Жеңіп тынды...

Жеңіп тынды...
жеке
блог

 Міне ол бүгін тағы шөліркеп су іздеп жүр. Оның шөлін ешбір сусын қандыра алмайды. Өйткені оның қалағаны дұға оқытылған шіркеудің суы еді. Оны тағдыр талай рет қыспағына алса да мойымай жүретін. Кеудесіндегі кішкентай ғана сәби жүрегінде үлкен үміт, армандар бар еді. Есін білгелі не ана, не әке мейірімін көрмеген Гүлбарша он жасқа дейін балалар үйінде тәрбиеленді. Әрине, жетім балаларды бауырына басқысы келген ата-аналар барып сәбилерді алып кетіп жатыр. Күздің күңгірт, беймаза күнінде Қалип пен Қатира да осы оймен келген. Аспан бір түрлі жылап тұр. Табиғат тонын теріс киіп алғандай. Күн райы ашылар емес. Қазан емес, қараша емес, қыркүйекте күннің дәл бұлай жылағаны несі екен?..

Қалип пен Қатира Гүлбаршаны таңдағанда, Гүлбаршадан асқан бақытты бала болмаған шығар...  Өзге ұлттың өкілдері емес, қарапайым қазақ отбасының бір мүшесіне айналтынын сезінгенде, жас қыздың жүрегі дүрсілдеп қоя берді.

                                                               * * *

Қара жер ақ көрпеге оранған шақ. Даладағы боранның суық үні үйге еніп, онсызда жаны сыздап, жүрегі мұздап жатқан Гүлбаршаның жарасын одан әрі тереңдете түсті. Өйткені жаңа отбасындағылар өзге дін өкілдері болатын. Осыны білген сәттен бастап, Гүлбарша өзін іштей үлкен бір соғысқа қатысатын адамдарша дайындап жүрді. Бір жағынан мұнысы да жөн еді. Сәби санасымен, бала болмысымен, титімдей ғана жүрегімен осынау діндегі алапат арпалысты ол он жасында сезіне білді. Талай рет ол отбасынан қашып та кетті. Мектепте сабақтан соң қалып жалғыздықтан қиналатын. Түндерде азаптанып жылайтын. Оның үнін өзі сияқты мәңгілікке «қара жамылған» түннен басқа ешкім естімейтін. Бірнеше рет өлмек те болды. Бірақ, ылғи бірнәрсе кедергі болатын. Бірде дәл осындай сәтте мектептегі ұстазы – Айша апай келіп те қалған.

– Айналайын қарағым! Сен неге сонша ажалыңа асықтың?

– ...

– Жаныңды қинаған нендей дүние? Соңғы уақытта сабақтан жиі қалатынды шығардың. Ішіңдегінің бәрін ақтарып сал. Жеңілдеп қаласың. Мен сені «балам» деп білем ботам. Айта ғой...

Гүлбарша ақыл тоқтатып қалған он төрттегі қыз екенін ұмытып, Айшаның қойнына тығыла кетті. Өксіп-өксіп жылады... Гүлбаршаның көзжасы Айшаның көйлегін суландырып жіберген. Айшаның сөздерін ой елегінен өткізген оның жаныма тым болмаса демеу болар, көмектесер деген үзілмеген үмітіне сенім ұялады.

– Апай, баланың бәрі бақытты болуы керек қой. Әр баланың өз ата-анасы бар. Аялы алақаны, ыстық мейірімі... соның бәрін беретін тек солар ғана. Сыныптағы балалар ата-аналарына ренжіп жатқанын көргенде ызам келеді. Бәлкім қызғаныш шығар. Бірақ, мен сол аялы алақанға зармын. Шіркін, мына менде тым болмаса солардың бірі болса ғой... Мен бейбақтың маңдайынан сипайтын ешкім жоқ. Мен мұсылманмын, апай... түсінесіз бе... мұсылманмын... Қаным қазақ, дінім ислам ғой, апай... Ал, олар менен басқа адам жасамақ. Дінімді өзге дінге айырбастамақ. Тілімді кәлимаға бұрғызбайды. Таңнан кешке дейін оқығаным тек солардың кітабы. Тыңдағаным солардың мадақ музыкалары. Көргенім солар бейнелеген Құдайдың суреттері. Естігенім солардың уағыздары. Аяғымды аттасам жеткен жері солардың шіркеулері. Құлшылық қылар сәтте оқығаным намаз емес, намаз емес, шоқыну... Осы азаппен өмір сүріп жатқаныма қанша жыл. Мен қажыдым. Шыдамым бітті. Төзе алмаймын. Ешкімнен ешқандай көмек болмады. Осыдан өзге шарам қалмаған сияқаты... Бар арманым анамның нұр жүзімен, әкенің нар тұлғасын бір көру ғана. Оларды да іздестіріп көрдім. Түк шықпады. Мен өзі кімге керекпін?.. Мені неге ешкім іздемейді? Неге ешкім көмектеспейді? Мұсылман бауырларыммен қаны қазақ қандастарыма қажетімнің болмағаны ма? Менсіз де адасып өзге дінге өтушілерің көп қой, бауырлар... Біз қазақпыз, мұсылманбыз ғой, жарандар...

Осы сөздерден кейін Гүлбарша жеңілдеп қалғандай болды. Жүрегіндегі ауыр жүктің салмағы жаныштап тастамаса болғаны. Ата-анасын көрсем деген арманы, алаңсыз елеске айналмаса екен.

                                                 ***

Ол өте көп көмек күтті. Армандады. Қиялдады. Күтті. Үміттенді. Сенді. Жүректегі отын сөндірмеді. Бірақ онысынан түк шықпады. Бәрі сол баяғы қалпында. Күн өткен сайын оның санасын өзге дін жаулап жатты. Мына өмірден таппаған жан емін, сол діннен тапқандай болды. Әр апта сайын мешітке емес, шіркеуге барды. Басын құбылаға иіп, жайнамазға маңдайы тимеді. Екі қолы желкесінен түспей жатса-тұрса шоқынды. Белгісіз, адам салған бейнеге сыйынды. Көмек сұрады. Осылайша бірте-бірте көзіндегі үміт оты сөніп, өмірге деген құштарлығы басылып, бар арманынан бас тартып, сол діннің өкіліне айналғанын өзі де сезбей қалды.

Шырылдады. Шыдады. Ақырында жынданды. Бәрібір жеңіп тынды... Иә, жеңіп тынды. Бүгінде Гүлбарша адамдарға бейкүнә, періште пәк жанарымен жаутаңдап қарайды. Көзінің мөлдіреген, тұп-тұнық қарашығы өзінің кінәсіз екендігін дәлелдейтіндей. Әлдененің құрбанына айналғандығын ұқтыра алмай, бірде аянышты, бірде жалынышты жүзбен қарайтындай.  Қазір ол су ішпесе өзін Сахарада қалған адамша сезінетін болған. Өзінің мұсылман екенін өзіне мойындата алғанмен, өзгеге мойындата алмады. Жан-жағынан қоршады, қысты. Әйтеуір ақ пен қара айқасқан алаңда әділетсіздік туы тігілді. Өмірдің бұралаң жолдары оны әбден соққыға жықты. Құлады. Сүрінді. Жылады. Қайта тұрды. Бірақ еш өзгеріс болмады. Тағдыр оған тек жетімдікті ғана емес, жаныңды азаптайтын, өзге дін өкілі боласың деген сөзбен өрнектелген ғұмыр сыйлапты. Міне осындай жанның арпалысында ешкімнің араша бола алмағаны, кеудесінде соғып тұрған жүректі жұлып алғанша ұмыт болмақ емес. Гүлбарша қанша алысқанымен, тайғанақ тағдыры оны жеңіп тынды...

Гүлбарша:

-Мейірім-шапағаты мол Жаратушы ием! Барша мақтаулар тек бір өзіңе болсын. Аллаһым адамдардың санасына сәулеңді төк, нұрыңды шаш. Жандарына имандылық шуағын құя гөр. Адасқан пендеңе жол көрсет. Қолын жайып сұраған барша мүминдердің тілектерін қабыл ет, Аллаһым. Сүйікті құлдарыңды жұмақпен сыйла. Мейірім-махаббатыңа бөлей гөр. Мендей құрбан боп жүрген жандар қаншама? Өзге дінге біліп барғаны бар, білмей барғаны бар, барша пендеңнің күнәләрін кешіре гөр. Көзіме саңлау бердің. Шүкір! Күннің нұрын, Айдың сәулесін, туған елдің топырағын көрдім. Бірақ, көзім тойып ата-анамды жалғанда бір ретте көре алмадым. Бәрін таразылап отыру үшін ақыл-ой, сана, көңіл бердің. Шүкір! Жақсы-жаманды, ақ-қараны көңіл таразысына салдым, ақылмен ар жігін ажыраттым. Санама түйдім. Бірақ, бір ретте ата-анамды ойымнан шығарған емеспін. Саналы түрде сезімімді жеткізе алмадым. Тіл бердің. Шүкір! Ащы-тұщының дәмін көрдім. Жақсыны жақтадым, жаманды даттадым. Бірақ, сол бал тіліммен бір рет анама «анашым», әкеме «әкетайым» деп еркелеп алғысымды айтпадым. Жүрек бердің, сезім бердің. Шүкір! Сезімді сездім. Ғашық болдым. Сүйдім. Бірақ, ғашығым да, сүйгенім де тек өмір еді. Сол өмірге ғашықтығым арқылы, оны қалай сүйетіндігім арқылы, ана, әке, адамзат, сендерге деген махаббатымды білдіргім келді... Амал нешік, қолымнан келмеген сияқты. Демек менің әлсіз болғаным да...

Жаратушы Ием! Анамды, әкемді, мына ғаламды, барша адамзатты өз қамқорлығыңа ала гөр. Анам мен әкеме мәңгі ғұмыр сыйла. Оларды шапағатыңа бөлей гөр. Жалғыз өзің Жар бол, Алла!