Жаңбырлы кеш... Сол кеште екеуі соңғы рет кездесіп еді. Ол күн әлі де ұмытылған жоқ. Көктемнің жаңбыры екеуімен қосылып жылап тұрғандай болып еді. Екеуінің жол айырыққа келіп тіреліп екі жолға бөлініп кеткен кеші. Бір-біріне ештеңе түсіндірмей, ұрсыспай еш себепсіз үнсіз ғана екі жаққа кеткен кеш. Бір-бірін қимаса да көзбен ғана қоштасқан кеш. Бір-бірін жақсы көрген екі адам осылайша екі жаққа кеткені қалай? деген сұрақ бөтенді қойып, екеуінің де көкейінде болған шығар сол кеште. Мүмкін соңғы кездесу екенін екеуі де білмеген болар, біраз уақыт өткен соң жолымызды біріктіріп аламыз деп ойлаған болар, бәлкім?! Бірақ екеуі де бір-бірін қайтаруға тырысқан жоқ... Сол кеш екеуінің соңғы кездескен кеші болды. Жаңбырлы кеш...Кім білсін, мүмкін қазір де әр көктемгі жаңбыр екеуінің есіне бір-бірін түсіру үшін жауатын шығар?! Себебі сол кештегі кездесуге көктемгі жаңбыр куә болып қана қоймай, екі адамның мұңын бөліскендей болып еді...