Кешкі әңгіме. Соңы

Кешкі әңгіме. Соңы
жеке
блог

-Бірақ менің түсінуім бойынша бұл кемелер Граг планетасының ғарыш қарулы күштерінің негізі ғой!
-Негізі болған.- Граг қолын сермей салды.-Керексіз, ескірген технология. Ескерткіш. Жоқ, біз біреуін өзімізге алып қалатын шығармыз. Ескерткіш ретінде. Адамдарда сондай бір естеліктер қалдырып отыратын тамаша салт бар.
Ол терең бір дем алды да ,алақанын жайды. Қазір оны ондаған арнаулы жасақтың мергендері нысанаға алып,ал адамзат данышпандығынан туған аса сезімтал микрофондар мен аса қуатты телекамералар терезеге жанталаса үңіліп тұрған шығар...
-Бұл қала...-деді граг. -Тұнып тұрған ескерткіш.
-Ол сегіз жүз жылдан артық уақыт тұр, -деп қалды Анатолий.- Бізде бұдан да ескі қалалар бар.
-Жер уақытымен санағанда сегіз жүз жыл, деп қайталады граг ойланып.- Таң қаларлық жағдай.Мұндайды бұрын естімеппін. Ол кезде мен дүниеге келмей тұрып өкінішке орай марқұм болып кеткен арғы атам, дөңгелек ойлап тапқан болатын. Мен әлі күнге дейін Грагтың дамуына себеп болған осы жағдай деп білемін. Сегіз жүз жыл! Сіздер осы уақыт аралығында ғарышқа әрең шығып үлгердіңіздер!
Граг планетасының аса маңызды шаруаларды шешетін елшісі қимылсыз қалған Анатолийға жақындап келді. Иығына үш саусақты алақанын қойды.
-Досым менің, сіздерді аса қамқорлықпен Тиуа қорғаған болатын, енді бұл ардақты міндетті біз аламыз. Ештеңеден қорықпаңыздар; сіздерді ешкім жәбірлемейді. Кімнің қолы көтеріледі дейсіз,-сіздер секілді...сіздер секілді...
Ол секундтың аздаған бөлігіне іркіліп қалды, жаны ашығанын тілін жалаңдатып байқатып, және лайықты сөз іздеп, әрине лайықты сөз табылды да;
-Сіздер секілді бейшараларға...