Кегер

Кегер
жеке
блог

(Әңгіме)

   Көктемнің шуақты күні аспанға шұғыласын төгіп, маңғаздана көтеріледі. Күнмен бірге таласа оянған ауыл адамдары әдеттегі тынымсыз, күйбеңге толы тіршілігін бастайды. Қырға қарай қарагер атын қамшылай басып, қиқу үнге салып Жүсіп шопан және оның артынан домалақ пішінде келген, қара-ала түсті Бөрібасар еріп барады. Жүсіп шопаннан арқан бойлай жерде топтаса, шоғырланып, ұзын-сонар көштей боп бара жатқан ауылдың қой-ешкісі. Көшті қақсал, қара түсті, жауырын тұсында жұдырықтай ақ теңбілі бар — Кегер бастаған. Қатқан қара ағаштай қайқы мүйізі арасынан күн шұғыласы шағылысып көрінеді. Кекшиген басы артына қарамастан алдыға қарай ойқастап, тұяғымен топырақты атып-атып қояды. Кегерден кейін қалмаймыз дегендей, өкшелей басып өзге текелерде, ешкілерде, ешкілердің шұнаңдаған лақтары да анталасады. Ешкі малы төрт түліктің ішінде кейбір ерекшелігімен, жасаған түрлі қылықтарымен көзге бірден түсері белгілі. Өзге малдарға қараған да қолға тез үйренгіш, айтқанға көнгіш, өзге де тылсым құбылыстарды көргіштігі айтпасақта түсінікті... Осыдан екі жыл бұрын Кегерге байланысты тылсым бір жәйт орын алған еді.

* * *
   Жүсіп шопанның айтуынша күз кезі. Күз болғанымен әлі салқыны түсе қоймаған, жаздың самала лебі есетін, қыркүйектің басы болуы керек. Таңның атысымен үйреншікті әдетіне басып; қорасынан қой-ешкілерді шығарады. Күнде көріп жүргесін қандай қойы, қандай ешкісі бар екені баққан адамға бесенеден белгілі. Қанша қараса да көзі құрғырға бір ешкі яки қой кем сияқты көрінеді. Қораға сан мәрте үңілсе де, ешқандай қой немесе ешкіні байқамайды. Сонда да кемшілік бар. Зер салып, біраз ойға шомса — Кегер жоқ. Ізім ғайым. Лақ кезінен алдыңғы қатар да жүруге ұмтылып тұратын, Кегер жоқ.
   Қораны жапсарлай өтіп бара жатқан Мұхитты көріп:
   — Мұхит мына қой-ешкілерді қырға апарып жайлай бер. Кегер тағы да жоғалып кетіпті, мен соны іздейін. Бір жерде қалып қойған-ау, деймін, атаң әлет, — деп қайыра боқтайды да жерге түкіреді.
   — Жарайды көке, — деп бақанға байланып тұрған Қасқакүреңге мініп көш-көрім жер де кетіп бара жатқан қой-ешкілерге қарай шаба жөнелді.
Мұхит Жүсіп шопанның үлкен ұлы. Кең иықты, жалпақ бетті, жауырынды келген жігіт. Мінезі де жайдары. Аңқылдаған қолынан келсе құрақ ұшып көмектесуге асығып, даяр тұрады. Алдыңғы жылы мектеп бітіріп калаға барып техникумға түскен еді, бірақ оқи алмай қайта ауылға келген тұғын. Айтуынша; қала өмірі қиын, тамыр-таныс болмаса окудың өзі ауыр екен. "Қиын болса осында қал" — деп шопанның өзі де оқуын қаламаған сыңай танытқан. Содан бері ауыл да әке кәсібін жалғап, атқа мініп, қой бағып жүргені.
   Ауылдың батыс жағына қарай құрғақ құмды шаңдатып, маңыратып, жамыратып қой-ешкілерді қырға өргізіп шопан баласы кетіп барады. Сырт пішінге қарасаң Жүсіп шопанның жас кезін көргендей боласың...
   — Енді мен анау бәлені қайдан іздесем екен, а? Әлде түнде біреу қорға түсіп ұрлап кетті ме? Жо-о-қ, олай болуы мүмкін емес. Олай болса түнде Бөрібасар үретін еді, болмаса Кегер де маңырайтын еді ғой. Ондай дыбыс шықпады. Ол енді қайда кетті екен, а? — деп сүт пісірім уақыт ойланып тұрды да. Қарагер атына мініп Сағатбектің үйіне қарай аттанды. Жоғалып кеткен күндері Сағатбектің үйінен табылушы еді.
   Кенеже ұлы Шыңғыстың шілдеханасын да қолтығына қусырып Сағатбек алып келген болатын. Жүсіп шопанға қалжың-шыны аралас:
   — Бұл қасиетті ешкі. Ертең-ақ қораң малға толады. Ұлыңа қайдағы тышқақ лақты алып келді деп ренжіме, — деп қарқылдап күлген-тін.
Сағатбектің сол кезде аузына періште салдыма, әлде Кегер шынымен қасиетті болдыма, о, жағы белгісіз. Айтқаны тура келіп келесі жылы қорасындағы қой-ешкілердің аксақ-тоқсағы да түгел қозыдады, лақтады. Осы оқиғаларды есіне алып шопан да Сағатбектің үйіне келіп қалғанын бір-ақ білді. Көлеңкеге ыңғайлана жасалған, үйдің тасасындағы сәкіде самаурыннан кесеге құйылған ыстық шайды сораптап отыр екен. Жүсіп шопанды көрген бойда:
   — Ассалаумағаликум, Жүке, — деп сәкіден қарғып түсіп, қос қолдап амандасты да. – Төрлетіңіз, келіңіз!
   — Әлейкімассалам. Таңғы аспа, бойға сіңімді болсын, — деді де. Келген шаруасына ойысты. — Былай Кегерің тағы да жоқ. Осы үйге келгіш болып кеткен екен. Соны алып кетуге келдім.
Есік алдында ойнап жүрген Сағатбектің ұлына:
   — Әй, жүгермек қораңа барда менің Кегерімді алып кел. Уақыт жоқ кетуім керек. Тез бол жүгір, — деп қолын сермеді.
   — Ата сіздің Кегеріңіз жоқ , — деді жұлып алғандай арықтау келген қара бала.
   — Қалай жоқ? Көзіңді ашып кара, бар.
   — Бұл жолы келмеді.
   — Сағатбек өзің барып қарап келші "бала, баланың ісі шала" деген.
   — Жүке, жаңа ғана барлық қой-ешкіні қырға шығардым. Бірақ Кегерді байқамадым.
   — Қап-ай, а. Қайда болды екен, а?.. Ауылдан қораға түсетін ұры-қары туралы ешқандай сыбыс естіген жоқсың ба?
   — Қайдам Жүке ондай біздің ауылға жоламайды-ау. Сіз былай жасаңыз. Қазір учасковыйға барыңызда. Арыз беріп қойыңыз немесе суретін көшеге іліп тастаңыз, — деп қарық-қарық күліп жіберді.
   — Өй, әкеңнің ауызы, маңызды нәрсе айтама десем, — деп қолын бір сілтеп атына мінді.
   Үйге келе жатып әлдене ойына түскендей, аттың басын кері бұрып қорым жаққа қарай тартты... Қорымға жақындай бергенде бір бейне қараң етеді. Түптеп тура келгенде білді. Қорымның орта тұсында Кегер жүр.
   — О атаң әлет, мен сені іздеп жүрсем. Мында жүр екенсің ғой, — деп қорым ішінен боқтап-боқтап алып шықты...
   Үйге жеткесін:
   — Осы бәлені сабылып іздеп жүремін бе, одан да салма-су болса да сойып тастайын. Бүгін оңайырақ таптым. Ертең бұдан ары кетсе не болмақ. "Мына шал бір ешкіге ие бола алмай жүр" деген сөзге қалармын, — деді де қарагерге қамшы басты. Ешкіні аттың алдына өңгере салып үйге келді. Шарбаққа ілініп тұрған жіңішке арқанды алып аяқ-қолын байлауға кірісті. Әбден байлап алғасын, белдігіне қыстырылған пышағын алып, іштей бірдеңелерді күбірлеп, бетін сипады. Дауысын зорайта шығарып:
   — Менде азық жоқ, сенде жазық жоқ. А Бисмилләһир рахманир рахим, — деп пышақты алқымға тақай бергені сол еді. Алдында жатқан ешкі ғайып болды. Бір сөзбен байланған жібі қалды.
Не болғанын түсінбестен "Бисмиллә, бисмиллә" дей берді. Тек алыста бір көлеңке жылжып бара жатқанын көрді де, – Құдай сақтаған екен, — деді дауыстап.
    Жаңа ғана көз алдыңда матаулы жатқан малдың лезде жоқ болып кетуі кімді де болсын сескендірері, бейжай қалдырмасы анық. Калтасын қармалап бет орамалын алды да, сақалына дейін жауынша малынған қара терді сүртіп терең тыныс алды. Жүрек құрғыр сонда да қатты соққыштап тұр.
    — Ешкім, – деп алып келгенім жын баласы екенін қалай аңдамай қалғанмын, а?
Орынынан тұрып кері бұрыла бергені сол еді, қора төбесінде қараң етіп бір бейне көрінді. Жүрек бір шайлыққасын орнына келе қояма. Тағы да "бисмиллә, бисмиллә" деп қайыра қайталады. Жоқ кетер емес. Ғайыпта болар емес. Сәлде болса қалпына келгендей болды.
    — Кегерім-ай мында екенсің ғой. Ой мені әбігерге салдың ғой сен. Сәл болмаған да, еріккен жын баласын бауыздай жаздадым, — деп ешкіге карады. Кінәлі екенін түсінгендей басын төмен салбыратып, мөлдір қара көзін жәудіретіп тұр. — Болды Кегержан, болды келе ғой. Кел!..

* * *
    Күн сәулесі көтеріліп келеді. Топ бастап бара жатқан Кегер де, қарагерге мініп қырға айдап бара жатқан Жүсіп шопанда көз ұшында алыстай береді, алыстай береді.

 

Бибіт НҰРМҰХАНОВ