Жұмадағы раушан: қазақ прозасының жаңа бейнесі

Жұмадағы раушан: қазақ прозасының жаңа бейнесі
жеке
блог

    «Жұмадағы раушан» шығармасын басты бағыт еткендегі бірінші себеп- шығарманың тақырыбындағы ерекшелік. «Жұма» -  өзін «мұсылман» деп танитын әр халық үшін ерекше күн. Барлығымыз бұл қасиетті күнде дұға айтуға асығып, жүрегімізге раушан гүліндей нәзіктікті дос етеміз. Барынша ойымыз бен тәнімізді жамандық атаулыдан сақтандырып, алда келер сәтті күннің шуағын жан дүниемізбен сезінуге асығамыз. Шығармада тақырыптың неге бұлай қойылуына себеп соңғы беттерде ғана айтылады. Өз сүйгені Ақнұрды асыға күткен психолог Берген жұма күні соңғы ақшасына раушан гүлін алып, кабинетте әріптесін күтеді. Ішіндегі алай дүлей оны бірде иә, бірде жоқ деген жауапқа ұрындырады. Мына бір үзіндіні оқып көрелік:

«Қызылшапақ тарқап, түн әлеті Алматыны жарқырата бастағанда, салы суға кетіп, кеңсеге қайтып оралды. Таксиден түсе бере, кеңсе ішінің жап-жарық екенін көрді. Жандүниесі мұз түскендей су етті. Есікті ашқанда, қарсы алдынан ай туғандай көрінді көзіне.

          Ақнұр осында екен. Бірақ ол өзі қарап тұрған раушан гүлінен назарын аудармады.

          Берген босағадан екі аттап, тұрып қалды. Үнсіз демнің сыры сөзге дес бермеді. Қай ойдан қай сөзді ұстарын білмеді Берген. Табан астында бар жігерін, бар батылдығын жоғалтты. Өзінің қандай биікте тұрса, сондай шыңырауда екенін ұқты.»  Аталған жолдарда шыңырау бейнесі Бергеннің жағдайын дәл суреттеген. Осы орайда Дидар Амантайдың «Шыңырау» шығармасы турасында айтылған мына бір сөз еске түседі:

«Шыңырау өзіне тесіліп қараған адамға өзі де қадалып қарайды. Тұңғиықтың жүзі суық. Терең шұңғыманың құшағы кең».

     Биікте болу әрине, жақсы. Алайда биіктің қадір қасиеті шыңыраумен сабақтас, үндес болса Еңсеп өлген құдықтың кебін киері анық. Осыны дәл түсінген Берген де соңына дейін ішінде өртеніп жатқан сезімді сылтау суымен сөндіруге әбден талпынады. Алайда, соңында кеудесінде бүр жарған жұмадағы раушан оны махаббатына сүйрейді. Автор екеуінің арасындағы сезім қорытындысын оқырманға қалдырады. Бәлкім оқырман да дәл Берген сияқты сезім күшіне ерік беріп, махааббаттан қорықпаса деген сенім білдірген болар. Жұмадағы раушанның қасиеті мына бір диалогта да өз өңін аша түседі:

          «– Екеуміз театрға да барып үлгермедік.

          – Үлгермедік?

          – Уақыт тар. Үлгермедік, ертең – жұма.

          – Болса қайтеді? Жұмадан кейін күн жоқ па?

          – Жұмадан кейінгі күндер өте көңілсіз өтеді.

          – Неге?

          – Жұма – жұмақтан жұпар есетін күн.

          – Кейін ше?

          – Кейін сол, бейуаз, сұрықсыз, сұрқай күндер басталады.

          – Онда... онда сол жұмада қалып қойыңыз.

          – Соны тілеймін, жаныммен, санаммен, рухыммен жұмада қалып қойсам ғой деп.

          – Шын қаласаңыз, жұма сіз үшін тоқтап қалады.

          – Жүректің шындығы ол емес бірақ. Тоқтау – өлудің алды.

          – Онда не?

          – Жұмадан жұмаға дейінгі шындық.

          – Әйтеуір, өзіңіз сұхбаттасатын адамыңызды кездестірмегендей көрінесіз де тұрасыз.

          – Мен кездестірдім.

          – Неге соған асықпайсыз?» Шынымен де, адамдар жұмадан жұмаға дейінгі қарбалас арасында өмір сүреді. Бірақ олардың барлығы сол қарбаластың ішінен дәл Берген секілді өз шындығын таба ала ма? Соны ойламақ керек.

     Дәл осы шығарманы таңдаудағы тағы бір себеп - сюжеттегі ерекшелік. Бұл қазіргі қазақ әдебиетінің жетістігі де болса керек, тақырып таңдаудағы еркіндік анық байқалады. Бұған дейінгі еңбектерде психология жанрында ешқандай сюжеттерді байқамаймыз. Жалпы психолог мамандығы жайында мәліметтер мүлде берілмейтін. Бұл ғылыми сала қазақы менталитетпен астаспайтын, көпке түсініксіз тарау ретінде қала беретін. Халқымыздың қанында бар мұсылмандық болса керек, адамдар бар қиындықтың жауабын жақыннан емес, маманнан емес, Алладан сұрайтын. Әрине, бұған қарсы айтар дау жоқ. Алайда Алла сол сауалдың жауабын адамдар арқылы алдымызға әкелетіні де өтірік емес. Тәуелсіз ел атануымыздың арқасы болса керек, шығармада дін тұрғысындағы мәселелер кеңінен, бүкпесіз баяндалады:

«Періштелер бүкіл жақсы ойыңызды Құдайға, сосын күйеуіңізге жеткізеді. Жеткізеді деу – шартты ұғым, Құдай тағала «саған қан тамырыңнан да жақынмын» дейді ғой, – Берген Жанарға таяп келіп шөкелеп отырды да, қолынан ұстады.

          – Сіз өте жақсы адамсыз. Жаныңызға батқан дерттен жараланып, кезінде оны емдей алмай, жылы жауып тастағансыз. Оны аршып алыңыз. Құдай тағала «сұрасаң – берем» дейді. Сізді құшақтасам бола ма?»

     Шығарманың еліктіріп әкететін қасиеті көп - ақ. Ешқандай бояусыз, шынайы суреттелген әр сюжет отбасы мәселесін алдыға қойып, көп көлеңкеге қалдыратын мәселелерге басымдық берген. Отбасы тақырыбында біз мойындағымыз келмейтін біраз түйткілді мәселе бар. Ол ене мен келін арасындағы қарым - қатынас, жас жұбайлар арасындағы арақашықтық, қызғаныш мәселелері болуы мүмкін. Сөздерімізді нақтылау үшін шығармадан театр әлемінің ханзадасы Мұхиттың оқиғасын мысалға алып көрелік:

«Менің ойым – реалда әлдекімнің әрекетіне айналып отыр, білесің бе, ойды қабылдау ғана жеткілікті, ал іске асыру, асырмау тағы еркің, бірақ келген ой, сен иелік еткен ой, бәрібір, ауада қалқып әлдекімге қонады. Туылып қойған ой орындалмай, қабірге кірмейді. Ол шарлап, иесін міндетті түрде іздейді, ол менің ойым. Менің туылып қойған ойым, іске аспақ, Ақнұр.

          Басын шайқап жіберіп, терең күрсінді. Көз ұясына толған жасты жасқап жіберді. Ер адамның жылауы қандай жат еді Ақнұрға, әйтсе де, бұл да – ілуде біреудің қолы жеткен жан еркіндігі.»

     Адамның жүрегінде түрлі сезім тоғысқанда эмоциялар тартылысы орын алады. Тебіреністің күші соншалық ер адамның жылауы да қалыпты дүниеге айналады. Жылауға психологияға мынадай анықтама беріледі:

     Жылау - адамның көңіл-күйінде тебіреніс (қуану, қайғыру, сағыну, залану) пайда болған кезде туындайтын құбылыс. Өмірде жыламайтын адам болмайды. Өмірдің тауқыметті шақтары болады екен, қалайда жылайтын күндер болады.

     Біздің кейде жылағымыз келеді. Неге дейсіз ғой...

     Тұрмыстың тақсыретін тартқан кезде жылағымыз келеді. Аурудың азабын тартып қиналған кезде жылағымыз келеді. Қарныңның ашқанына, киіміңнің жыртылғанына емес, ақылыңның жоқтығына жылағың келеді. Бір нәрсеге опық жеп назаланған кезде жылағың келеді. Өмірде біреуді сағынған кезде жылағымыз келеді. Қатты қуанып тебіренген кезде жылағымыз келеді. Бір нәрсеге айырықша әсерленген кезде жылағыңыз келеді. Сәтсіздікке жолығып, өкінген кезде жылағымыз келеді.

     Мұхит - ерекше психологиялық бейне. Оның басты қателігі - өз өмірі мен театр сахнасын шатастырып алуында, әйелімен ашық диалог құра алмауында. Алайда Мұхиттың басты жетістігі де осы тақырып аясында жүзеге асады. Ол бұл қиындықтарды жанына қабылдап қана қойған жоқ, жан еркіндігіне қол жеткізді. Жылай алды.

     Шығарма сюжеттерін талдау барысында мен көз жеткізген ерекшеліктің енді бір парасы тарихи кезеңмен астасып жатыр. Тәуелсіздікке дейінгі шығармалардың қайсыбірін сөз етсек те отан, ел, жер тақырыбында қалам тербеді. Солай болуы керек те еді. Ал тәуелсіздіктен кейінгі кезең жалпыдан жалқыға өтуді міндет етті. «Отан - отбасыдан басталады» демекші, мықты мемлекет құру идеясының бірінші баспалдағы отбасы психологиясындағы мәселелерді шешіп алумен сабақтасып жатты. Олай болмаған жағдай, батырларымыздың қанымен келген қазақ жерінің ертеңгі болашағы да күңгірттенер еді. Күңгірт бейненің алдын алу үшін жазушылар да жалқы тақырыптарға назар аударып, барынша өркениетті қоғам құруға талпыныс жасады. Әрине, бұл тұста проблеманың шешімін әр оқырман өзінше бекітетінін де ұмытпау керек.

     Көлемі жағынан «Жұмадағы раушан» шығармасы аса көп болмаса да, кейіпкерлер галереясына жазушы ерекше көңіл бөлген. Бір емес, бірнеше тағдыр иелерін тануға болады. Ешқайсысы бір - біріне ұқсамайды, әрқайсысының көтерер проблемасы да, жан жарасы да, оны психолог Бергеннің жазу тәсілі де әртүрлі.

     Шығармада Бергенге алғаш болып келетін клиенттің бірі Жанар есімді бидай өңді, әдемі келіншек. Бір күйеуден ажырасқан, екіншісімен де қарым- қатынасы дұрыс емес. Соншалықты биязы жанның неге мұндай қасіретке тап болғанын Берген алғашқы минуттан - ақ байқайды.

«Адам ата мен Хауа ана жұмақтан аластатылып, күнәға батқан сол бір заманнан бері "мені адастырған сенсің" деген ой еркектің бейсаналы бір тетігінде қалып қойған. Ал әйел өзінің "таңдау еркіндігі" дегенді тек "өз қалауы, өз нәпсісі" екенін ұқпайтын хәлде қалып қойған. Мейлі делік. Сонымен, еркектің табиғаты қандай? Еркектің болмысын сіз әуелі әкеңіз арқылы қабылдағансыз. Әкеңіз немесе ағаңыз сіздің көзқарасыңызда мінсіз жандар болса, күйеуіңізден де сондай кеп көргіңіз келеді де тұрады, яғни іштей салыстыру ойыны жүріп жатады.

          – Анам әкемді үнемі жерлеп отыратын. Ол көп ішетін болды.»

     Психологияда қыз баланың жар таңдауы оның әкесімен қарым- қатынасына тығыз байланысты екені айтылады. Қыз баласы бойжеткен соң, идеалындағы ер адам бейнесін әркез әкесімен салыстырып отыруға еріксіз мәжбүр болады. Қаншалықты өзі мойындағысы келмесе де, Жанардың әкесінің қылығы оның еркек атаулыға көзқарасын бұрып жіберген. Берген Жанармен арасына күн салып диалог құрады. Жан жарасын емдеуге, әесіне деген өкпе ренішті ұмыттыруға барын салады. Соңында Жанар күйеуінен кешірім сұрауға бекініп, бәрі жақсылықпен аяқталарына шынайы көңілмен сенеді.

     Шығармадағы ендігі бір ерекше кейіпкердің есімі - Зарлық би. Есімінің өзі ішіндегі талай тартысты суреттейтіндей. Суреттеп қана қоймай, өз атын атаған сайын бойыңа ерекше зілдей ауырлық артатындай. Оның тағдыры ішіндегі сәбиді өлтіріп алуымен тығыз байланысты. Зарлық бидің ішіндегі былай бейне былай деп сөз қозғайды:

«Бала кезім екен. Тап-таза. Пәкиза кіршіксіз жүрек. Бала жүрегі... оның тілеуі басқада екен ғой. Оның қайғысы жоқ еді. Бақытты кезім. Аңсадым. Таптым. Құшақтадым. Тұнық көздің айдынынан бала арманның, бала жүректің аңсарын көрдім. Анасын шексіз сүйетін жүректі көрдім. Абзалында, осы тілек екен менің мақсұтым. Мақсұтым онымен табыспақ екен. Өзгеде емес, бар әлем өзімде екен. Сол сәбидің ділінде екен. Сол сәбидің қалауы не еді? Анасынан адасып қалмау. Анасынан алыстап өзгенің мейірімсіз, өгей қолына түспеу. Аңсары анасына деген шексіз махаббаты еді. Махаббатта еді. Ал, махаббат тұнып, сонау тереңде тұнып, үстіне жетпіс мың дүниенің тоннасы төңкеріліп жатқан екен.»

     Бергеннің ендігі миссиясы - сол бала бейнені тірілту. Ең қуаныштысы Зарлық бимен болған оқиға өз дегеніне жете алды. Аптаның бесінші күні Зарлық өзі келіп, Бергенге «сіз нағыз психологсыз» деген атақ берді. Бар жан дүниесімен анасына барып кешірім сұрауға бекінгенін айтты. Айтпақшы, Зарлықтың шын есімі Жақсылық екен.

     Шығармада жұмбақ кейіпкерлер де жоқ емес. Оның бірі - Әсия. Ол қайтыс болып кеткен. Алайда Берген санасында оның бейнесі әлі күнге де жаңғырып жатыр. Берген өзінің Ақнұрға деген сезімінің бір себебін Әсияға деген махаббатпен де байланстырады. Ескірмеген махаббатпен. Жұптар маған жұбайымның сезімі жетпейді, ол маған көңіл бөлмейді деп жатады. Алайда ол сезім артық болса да, жұп күйреуі мүмкін екен. Әсия мен Берген арасындағы сезім де дәл сондай. Бергеннің сезімі Әсияның өліміне деген қуаныш сезіммен аяқталды. Берген Әсияны бәрінен қызғанды. Соңында қарым - қатынас сәтсіздікпен аяқталды. Өкінішке қарай.

     Қазіргі қазақ прозасы қанатын кеңге жайған қыран құс іспетті. Ол жаңа жанрлардан қорықпайды, көп көңілі айтуға қорқатын тақырыптардан сескенбейді. Санамызда қалыптасып қалған жасанды тіркестердің орнына ерекше құбылыс пен құрылысқа ие сөйлемдерді мысал етуге құмар. Содан болса керек халық оны сүйсіне оқып, әр сөзіне аса мән беруге тырысады. Жоғарыда мысал еткен «Жұмадағы раушан» шығармасы да сондай елеулі еңбектердің бірі. Әр оқырманның жүрегінде жайнап тұрар жұмадағы раушан тамыр жайған. Алайда оның байқап, өткен өкпенің желіне елітпеу оқырманның өзіне байланысты. Ең бастысы қасиетті жұмада хош иісімен бар жақсылықты бағындырған кеудедегі раушан гүлі солмасын, сонда ғана адамзат өзі күткен бақыт құшағына оранар, өзі аңсаған сезім саябағы аралар, өзі армандаған жүректен орын алар.