Жансеріктің ақ аюлар мекеніне саяхаты

Жансерік таң қылаң бере оянып жан-жағына қараса әжесі қасында жоқ екен. Төсектің аяқ жағында мысығы ұйықтап жатыр. Көрпесін ақырын ашып мысығын қойнына алды. Кәрі мысық ұйқысын әрең ашып, Жансеріктің қойнынан ытқып шығып кетті. “Жып-жылы көрпеден неге қашады?” - деп ернін шүртитті де, өзі де соңынан тұрды.

Мамырдың салқын таңы. Бұл үйде атасы үшеуі ғана тұрады. Есін білгелі әжесінің иісі сіңген көрпені жамылып, тәтті түстер көреді.

Дәлізге шығып қараса әжесі сүт тартып отыр екен. Ақырын келіп қасына жайғасты.

-       Құлыным сол, ботақаным, жалғызым, жаным, тұрдың ба? - деп әжесі айналып толғанып жатыр.

Сүт мәшинеден аққан қою тәтті қаймақты көріп сілекейі шұбырып кетті. Нанмен бір кесе қаймақты төңкере сап, далаға жүгіріп шықты. Атасы жылқыларға су беріп, құдықтың басында жүр. Жансерікті көріп қатқыл жүзінің әжімдері таралып, аса мейірлене қарады.

-       Абайла, балам, тай теуіп кетпесін. Менің қасымда тұр, - деп ескертіп қойды.

Жансерік атасы мен әжесін көріп, енді бақшасындағы көкөністерін түгендеп алмақ:

-       Армысың, алып қырыққабат! Саумысың, сәнді қызанақ! Бармысың, тәтті қауын! Жайнай түс, алып алма ағашы!

Жансеріктің бұл тілегін естіп бақшадағы көкөніс пен жеміс ағаштары еңсесін көтеріп, қалың ұйқыдан оянып, әдемілене түскендей болды.

Енді Жансерік көрші құрбыларын іздеуге кірісті. Бұл көшеде үш үй ғана тұрады: Әділбектің ақ үйі, Жансаяның қызыл кірпіш үйі мен Жансеріктің көк үйі. Үшеуі ажырамас дос, не көрсек де бірге көреміз деген серті бар. Араларынан қыл түгіл, тозаң да өтпейді.

           Үшеуі көшенің ортасында кездесіп бүгін не ойын ойнайтынын талқылады. “Қуаласпақ”, “Тығылмақ”, “Соқыртеке”. Ешкім де ойнағысы келмеді.

-       Шынымен ойнайтын ештене қалмағаны ма сонда, - деп ойланып қалды Жансая.

-       Олай емес, әлемде біз білмейтін ойындар көп. Атам айтатын: «Әлемде қанша адам болса, сонша ойын бар!» деп», - деді Жансерік.

-       Айтпақшы, кеше қаладан әпкем келді. Маған түрлі түсті суреті көп кітаптар алып келді. Қазір алып келейін, үшеуіміз отырып сурет қарайық одан да, - деді Әділбек.

             Әділбектің кітабы өте ауыр екен, көлемі жағынан, тіпті он жастағы баланың құшағына әрең сыяды. Ғажайып кітап беттері түрлі жан-жануарлардың суретіне толы екен. Кейбіреуі жойылу қауіпі бар, кейбірі жойылып кеткен, қорғауға алынғаны қаншама! Жансеріктің көзіне ақ аюлар түсті. Маймаңдап, ырғалып жүруі, аппақ қонжықтарының тоңқалаңдап құлағаны, аналық аюдың балық аулағаны, бәрі айнытпай түсіріліпті. «Ех, осыларды  бір сәтке болса да көрсем ғой, шіркін» деп күрсініп қойды.

Ал Арктиканың мәңгі мұздықтарын мекендеп жүрген ақ аюлар, әлемнің екінші шетінде орналасқан елде кішкентай Жансеріктің тілегін алыстан құлағын шалғандай еді. «Қазір емес, бірақ, көп күтпей орындалады», - деп аналық аю іштей тілек тілеген, ал Жансерік бұны естімесе де, бар ынтасымен ақ аюларды көруге асықты. Түнде ол аппақ мұз үстінде балық аулап жүрген ақ аюлар, қасында ойнақтаған қонжықтарды елестетіп жатып, ұйықтап қалды.

Тонтықайдың әңгімесі

           Біз бәріміз тату-тәтті ғұмыр кешіп жаттық. Менің екі інім бар еді, әкем айлап теңізге кеткенде, анам бізге қамқор болатын. Інілерімнің  аты Бәйду мен Нәнду.. Үшеуіміз аю терісін жамылып, теңіз қарақшысы болып ойнайтынбыз.  Анам: “Алысқа барсаңдар, алып ақ аю сендерді алып кетеді” - деп қатаң ескерту жасайтын. Бір күні үйімізге қайғы орнады, әкеміз теңіз түбіндегі Өлі-Тірі әлеміне қамалып қалыпты. Әкемнің бұлай кетіп қалғанына сенгім келмеді, не қылмақ керек енді деп ойланумен болдық. Шешеміз бізді тастап әкемізді құтқармаққа бел буды. Алайда зұлым күштер анамызды да шырмауына түсіріпті.

Арада бірнеше күн өткенде үй маңына алып ақ аю келді. Сөйтсе су түбінде жатқан ата-анамыздың сәлемдемесін айта келіпті. Оның айтуынша әке-шешемізді құтқарудың бір-ақ жолы бар. Ол үшін Қызыл- Жасыл орманда өсетін қасиетті мама ағаштың алтын жапырағы мен екі өркешті жануардың бір тамшы қаны қажет. Сол кезде ғана ата- анамыз теңіз түбінен құтылып, бізбен бірге болады.

Ақылды да мейірбан досым, сенің алыста екеніңді білсем де бізге көмектесетін ниетің бар екенін сеземін. Ата-анамызды босатуға көмектесе көр. Сенің бұл жақсылығыңды ешқашан ұмытпаймыз деп уәде беремін. Сенімен тек түс арқылы байланыса аламын. Келесі кездескенше!

Қызыл-Жасыл орманды іздеу

Күйелешпен кездесу

           Жансерік түрлі түстер көріп шошып оянды. Түсіңде өзі қатарлы бала анасын жоғалтып алғаны туралы айтыпты. Бұны алдымен Әділбек пен Жансаяға хабарлау керек деп ойлап, үйінен жүгіріп шығып кетті.

-       Мүмкін емес, кеше көрген суреттер қатты әсер еткен шығар, әйтпесе Жер шарының аноу бетіндегі балалар қайтсын сені.

-       Олай емес, мен түсімде көрген адамдар анық бар. Алдымен бізге Қызыл-Жасыл орманды табу керек. Екі өркешті жануар деген түйе шығар?!

-       Солай болуы мүмкін, - деді Әділбек. - Онда оның жарасы жеңіл. Сенің аулаңда жүрген түйелердің біреуінен бір тамшы қан алсақ жеткілікті.

-       Жақсы, ал орманды қайтеміз?

-       Жүр, кітаптан қарап көрейік тағы.

Жансерік, Әділбек және Жансая үшеуі жер шарының екінші шетіндегі балаларға көмектеспекке бел буды. Әке-шешесіз қалуды Жансеріктен асып түсінетін бала жоқ шығар.

     “Қызыл-Жасыл орман - жер шарының орта белдеуінде орналасқан. Бұл белдеудің өзіндік ерекшелігі сол - қысы ыстық, жазы қоңыржай, көктемі аяз, күзі жылы. Орманда өскен түрлі ағаш пен өсімдіктен көз тоймайды. Қауіпті жәндіктерден улы шаян мен ысылдақ жылаң, бадырақ тиін мекендейді. Оларды адам жолықтырмағаны абзал. Жолықтырған жағдайда бұл жыртқыштарға жем болуы мүмкін”.

Үшеуі кешкісін жүгін жинап, таң ата жолға шығуға келісті. Үлкендер бұл әңгімеге сенбейтінін біліп, ештене деп ескертпестен сапарға аттанып кетті. Жансерік әжесі мен атасы қатты уайымдайтыны есіңе түсіп көңілі босап, “Батырлар берілмейді, батырлар жыламайды” десе де көзінен мөлдір жас домалап кеткенін байқамай қалды.  Жансая жол бойы көңілді әндер айтып, күлдірумен болды. Жансерік пен Әділбекке Жансая олардан гөрі батылырақ көрінді, жолда кездескен түрлі жәндік пен кесірткелерден оп-оңай аттап, секіріп өтіп, ширақ қимылдап келеді.

-       Жігіттер, сендерге не болды? Алысқа шығып көрмеген соң қорқып келемісіңдер? - деді Жансая.

-       Жай, әшейін…- деп күмілжіді Жансерік.

-       Қайдағы қорыққан… Тек… - деп жерге қарады Әділбек. Екеуінің жауабына Жансая сықылықтап күліп жіберді.

-       Сен ше? Алысқа кетіп барамыз, бұл сапардан үйге қайтамыз ба, жоқ па, белгісіз? Несіне жетісіп ыржалақтай бересің? – деді Әділбек.

-       Менің бұндай сапарлардан тәжірибем мол. Әкеммен қой бағуға шыққанда талайын көргем. Тіпті бір жолы аш қасқырға жолығып қалдық. Әкемнің сонда шайқасқанын көрсең ғой. Қолында бесатар мылтығы бар, “дүңк” еткізгенде әлгі қасқырымыз алды-артына қарамай зыта жөнелді, - деп мақтанып қойды Жансая.

-       Ымм… Мықты екенсің онда.

-       Енді ше? Қыздар жылауық деп кім айтты, керек десең біз сендерден де ақылдымыз, батылмыз!

Жансерік бұл екеуінің әңгімесіне араласпай алысқа қарап қалды. Күн батуға тақап, алып жұлдыз қызарып барады. Далада қыбырлаған жәндік жоқ, тек үп еткен майда самал соғып тұр екен. Жұп-жұмсақ самал кекілін сипап, әжесінің “Ботам” деген сөзі естілгендей болды. Қараңғы батар шақта күбірлеп дұғасын оқып жатушы еді әжесі. Қазір бір ауыл боп үшеуін іздестіріп жатқан шығар. Қайтсе де алған бетімізден қайтпай, діттеген жерімізге жету керек. Үшеуі от жағып, ұйықтауға дайындалды. Өздерімен бірге алып шыққан картопты шоққа қуырып, тамақтанып алды.

Айнала тым-тырыс, тыныштық. Түн ортасы ауа тысыр еткен дыбыстан әуелі Жансерік оянып кетті. Қараса, оттың басында беті күйе-күйе бір бала отыр. Жасы өздері құралпы, тек мойны ырғидай ұзын, аяқ-қолы тырбиған біреу екен. Қалың ұйқыдан көздерін әрең ашқан Әділбек пен Жансая да таңырқап қалыпты.

-       Мен сендер іздеп жүрген орманды білемін. Сендерді сонда апара аламын, тек маған мына дәмнен берсеңдер болды, - деді ол картоптың қалдығына нұсқап.

-       Тұра тұр, күйеге аунап шыққан сен өзі қандай баласың? - деп таңырқады Жансерік.

-       Мен анау төбенің басында отыратын қарауылмын, атым Күйелеш, -  деді шығыс жақты нұсқап. – Мен отыратын төбенің астында жасырын жерасты жол бар, сол Қызыл-Жасыл орманға апаратын ең қысқа жол. Маған сенсеңдер, алып барайын.

Балалар ертеңгі күні қайда барарын білмей тұрған еді: бірден келісе кетті.

- Таң атпай тұрып жетіп алмасақ, іздеген ормандарыңа жете алмай қаласыңдар, - деді Күйелеш.

    Үшеуі жамырап Күйелештің артынан ілесіп барады. Мойны ырғидай, аяқ-қолы тырбиған, тырнақтары да сояудай, шашы қайратты тікірейіп тұрады екен. Үстіне ілген жұқа, шұрық тесік шапан мен тізесі тозған шалбар. Жансая ішінен “Бұндай да бала болады екен-ау” деп тыжырынып қойды.

-       Сендер жолға шықты деп Тонтықайдан хабар алдым. Олар сендерді күтіп отыр. Кезінде Тонтықайдың анасынан көп жақсылық көріп едім, енді міне сол қарызымды қайтаратын кез  келіпті.

-       Сонда сендердің әлемдеріңде “өлім” деген жоқ па? - деді таңырқаған Жансерік.

-       Бізше адам ешқашан өлмейді, ол Өлі-тірі әлемге аттанады. Егер адам біреудің қолынан қаза тапса екі әлемнің ортасында қалып қоюы мүмкін. Тонтықайдың ата-анасы да сол екі ортада тұрып қалған секілді. Сол үшін тіршілік белгісі қан мен жапырақты қосып, арнайы дұға оқу керек. Сол сәтте адам жаны тәніне қосылып, өмірі қайта жалғанады.

-       Мәссаған! Фантастика! Бұларды біз тек қиял-ғажап ертегілерден ғана оқыдық қой! - деді Жансая.

-       Сендер іздеген орманда Жылтырақтар өмір сүреді. Жылтырақтар күндіз көзге көрінбей тек түнде өмір сүреді. Абай болыңдар, оларды ашуландыруға болмайды, - деп Күйелеш бар білгенін айтып жаттты.

 Бұлар келген төбе орасан зор мысыр пирамидаларына ұқсайды екен. Тек төбесі үшкірленбей, дөңгелене бітіпті.

-       Ал әрі қарай мен бара алмаймын. Мына есіктен кірсеңдер, ұзын даңғыл жол бар. Сонымен жүре беріңдер, алдарыңнан алтынмен апталған қақпа шығады. Сол қақпа Қызыл-Жасыл орманға жол бастайды, - деді Күйелеш.

Балалар Күйелешке жолға алып шыққан картоптың жартысын бөліп берді. Күйелеш есікті айқара ашып балалармен қоштасты.

Қиял-ғажайып Қызыл-Жасыл орман

Қызыл-Жасыл орманның басқа ормандардан ерекшелігі жапырақтарында еді. Жапырақтарының түсі қою қызыл, кей жері жасыл, ал тұрқы дөңгелек, үшбұрыш, төртбұрыш еді. Қолдан жасалған бұйымға ұқсаған жапырақтарды балалар қызықтап біраз жүрді. Тонтықай айтқан мама ағаш көзге көрінер емес. Әуеде кішкене шыбынға ұқсаған жәндіктер ұшып жүр, бірақ бұлардың ызыңы ерекше музыка секілді естіледі. Орманда жәндіктерден басқа ысылдақ жыланды да жолықтырып қалды.

-       Мынадай сүйкімді жылан да болады екен-ау, - деп шаттана қуанды Жансая.

-       Шақпайтын да сияқты өзі, - деді қолына алып жатып, Жансерік.

-       Мә, ұстап көрші,- деді Әділбекке ұсынып жатып.

-       Туүй, мынау мысық сияқты еркелейді ғой өзі, бұл орман өзі қызық екен, - деді Әділбек жыланды сипап тұрып.

-       Жә, біздің міндет басқа, алға қарай жылжи берейік. Біз тіпті

мама-ағаштың қандай болатынын да білмейміз, - деді Жансерік.

-       Меніңше, ол жапырағын кеңге жайған мәуелі ағаш. Тек жапырақтары геометриялық пішінде болса керек, - деді Жансая. Бір кезде төбелерінен аса қатты жылдамдықпен бірдене ұшып өтті. Балалар есін жиып үлгергенше ағаш басынан қатты жаңғақтар жерге қарай ұша бастады. Біреу лақтырып жатқан сияқты. Әділбектің маңдайына тарс етіп бір жаңғақ құлап, ортасынан бөліне қалды.  Ағаш басына бажайлап қараса бадырақ тиындар топырлап жүр екен. Бұлар ұямызға қауіп төндіріп тұр деген күдігі болса керек, қорғану шебіне тұрып алыпты. Жансерік бадырақ тиындарға былай деп тіл қатты:

-       “Аса құрметті тиындар, біз сендердің ұяларыңа тиіспейміз. Тонтықай деген баланың анасын құтқару үшін, алтын жапырақты мама-ағашты іздеп келеміз. Ары қарай жүруге рұқсат беріңдер!” – деді. Бадырақ тиындардың біреуі тұрып:

-       Тонтықайдың анасы бізге көп жақсылық жасаған еді. Бізден мына жаңғақтарды балаларына алып бар. Жолдарың ашық болсын! – деп, шығарып салды.

Балалар белгісіз бағытта алға жылжи берді. Ұзақ жүрістен табандары тозып, аяқтары талайын дегенде алдырынан ұшар басына көз жетпейтін ағаш кездесті. Жапырақтары басқалардай емес, кәдімгі ағаштың жапырағына ұқсайды, ал діңі кедір-бұдыр, саясына құмырсқаның ұясындай құмтөбелер үйіліп қалыпты. Балалар “Біз іздеген ағаш осы болар деп” қасына тоқтады.

-       Енді қайтеміз, жапырағын алу оңай болмас. Оған қол жеткізу үшін қанаты бар құс болу керек шығар, - деді Әділбек.

-       Ойлану керек, қазір бір амалын табамыз, - деді Жансая жан жағына көз тастап. - Таптым! Жансерік сөмкеңде арқан бар еді ғой, сонымен өрмелеп шығуға болады. Алдымен мына талдың үстіне шығуымыз керек.

Жансерік сәл кішілеу тұрған талға шығып, арқанды ағаштың үстіне тастап жіберді. Арқан үшінші реттен ғана жуан бұтаққа оратыла кетті.

“Иә, сәт!” деп мама-ағашқа өрмелей бастады. Төменнен бәрі оңай көрінгенімен, ұшар басына шығу қиын екен, ағаштың кедір-бұдыры алақанның терісін қажап, ауыртып барады. “Жансерік, қолыңнан келеді!”, “Қорықпа, бауырым!”  деген сөздерді естіп, ернін жымқыра тістеп, алға ұмтыла берді. Бір сәт аяқ киімі тайып, құлап кете жаздады. Үстіне белгісіз бір ұсақ жәндіктер өрмелеп бара жатқандай болды, қараса кәдімгі құмырсқалар екен. Мойны мен құлағы, мұрнының ішіне кіріп мазасын ала берді. Әлі де жетер емес, Әділбек пен Жансая ноқаттай боп қалды. Дауыстары да бұрынғыдай емес, еміс-еміс қана естіледі.

Міне, бір-екі қадам. Ұшар басына да жетті-ау!

Бұл жерден бәрі басқаша көрінеді екен. Қызыл-Жасыл орман, шынымен, көрген жанды тәнті етерліктей: түрлі пішінді жапырақтар желмен гулеп, сылдырлаған дыбыстар естіледі, бір бірін қуалап өскен ағаштардан көз талады. Бұл орманның шегі жоқ секілді. Осындай ғажайып өсімдіктер өсетін бұл қандай мекен?! Күн де батып барады, тезірек алтын жапырақтарды алып, төменге түсу керек. Алайда, төменге түсу өрмелеуден оңайырақ көрінді.  Жансерік бірер сәттен соң жерге топ ете қалды.

“Қалай екен? Не көрдің?” деп Жансая мен Әділбек сұрақтарын жаудыртып жатыр. Жансерік қалтасынан алтын жапырақтарды алып шыққанда қараңғылана бастаған дала жарқырап кетті.  “Мәссаған! “Қандай әдемі! Шынымен алтыннан жасалған ба өзі?!”

Үшеуі жапырақтарға қарап таң тамаша боп тұрғанда, бұл орманда баяғыдан өмір сүретін Жылтырақтар бұларды қоршап алған еді...

Жылтырақтар патшалығы

“Біздің жерге рұқсат сұрамай баса көктеп кіргендерді қатаң жазалау керек! Онымен қоймай қасиетті ағаштан алтын жапырақтарымызды ұрлап, біздің заңымызды бұздыңдар! Сендерге еш кешірім жоқ!”

Осындай ұранмен, жылтырақтар үшбұрыш қалпақтарын шошайтып, бойлары екі жасар баланың бойымен бірдей, шәңкілдеген дауыстары айналаны жаңғыртып барады. Шапандары қараңғыда жылтырап, кебістері сықырлап қалың орман ішіне еніп барады. Бұлармен бірге кетіп бара жатқан Жансерік, Әділбек пен Жансая. Патшаларына бар жағдайды түсіндіріп, кешірім сұрамақ ойы бар.

-       Күйелештің айтқанын тыңдап, ширақ қимылдауымыз керек еді. Жылтырақтардың қолына түссеңдер, оңбайсыңдар” деп ескерткен,  соны тыңдамаған өзімізден көрейік. Тонтықайдың анасын енді құтқара алмаймыз!” - деп Әділбек ызаланып келеді.

-       Жә, бір амалын табамыз, уайымдамаңдар, - деді Жансая.

-       Жансая дұрыс айтады, осыған дейін бар қиындық пен алыс сапардан аман шықтық. Бұдан да құтыламыз! – деп, Жансерік те жігерлендіріп қойды.

-       Ұлы мәртебелі патшамыз! Бұл жатмекендіктер жерімізге рұқсатсыз кіріп, аса қасиетті алтын жапырақтарымызды қор қылды. Бұларға қандай жаза қолданбақшысыз?! Әділетін өзіңіз айтыңыз - деді ақ сақалы бар жылтырауық. Шамасы патшаның уәзірі болуы керек.

-       Жә, алдымен бұлардың неге келгенің білуіміз керек. Жөндеріңді айтыңдар, кәне! - деді патша зілді дауысымен.

Жансерік бар жайды түсіндіріп берді.

-       Ыһм, анасыз қалу қиын... Менің де жасым төрт жүз беске келсе де ата-анамның қасымда болғанын қалаймын. Кейде өзім де ешкім жоқта шешеме еркелеп аламын. Бұл істерің құптарлық екен. Зырылдауық, бұлардың қолдарындағы кісеңді шешіп, қонақ қылыңдар!

-       Ләппай, ұлы мәртебелім! - деді жастау келген жылтырауық.

Расында Жылтырауықтар патшалығы Күйелеш айтқандай аса қорқынышты болмай шықты. Балаларға бұлардың есімдері де қызық көрінді: Зырылдауық, Саңқылдауық, Шәңкілдек, Дүңкілдек, Дарылдақ, Жалпылдақ, Барқылдақ, Солқылдақ, Тоңқылдақ… Жансая әр жылтырақпен танысқан сайын күле берді. Кешкі асқа бұқтырылған асқабақ пен қырыққабат, түрлі жаңғақ ағаштарының жемісі мен тәтті жеміс-жидектер қойылды. Балалар өміріңде бұндай дәмі тіл үйіретін тағамдарды жеп көрмегенін айтып таңғалысты. Жылтырақтар көкшіл келген жемістен дайындалған сусын ішіп, ән айтып, билеуге кірісті. Бұндай көңілді кештен бәрінің көңілі көтеріліп, бір сергіп қалды. Балалар бірнеше күнгі шаршағанын басып, ұйқысын қандырып, күш жинауы керек еді.

Тонтықай тағы да Жансеріктің түсіне кірді:

“Аяулы достарым! Тездетпесеңдер, жағдай ушығып барады, кіші бауырымыз Нәнду ауырып қалды. Оған тек анамыз ғана көмектесе алады. Сендерге айтпаппын ғой, алтын жапырақтар біздің мекенге тез жеткізеді. Бар болғаны көздеріңді жұмып, барар мекен туралы ойласаңдар болды”.

Балалар таң атысымен жолға қамданды. Бүкіл Жылтырауықтар патшалығы жиналып, сыйлы қонақтарын шығарып салуға дайындалды. Дорбаларына азық-түлік пен сыйларын салып жатты. Көп болмаса да жылтырауықтар патшалығы қимастықпен қоштасты. Кетерінде патшасы тағы да қонақ боп келуге шақырып, батасын берді.

Балалар жүгін жинап болған соң бір сәтте қол ұстасып көздерін жұмды.

Ақ аюлар мекені

Тоңтықайдың анасын құтқару

       Көздерін ашқан сәтте ақ аюлар мекені, белгісіз мұхиттың мұз басқан жағалауына тап болды. Үшеуі де бұл ғажайыптың шын мәнінде болғанына сене алар емес. Әділбек пен Жансая жағаның арғы бетінен бергі шетіне дейін қуана жүгіріп жүр. Жансерік жағадан тым алыста қопандаған біреудің келе жатқанын көрді. Жақындап қараса, қалың тон мен тымағын киген, шыңылтыр аяздан беті қызарған сүйкімді баланы көрді. Ол бірден Тонтықайды тани кетті.

“Алақай!”, “Жансерік, сені бірден таныдым!”, “Ехей, сәлем!” деген қуанышты дауыстар алыстан естіліп тұрды.

-Тездетпесек бауырым да Өлі-тірілер мекеніне аттанып кетуі мүмкін. Қане! – деп, Тонтықай қолын созды.

Жансерік қалтасынан алтын жапырақтар мен кішкентай шыны құтыға құйылған қанды алып шықты. Тонтықай өзімен бірге алып келген жез табаққа алтын жапырақтарды қойды, сосын үстіне құтыдағы қанды тамызды.

-Ал енді төртеуіміз қол ұстасып, менің айтқанымды қайталайық! – деді Тонтықай.

“Уа, аса құдіретті Мұз теңіз, Өлі-тірі мекен! Қапаста қалған жазықсыз ата-анамызды босата көр! Босата көр! Босата көр! Босата көр!”

Балалар осылай қол ұстасқан күйі дұға оқып тұрған сәтте, мұз теңіз ернеуінен көтеріліп, екіге жарылды. Теңіз түбінен екі адам көрінді. Белгісіз күштер оларды жер бетіне шығарып, олар бері қарай жүргенде ғана Тонтықайдың ата-анасы екені белгілі болды.

-       Біздің кішкентайымыз сондай батыр екенін, білмеппіз, - деп екеуі балаларын құшақтап жатты. Бұл жылы сәтке куәгер болған Жансерік пен Әділбек, Жансая үшеуінің қуанышында шек болмады.

Тоңтықай кіші бауырының ауырып жатқанын айтқан соң анасы дереу үйге қарай жүгіріп кетті. Енді бірер минутқа кешіккенде Нәндуді құтқару мүмкін емес еді. Тонтықайдың анасы дереу от жағып, табаға май қыздырды, үстіне хош иісті шөптер салды. Сөйтіп баласын түгел осы маймен сылап тастады.

-       Ал енді ұйықтай ғой, балам.  Ертең жазылып кетесің, - деп мейірлене маңдайынан сүйді.

Үш дос, балалар ата-анасының қасында болғанына, оларды қапастан құтқарып алғандарына әлі де сене алмай жүр.

-       Рұқсат болса, біз өз елімізге қайтайық, біздің де ата-анамыз қатты уайымдап жатқан болар, - деп өтініш жасады Жансерік.

-       Батыл қонақтарым, сіздерге алғысым шексіз! Барар жерлеріңіз тек бақытқа толсын! - деді Тонтықайдың әкесі.

Үшеуі бір сәтте қол ұстасып, көздерін жұмды.  Ашқан сәтте өз үйлерінің ауласында отыр екен. Ештене өзгермеген сияқты, ту алыстан өрістен қайтқан малдың дауысы естіледі, абыр-сабыр ауылдың тірлігі. Бастарынан өткен оқиғаның бәрі әп сәтте болмағандай көрінді. Тонтықай да, Күйелеш те, Жылтырауықтар да көрген түстей еміс-еміс ұмытыла бастады. Тек ендігі сәтте олардың көздеріне, алдында жатқан кітаптағы ақ аюлар жымиып қарап тұрғандай...



Бөлісу: