Кең дала. Күлімдеген көктем. Осыншама атырап бізге құшақ жайып, бізді бақытпен көмкергендей. Қоршаған табиғаттың беймәлім сырлары ашылмағандай, таза, пәк күйінде. Біз жер ананың аялы алақанында тербелгендей күйдеміз. Күн көзінің кірпігінен тараған әрбір сәуле жанымызға жылулық шашып тұр. Көк аспан мен қабаттасып, қара бұлтты қақ жарған асқар таудың бейнесі өте жақыннан көрінеді, өте жақын, қол созым жердегідей. Бірақ оған жақындаған сайын алыстайтынын кім білген?
Оңтүстіктен ескен самал дем бергендей, тыныс алудың өзі жанға қуат береді. Сол бір атырапқа кызылды – сарылы кілем төселгендей. Мен сол жерден қызғалдақ пен сарғалдақтан әдемі құшақ гүл жасап саған ұсындым. Сен қатты қуанып мені құшақтап алдың. Осы қуанышты қезді сақтап қалу үшін сенің қымбат қалта телефоныңмен суретке түстік. Ал менікі жай ғана байланыс үшін арналған. Шыны керек екеуміздің отбасылық жағдайымыз келіңкіремейтін. Бірақ маған күлімсіреп екеуміздің арамызды ешнәрсе бөле алмайды дейтінсің. Одан әрі екеуміз қол ұстасып қаттырақ соққан желге қарама – қарсы жүгірдік. Сенің көз жауын аларлықтай мойын орамалың соққан желмен желбірейді. Осы арқылы кеңістікте қалықтағандай, қиял әлеміне сапар шеккендейміз. Осындай керемет мекенді өзіңмен бөліскеніме Аллаға сансыз шүкірлік.
Біз танысқан шақ өте тәтті кездер болатын. Ақпанның аппақ күнінде сен біз оқитын мектепке, жоғарғы сыныпқа жаңадан көшіп келген едің. Ең бастысы сынып жетекшіміз сені таныстырып, менің қасыма отырғызғанына қатты қуандым. Алғашында біраз үйренісе алмағанмен, кейіннен жақын дос болдық. Басқалар бізге қызыға да, қызғана да қарайтын. Мен саған өз сезімімді жетекізуден жасқанып, саған алғаш рет хат жаздым. Сен мені бірақ ұнатқаныңмен жауабын айтпадың. Міне бүгін сол достық махаббатқа ұласты. Кейіннен сен сақтап қойған сол хатты оқып күлген болатынбыз. Ол біздің махаббатымыздың белгісі ретінде сақталды.
Есіңде ме? Сен менің жанарым арқылы бүкіл әлемге қарай аламын дейтінсің. Ал мен саған сенің қасыңда өзімді әлдеқайда бақыттырақ сезінемін. Сенің тұңғұйық қара көздерің есімнен тандырарлықтай, сенің жадыраған жүзің жүрегімнің төрінде дейтінмін. Екеуміз талай таңды көз ілмей, қыр басында атыратын едік.
Бірақ сенің ата – анаң мені ұнатпайтын. Саған қанша рет менімен кездесуге тиым салсада, сені менен ешкім де айыра алмайды дейтінсің жабырқау жүзбен. Тіпті кейде бізді танымайтын, тамаша өмір сүретін жерге қашып кеткіміз келетін.
Ал қазір ше? Қазір сенімен сырласқан сәттердің бәрі сағымға айналды. Білемін одан бері қаншама уақыт өткенін. Бірақ мендік сезім әлі суыған емес. Сол бақытымды ұрлаған тағдырға налыймын. Себебі сұм ажал сені құрсаулап алды. Дәл сол кезде мен сені құтқара алмай, дәрменсіз күйде қала бердім. Сенің жансыз бейнең көз алдымнан кетер емес. Өте өкінішті, бізді өмірдің өзі айырды. Ажалға ешкім шектеу сала алмайды екен.
Жаным мен сені сағындым. Жанымда бұрынғыдай бақытты емес, бақытсыз елес орнады. Күндіз де, түнде де сені ойламаған уақытым болған емес. Сағыныштан жабырқаған сәтте мен сенің суретіңе қарап, өткен күндерге бұрылып, есіме аламын. Тіпті түнде ұйқыда жатқанда шашыңнан иіскеп, маңдайыңнан, көзіңнен, тіпті ерніңнен сүйіп оянып кетемін. Өзгелер «Көзден кетсе көңілден кетеді» - дей ме? Бірақ сен менің мәңігілік жүрегімдесің.
Қуарған күз. Жаңбырлы күн. Аспандағы қою қара бұлт жәймен жылжып барады. Бұрынғы атырап тықырланып, қаһарлы қысқа қамданғандай. Сарғайған жапырақтар мен сияқты әлдекімді сағынғандай. Тау жақтан соққан ызғарлы жел өн бойымнан өтерліктей. Жанардағы мұң жас болып шықпасада, өр кеудемдегі жұдырықтай дүние жылап жатыр. Мүмкін өмірдің өзі осы шығар. Жақсылық пен жамандық, бақыт пен бақытсыздық, күн мен түннің арпалысы болар.
Бәлкім менде әлі бақытты болармын, мүмкін болмаспын. Ол жағы беймәлем. Бірақ бір білерім күндердің күнінде сенің жаныңа баратыным һақ.
Қазір сен жәннат төрінде жүрген шығарсың? Себебі сендей жанның тұрағы жалғыз ғана. Енді қайта оралмайсың. Қош бол мен сүйген перизат! Мені үнемі есіңе алып жүргейсің, көгімдегі періштем!
©Жомарт Елшібай