Қараусыз бақ

Қараусыз бақ
жеке
блог

  Құлағына тағы сол әуен келе бастады.  Қала шетінде қараусыз қалған бақ жақтан баяғы сиқырлы саз естіледі. Бұл әуенді естімегеніне биыл бес жылдың жүзі толып еді. Алайда  сол қызды есінен әсте шығарған емес. Ашық қалған терезеден тіршіліктің қиюы қайтқан баққа көз қырын салды. Өзге бақтар секілді онда талдар жасыл желегін жайып жайқалмайтын, ғашықтар қол ұстасып қыдырмайтын. Жапырақсыз жетім ағаштар қураған қалпы бой түзеп, әлдебір құстардың тынымсыз дауыстары ғана құлаққа шалынатын. Міне, тағы сол әуен. Тағы сол сиқырлы саз. Жігіт құлағын қос қолымен жауып алды. Бәрібір естіліп тұр. Әлде жадында сақталып қалған саз жанында ойнап жатыр ма? Шаршаған шығармын, ұйықтайын деп кереуетке қисайды. Көзі ілінер емес. Көзін тарс жұмса да сол әуен әлдилеуін жалғастырып, сергек санасының сәнін кетіріп әлек. Анасы айтпақшы төрт қабырғаға қамалып, қияли ауруға шалдыққан шығар. Ақыры ұйықтай алмасын біліп, теледидар қосты. Тап осыны күткендей ұялы телефоны безектей жөнелді. Анасы шығар, басқа кім болсын. Жоқ, жасырын нөмір.

- Алло, тыңдап тұрмын.

- Келші, біздің баққа, - деп ар жақтан тұтқаны тастап жіберді. Сиқырлы саз тіптен күшейіп, қатты естіледі. «Жоқ. Мүмкін емес». Жігіт дауыс иесін таныды. «Таңертеңтен естілген әуен шақырған ғой. Ол оралған шығар». Үйінен шыққан жігіт, қараусыз қалған баққа бет алды.

  Төңірек қою қараңғылыққа малынған. Жігіт шеткі, сырланбаған ескі орындыққа отыра кетті. Бақта бұны ешкім күтіп тұрған жоқ екен. Әуен әлі ойнап тұр. Жүрегінің түкпіріндегі өзгелерге елеусіз қабаттарында тығылып жатқан сырларына үңіліп, өткен күндеріне оралды.

  Бес жыл бұрын бұл мектепті жаңа біткен жас бозбала болатын. Көңілі құлазып, жаны жалғызсырағанда осы баққа келетін. Әр жерде топтасып сыра ішіп, әр нәрсеге себепсіз шекісіп жататын жастармен жұмысы жоқтұғын. Жалғыздан жалғыз ұзақ уақыт отырып, өздігімен кететін бозбаланы олар есі ауысқан адамға балайтын. Бірде әлденеге жабырқап, түн ортасында осында келген. Дәл бүгінгідей шеткі орындыққа отырған. Біреу ұмытқан ба, қып-қызыл алма жатыр екен. Еш ойланбастан қолына ала бергенде:

- Сізге анаңыз кішкентай кезіңізде бөтен адамдардың затын рұқсатынсыз алуға болм айтынын үйретпеді ме? – деген қыздың дауысын естіді. Жігіт қарсы алдында тұрған қызды көрді. Қыздың сұлулығын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Жасыл түсті көйлек киген, шашы ұзын бейтаныс қыз жігіттің қасына келіп отырды. Қараңғы түнде қараусыз баққа жарық беріп тұрған айдың нұры да қыз сұлулығына тамсанғандай. Кенеттен музыка ойнап қоя берді. Жігіт таңқалды, бұл бақта ешқашан музыка қойылмайтын және мұндай ғажайып әуенді ол өмірінде естіген емес.

- Сонымен сізге ананыз үйретпеген екен ғой, - деді қыз.

- Жоқ, кешіріңіз, үйреткен, ала қойыңыз, - деп алманы қызға ұсынды. Қыз алманы алды. Бақтың әр түкпіріне көз жүгіртіп біраз үнсіз отырды. Сосын жігітке бұрылып, қайта сөз бастады.

- Байқаймын, сіз мұнда көп келесіз.

- Иә, бірақ мен сізді бірінші рет көріп тұрмын, - деді жігіт таңданысын жасырмай.

- Дұрыс, мені адамдар көрмейді. Өзім де бұл баққа сирек келемін.

- Мен сізді көріп отырмын ғой.

- Сіз баққа тек ізгі ниеттеріңізбен келесіз. Ешкімде ісіңіз жоқ. Аналар секілді зұлым емессіз, - деп қолымен бір топ жастар тұрған маңды нұсқады. Жігіт үндемеді. Ол бала күнінен сондайтұғын. Ешкіммен араласпайтын. Томаға-тұйық қалпы өсті. Анасы байғұс психолог-дәрігерлерге де сүйреп бақты. Еш нәтиже болмады.

- Менің әкем осы бақтың қожасы болған. Бала кезімде таңнан кешке дейін осы бақта асыр салатынмын. Небір жеміс-жидектер, сан алуан гүлдер құлпырып, теңдессіз бақтың сәнін келтіріп тұратын. Кейіннен қара ниетті адамдар әкемді өлтіріп, гүлдерді таптап, талдарды құлатып, бақты қараусыз баққа айналдырды. Содан бері бұл бақты зұлымдық жайлаған.

- Ал ол зұлымдықты жоюға болмайды ма?

- Оған менің шамам жетпейді. Мен осылай кейде келіп бақты күзетемін. Менің қайтуым керек. Сау болыңыз, - деп қыз орнынан тұрды.

- Енді қашан келесіз? – деді жігіт қызды қимай.

- Мына әуенді естіп тұрсыз ба? – деді қыз жігіттің сұрағына жауап бермей.

- Иә.

- Осы сиқырлы саз құлағыңызға жеткенде мен осында боламын, - деген қыз бірте-бірте ұзай берді. Аздан кейін қара түннің құшағына еніп, жоқ болды.

 Сол кездесуден кейін бақандай бес жыл өтіпті. Одан кейін жігіт ол әуенді естіген емес, қызды да қайта кездестіре алмады. Қараусыз бақты кеш батысымен жағалайтын жастардан қыз жайлы сұрастырып көрді де.  «Иә, білеміз бір қызды. Көргендер бар, тек ол адам емес. Жай ғана елес қой» дейтін күліп барлығы. Артынша «Сен, сірә есіңнен адаса бастаған шығарсың. Расында, қияли екенсің»  деп өзін мазақ қылатын. Бірақ, жігіт қызды ұмыта алмады, оны іздеуін жалықпай жалғастыра берді. Бүгін де таңертең әуен естілгенде көп ойлағандықтан шығар деген.

   Жігіт басын көтерді. Әуен ойнауын доғарған сияқты. Жақын жерден біреулердің дауыстары естіледі. Сол баяғыдай, еш өзгеріссіз. Енді ештеңе болмасын сезген ол үйіне қарай аяңдады. Үйіне жақындағанда есік алдында күйбеңдеп жүрген көршісін көрді. Бұны байқаған көрші әйел дауыстап:

- Балам-ау, есігіңді ашық қалдырып кеткенің не? Өзің қайда болдың? Қас қарая бергенде сені сұрап бір қыз келді. Жасыл көйлегі бар, шашының ұзынын-ай. Сұлулығын айтсаңшы, - деді.

- Не? Жасыл көйлекте ме? Шын айтасыз ба? Өз көзіңізбен көрдіңіз бе? – деді жігіт абдырап.

- Иә, балам, мен есімнен адаса қойған жоқпын, - деп әйел мұңая қалды.

 Тағы сол әуен. Тағы сол сиқырлы саз. Қараусыз бақ жақтан шыққан әуен оған қайта естіле бастады. Жігіт кері бұрылып, қараусыз баққа жүгіре жөнелді. Көршісінің оның атын атап, айқайлап шақырғанын естімеді. Құлағында сол бір әуен.

  Апта өтті, ай өтті. Ал жігітті одан кейін ешкім көрмеді. Біраз уақыт жастар айлы түндері жас жігіт пен көркіне көз тоймайтын сұлу қыздың қол ұстасып қараусыз бақта қыдыратынын айтып жүрді. Тек соңғы кезде қараусыз бақта жиі ойнайтын сиқырлы сазды қала тұрғындары түгелдей еститін болды.