Жауынгер жүрегі

Темір жол бойында екеуі ұзақ қоштасып тұрды. Кеуде дүрсілдеп, қимастық сезім іште қанша жұлқынса да, сыртқа шығып оларды тоқтата алмады. Жанарлары түйісіп, бір-біріне ұзақ қарады. Бойжеткеннің жанарынан бір тамшы үзіліп түсті.

- Жыламашы, көп ұзамай келемін ғой, - деп бозбала оның жас тұнған жанарын бір сүйді де, - Аман бол! - деп кері шегініп өз вагонына қарай кете барды. 

- Өзіңе абай бол! - деді бойжеткен қол бұлғап.

- Күт мені, қалқам! - деп алыстан қоштасып жатқан жігіт дауысы естілді. Ал бойжеткен соңыңнан ұзақ қарап қалды. 

                          * * * * *

"Сүйіктім! Халің қалай? Əскердегі күндерің қалай өтіп жатыр? Шаршап жүрсің бе?! Жоқ! Сен шаршамайсың ғой! Мен саған сенемін! Отан алдындағы борышыңды адал өтеп жүрсің бе? 

Қаһарманым! Мен сені қатты сағындым! Əр сағатым ғасырға татитындай. Сенсіз күндер көңілсіз, түндер төзімсіз, самал салқын... Бəрі де мəнсіз. Бірақ көп уайымдама. Менде бəрі жақсы. Ауырып қалмай жүрмін, уақытылы тамақтанамын. Жақында оқуға кетемін қалаға. Жаңа оқу жылы басталады. Бəрібір сені ойлай беремін... Сенде де бəрі жақсы болсын! Сау бол! Ауырма! Сəлеммен сенің "Қалқатайың"!"

                              * * * * *

Хатты оқып, сарбаздың жүрегі елжіреп, сезімге беріліп кетті. Қолдары дірілдеп, еріксіз күрсінді. "Қалқатайының" ерке қылықтарын еске алып, жымиды да. Сағынды сұлуын. "Шымқалада жүре бермей, дереу оқуына барса жақсы болар еді..." - деп ойлады. Шымкентте жүрсе біреулер қағытып əкете ме деген ойы еді ол. Мұнда қыз алып қашу деген азап бар ғой... 

Күндер өтіп жатты. Əр түнде ұйықтар алдында жауынгер жігіт сылқым сұлудың суретіне қарап бір сүйсінбесе ұйықтай алмайтын еді. Қазір де қарап отыр. Көз алдына суретке жан бітіп, "Қалқатайы" алдына келіп қалғандай болды. 

- Қайдан жүрсің? - деп қызды көріп қуанып қалды. 

- Саған келдім, - деп елес еркелей күлді. 

- Келгенің қандай жақсы. Сағындым ғой сені, еркем! - деп қызға жақындамақ болды. Бірақ елес оған көне қоя ма? Əп-сəтте бейне жоқ болды. Сарбаздың көңілі түсіп қалды. "Жағдайың, расында, жақсы ма?" - деп күмəнмен ойланып, суретке қарады. 

                      * * * * *

Қыс еді. Студенттердің бəрі демалысқа ауыл-аймағына кетіп жатты. Бұл Ерке қыз да ауылға келген. Бекер-ақ келген... Жігіттің күдігі бекер емес-тін. Сүйген сұлуын шырылдатып өзге біреу алды да, кетті. 

Бəрі де оған орамал саламыз деп əуре. Қыз көнер емес. Елге асығып келгеніне өкінді сонда. Кетейін десе, салттан аттай алмайды. Батылы жетпеді. Жылаудан басқа шара жоқ. 

                        * * * * * 

Сарбазға тағы да хат келді. 

"Сүйіктім! Ендігі əрі сені олай атай алмайтыным қандай өкінішті... Мен бұлай болғанын қаламаған едім. Бірақ тағдырдың жазуы сол болса, көнбеске шара бар ма?! Мені алып қашып кетті. Мен есік көрген қызбын. Кетемін десем де, мені сенің туыстарың қабылдамас еді. Мен осы босағада қалатын болып шештім... Қаһарманым, өз бақытыңды табуыңа тілектеспін! Кеш мені!..." 

Сарбаз меңіреу адамдай хатты ұстаған күйі бір орында қалшиып қалды. Оның да еш амалы жоқ еді. Сүйгені басқаша болғанын қаласа, ол қайтсін?! 

                             * * * * *

Арада айлар өтті. Жауынгер елге оралды. Анасы көршіден қазан сұратып жіберіп еді....  Сүйгенін көрді. Өзгенің жары болып, көрші үйдің келіні болыпты. Жүрегі шым етті. Екеуі бір-біріне ұзақ қарап тұрды. Соңғы қоштасудағыдай...

"- Неге?"

"- Білмеймін".

" - Не үшін қалдың?"

" - Сен үшін..."

" - Мен үшін? Бұның маған не пайдасы бар деп ойладың, ақымақ қыз?"

" - Мен енді сен үшін баяғы қыз емеспін".

" - Кешір... Кешіріңіз!"

" - Сен де мені кешір!"

- Қазан бере тұрыңызшы! - Бұл сөз бұрынғы "Қалқатайдың" жүрегіне оқтай қадалды. Сіз дейді... Енді бұл екеуінің мүлде бөтен адам екендігін білдіреді ме?!

Бозбала басқа қалаға кетті. Бəрін ұмыту үшін өткенін тастап кетіп қалды. Бірақ ешкімді сүйе алмады. 

                   * * * * *

Арада жылдар өтті. Қалада өрт сөндіруші болып істейтін бұрынғы ғашық жігіт еңбек демалысын алып ауылға келді. Бұрынғыдай емес, лаулаған сезімдер басылған. Бірақ ол əлі де соны сүйеді. Ал оның екі ұлы, бір қызы бар.

Түн. Жігіт ұйықтай алмады. Жазғы түнгі аспанды тамашалап далада ойға шомып отырды. Кенет, мұрнына түтін иісі келді. Көрші үйден "Құтқарыңдар! Өрт, өрт!" - деген дауыстар естіліп жатты. 

Жүгіріп барып, бəрін тысқа шығарып, құтқарып жатты. Бір кезде далада тұр еді, ескі ғашығы:

- Айша! Айша! Қызым! - деп жылап жатты. - Айша өрт ішінде! 

Жігіт шыдап тұра алмай лаулаған өрт арасына кіріп кетті. Іздеп жүріп, жалынмен арпалысып, кішкентай ғана қызды тауып, алып шықты. Бірақ өзінің киімдеріне өрт тиіп, өзі өртеніп бара жатқан еді. 

                             * * * * *

Аурухана төсегінде жатқан жігіттің жанында бұрынғы "Қалқатайы" жылап отырды. Жігіт көзін ашқан соң, оның қолынан ұстап:

- Қалқам! - деді. - Жылама! Сенің сұлу жүзің күлуге ғана лайық! - деді. 

- Мен сені жақсы көремін! - деді ол жылап. 

- Мен де! Қызың өзің сияқты сүйкімді екен! Бақытты болыңдар! - деп айтуға ғана мұрша берген жауынгер жүрегі бірер секундтан соң тоқтап қалды. Денесінің жетпіс пайызын шарпыған оттың басым бөлігі сүйіспеншілік пен сезім өртінен пайда болғанын жауынгерден басқа ешкім де білген жоқ. 

Жауынгер жүрек сүйді, сүйіп жатыр, əлі де сүйеді... Өзі тоқтаса да, сүюін тоқтатпақ емес.

                     Соңы!

 



Бөлісу: