Қазіргі жазушылар шығармашылығы
блог
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде Қазақстан жұртшылығына танымал жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас маманы Нұрдәулет Бәбиханұлы Ақыштың «Махаббатпен арашалау» атты әдеби туындысы бойынша оқырман конференциясы өтті.
Жазушы қаламынан туған «Қоңыр өгіз», «Жұмбақ іздер», «Күрмеуі қатты түйіндер», «Мұңды жанардың сәулесі», «Дон-Жуанның қалыңдығы», «Рақымсыз көктем», «Сынық домбыраның сазы», «Аласа таулар аясында» сияқты шығармалары оқырман қауым мен сыншылардан лайықты бағасын алып, көпшіліктің жүректеріне жол тартқан кітаптар қатарында. Қаламгердің туындыларын оқи отырып туған жеріміздің сұлулығын, өмір шындығын, реалистік өмірдің көркем бейнесін көргендей боламыз, бүгінгі замандас келбетін көреміз. Күнделікті тіршілікте араласып жүрген жандармен қағаз бетінде қайтадан қуышқандай әсер аламыз.
Факультет студенттері жазушының аталған туындысындағы «Махаббатпен арашалау», «Үнсіз қоштасу», «Махаббаттың хрусталь шаңырағы» секілді басқа көптеген туындыларындағы суреткерлік шеберліктері туралы көзқарастарын, пікірлерін оқырмандармен бөлісіп, жазушыға шығармашылық психологиясына қатысты көптеген өткір де ойлы сауалдар берді. Студенттер жазушы шығармалары бойынша бір біріне сауалдар беріп, тапқырлықтарын, жазушылық өнер жайлы білімдерін де сынға салды. Сабыржан Жаңыл, Еркімбек Аяулым, Қоңырбайқызы Айғаным, Асқар Алуа, Қуанбекқызы Аймереке, Ділдабек Димаш секілді көптеген студенттер жазушы шығармашылығымен кеңінен таныс екенін аңғартып, өздерін толғантып жүрген сұрақтарына жауап алды. Оларды жазушының қарапайымдылығы, кісілік қасиеттері толғандырды. Нұрдәулет Бәбиханұлының жазушы болумен қатар, білімпаз ғалым болуының сырларына үңілді.
Конференцияға қатысқан профессор Сәуле Баймырзақызы, доцент Лейла Адамқызы Н.Ақыштың қаламгерлік шеберлігі жайлы ой толғады. Оның туындыларының мектеп оқулықтарына еніп, шетел тілінде жарық көре бастауының сыры да жазушы шығармаларындағы жаңашылдықта екенін пайымдады. Н.Ақыштың «Махаббатпен арашалау» туындысы кеңінен талқыланып, оқырман эстетикасын қалыптастыруға өзіндік үлес қосты деуге болады.
Оқырман конференциясында студенттер мен докторанттар жазушы, ғалымды басқа қырынан көріп, прозалық шығармаларымен, шығармашылық лабораториясымен жақын танысты. Нұрдәулет Ақыштың бергені еселі болса, берері де мол. Әдебиет қазынасына татымды үлес қосып келген Нұрдәулет ағамызға сәттілік пен табыс тілей отырып, жаңа туындыларын асыға күтеміз.
Раушан Әбдіқұлова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к.
Алуа Темірболат, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, ф.ғ.д.
Лейла Мекебаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, ф.ғ.к.