Жақсы ит өлігін көрсетпейді
блог
Қараша айының соңғы аптасы. Айнала ақ ұлпа қарға оранып, қысқа бізден бұрын дайындалып алған. Күрт-күрт еткен қардың дыбысынан басқа ештеңе естілмейді. Әншейінде, төбеңнен қарқылдап, миығынан мысқылдай күле қарайтын қарғалардың өзіне дейін үнсіз. Күн де екінтігі таянып қалыпты. Әкем екеуіміз көрші ауылдағы Ихсан көкеміздің үйіне барып бір қап бидай мен арпа әкеле жатқанбыз.
Біздің ауыл өзеннің арғы жағында орналасқандықтан, көпірден өтетінбіз. Бастапқы жай жүрісімізден танбай, бірқалыпты жүріп келе жатқан жерімізден құлағым кенет бір күшіктің қыңсылағынын естіп қалды. Арбадан секіріп түсіп, әлгі дыбыс шығып жатқан жерге тұра жүгірдім. Қаптың ішінде денесі дірілдеп, бүрісіп жатқан маңдайынан басқа жері қап-қара көмірдей болған күшікті көзім шалды. Менің қолымның жылуын сезіп, менен қорқудың орнына қайта, тығыла түсті.
- Шамасы, біреулер күшікті әдейі тастап кеткен сияқты, - деп әкем екеуміздің арамыздағы үнсіздікті мен бірінші болып үздім. – Әке..., - ішкі қалауымды оған сөзбен жеткізбесем де көзбен айтып түсіндіргім келгендей, ернімді тістеп, бір жауап күткендей оның жүзіне сұранышты түрмен қарап қалдым. Ол да мені түсінді ме, бетімнен қақпады. Бір күрсінді де, «алып жүр» деді.
Қуанышым қойныма сыймай, күшікті киімімнің ішіне салып алдым. Сөйттік те, екеуіміз ауылға тарта жөнелдік. Әкемнің күрсінуінің мәнісі бар еді. Өйткені, біздің үйімізде ит тұрмайтын: бірі суыққа шыдамай, үсіп өлсе, бірі ауырып, енді біреуі бүргелеп, сонымен не керек, соңғы екі жылда әкем үйге күшік әкелуін тоқтатты. Бірақ, үмітсіз шайтан деген бар емес пе? Бәлкім, көпірдің астынан тауып алған бейшара күшік тірі қалар? Біз жетеміз дегенше, төңірек те қараңғылана бастады. Аспаннан будақтаған түтіндерді көріп, іштей қуанып кеттім. Шаршап, шалдыққанымды арбадан түсе бере сездім.
Кішкентай күшікке сүт пен нан беріп, қораның ішіне байлап қойдым. Бұрынғы күшіктерге арнап жасалған ескі үйшікке байламадым. Ертесіне ағам Қасымжан екеуіміз Құтжолға арнап жаңадан үйшік жасадық. Әкем күшікке Құтжол деген есім берді.
Күн жылып, жер көрініп, көк шыға бастағанда ағам екеуіміз малды кезек-кезек бағатын едік. Құтжол менің жанымнан бір елі қалмайды. Мал қайырысып, көмектесіп жүреді. Қайда жүрсем де күшігімді өзіммен бірге ала жүрем. Ауыл адамдарының да бұған көзі үйреніп қалған. Құтжол қарны ашып, тамақ жегісі келіп тұрса, я иісшіл мұрыны үйден еттің иісін сезе қалса есіктің алдына отырып алып, кетпейтін еді. Құтжол енді күшік емес. 3-4 айдың ішінде домаланып өсіп шыға келді. Денесіне қарай тамақты да көп жейді. Аяқтары ұзын, құлақтары қалқайған, екі көзі тостағандай төбетке қызықпайтын адам қалмады. Итіңді сатшы деп келушілер көбейді. Бірақ, әкем олардың бетін бірден қайырып тастайтын.
Мен Құтжолға өзіме сенгендей сенетінмін. Жасым небәрі он екіде болса да ертеңгі күнімді қазірден бастап ойлап, жеті қазынамды жинаудың қамына кірісіп кеттім. Әкем мүшеліме тай сыйлағалы жатыр. Күн сайын ағам қаладан әкеп берген кітаптарды оқып ақылыма ақыл қосып жүрмін. Сенімді серігім – Құтжол жанымда. Ал, қалғандарына әлі ерте деді анам. Маған осылардың өзі де жетеді.
Қыстан аман-есен шыққан халық мал басын реттеп, түгендеп жүргенде жаздың қалай келгенін байқамай қалды. Біздің өлкенің ыстығы сұмдық. Әсіресе шілденің сәскесіне жан шыдамайды. Шеттен келген біреулер болмаса, біздің етіміз баяғыда үйренген. Шаңырағымыздың тағы бір адамға толысуын күтіп жүргенімізде аяқ астынан Құтжол жоғалып кетті. Бұл оның үйден бірінші рет қашуы еді. Жеңгем тұңғышына аяғы ауыр болатын. Үйдегілер оның асты-үстіне түсіп жүргенде мен Құтжолды іздеп сай-саланы кезіп кететінмін. Үшінші күн өтті-ау дегенде Құтжол үйге оралды. Қуанышымда шек болмады, алайда ол да ұзаққа созылған жоқ. Құтжол қыңсылап, ұлитынды шығарды. Бір жамандық боларын ішім сезді. Салғандай жеңгем де сол түні қызулатып төсек тартып қалды. Құтжол айға қарап ұзақ ұлыды. Бұрынғыдай жанарынан ұшқын байқалмайды. Көзқарасы мұңлы, маған тесіле ұзақ қарайды. Менімен үнсіз қоштасып жатқандай... Үйдегілер жеңгемнің жағдайын ойлап әлек болып түнімен көз ілмегенде, мен әкемнің сұсты өңіне қарамасстан Құтжолдың жанында түнеп шықтым. Таң бозарып, төңірек ояна бастағанда үйден баланың жылаған ащы дауысы шықты. Дереу орнымнан атып тұрып, үйге беттей бергенімде, кенет кіл бұрылып Құтжол жатқан жаққа қарадым. Орнында жоқ екен. Не істерімді білмей абдырап тұрғанымда үйден ағам шығып қалды. Арқасынандағы ауыр жүктен құтылып, өзі босанған адамдай бір түннің ішінде жүдеп кетіпті. Бірақ, соған қарамастан бақыттан балбұл жайнап, өзімен өзі бетін басып күле береді. Дүниеге шекесі торсықтай ұл келді.
«Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деп үлкендер айтып отырушы еді. Тым кішкентай болсам керек, сөздің парқын түсіне бермейтінмін. Итке қайда өлсе де бәрібір емес пе деп ойлайтынмын. Құтжол сол кеткеннен әлі оралмады. Оны іздеймін деп уақыттан да жаңылыстым. Жыларман күй кешіп келе жатып Құтжол екеуміз ойнайтын сайға қалай жеткенімді де аңғармаппын. Үлен жабайы алма ағашынан елу шақты қадам жерде бір қап-қара нәрсе ұзыннан созылып жатыр екен. Ішімнен Құтжол болмаса екен деп тілеп келем. Дереу жүгіріп, жанына жеттім. Жүрегім аузыма тығылып, көзімнен аққан жас бетімді шайып кетті. Айдалада ағыл-тегіл жылап отырмын. Құтжолдың суып қалған денесін кеудеме басып, маңдайынан сүйіп, сипаладым. Енді Құтжол бұл дүниеде жоқ деген ой миыма сап етті. Құтжолдың ақтық сапарында жанында болмағаным мені іштей жегідей жеп, жылаған үстіне жылай түсемін. Мені іздеуге шыққан ағам ауыл балаларынан менің үлкен ағашқа беттегінімді естіп, артымнан іздеп шығыпты. Үйге қалай жеткенім есімде жоқ. Үйдегілер маған аянышты жүзбен қарағаннан басқа ештеңе істей алмады.
Кейін білдім, Құтжол біздің кішкентай Сәбитті бір ажалдан аман сақтап қалыпты. Сәбитке көзім түссе еріксіз Құтжолдың бейнесі көз алдыма елестейді. Отбасымызға төнген қауіп-қатерді Құтжол бізден бұрын сезген екен ғой. Ит адамның нағыз досы деген осы екен-ау...