадоның ішінде тұрып қалдық. Бәрі айналамызда айналып жатыр. Вальстың әуені, адамдардың күлкісі, құстардың даусы шығып соның бәрі бұрынғы еуропаша киініп алған адамдар, әртүрлі құстар, пианино торнадоның ішінде ұшып жүрді. Торнадоның қазіргі Жаратылыс иесінің ертегісі Күлбикешке бізді алып келе жатқан секілді. Ұшып бара жатқан ағаштар, саябақтың орындықтарына жылап қарап тұрмын. Менімен бірге бұл көріністі бақылап тұрған Жаратылыс иесі өзінің жоспарының орындалып жатқанына мәз мейрам. Ұшып жатқан заттар жерге қона бастады. Мен бағана отырған орындық ең бірінші болып қонғанда, оның арқаны таяп отыратын жерінде жарқырап тұрған ақ түске боялған жазу көрінді. Жазуда «Ойын аяқталды. Сен ережені бұздың, сол үшін жазаланасың» деп жазылып тұрды.
-Жоқ, мен ережені бұзған жоқпын. Өз жұмысымды адал атқарып келемін. Менің міндетім оған көмектесу болды. Бұл жұмыс орындалды. Мен оған бәрін ойлап тауып бердім, енді осы шайнап бергенімді, өзі жазып алып, жұта салады-деп ақтала бастады Жаратылыс иесі. Жазу «Ал сенің оны ұрлап әкетпекші болғаның ше» дегенге өзгерді.
-Жо, жоқ, Мырзам олай емес. Осы болған торнадо оны әкету үшін емес, жәй әсерлі болсын дегенім ғой. Адамдар бұның бәрі жәй қиял деп ештеңені де сезбейді. Бұл мен есіткен Жаратылыс иесінің соңғы сөзі еді. Кенеттен көзіме ақ жарық түсіп, бәрі ғайып болды. Бұрынғы жерге, саябаққа қайта оралыппын. Жаратылыс иесі шын айтты, мен болған оқиғаның бәрін қағаз бетіне түсіріп, енді Сіздің назарыңызға ұсынып отырмын.